Бс, 05/28/2020 - 15:51
Жаңалықтар

Шағын алқаптан мол өнім алу – кез келгеннің арманы. Бұрындары 1 гектар жерден 300 центнер қант қызылшасын жинайтын шаруа бүгінде бұл межені 600-700 центнерге оп-оңай жеткізіп тастады. Алдағы уақытта бір тоннадан асыру жоспарда бар.

 

Әйтсе де, бұл көрсеткіштерге жері­міздің құнарлығынан ғана емес, хи­мия­лық тыңайтқышты аямай пайдалану нәтижесінде қол жеткізіп жүргеніміз белгілі. Осыдан кейін дәріге ула­нып, құнары сарқылған топы­рақ­тың жыл сайын күйі қашып барады. Тіпті қара жерге әл беретін сан түрлі өсімдіктің де тұ­қымы тұздай құрып кетуі ықтимал.

Топырақ сан түрлі элементтің қоспа­сынан тұрады. Олар әркелкі болған­дықтан топырақтың да түсі, құрамы, құнары да әртүрлі. Жер шарының бір жері керіш, бір жері құмды, енді бір атырабы құйқалы болуы осыдан. Қазақстан қоңыржай белдеуде, жерінің көп бөлігі сулы-керішті, қара топырақ аралас.

Менделеев кестесіндегі эле­менттердің барлық түрі табы­латындығы жеріміздің бәрі бір­дей егін шаруашылығына қолайлы дегенді білдірмейді. Мұны ертеден сезген бабаларымыз егін ғана емес, мал ша­руашылығы да тиімді екенін байқап, төрт түлікті мыңғыртып өсірген. Өйткені сулы-керішті топырақты аймақтарда өсетін өсімдік, шөптердің құрамындағы улы заттың мөлшері мейлінше төмен болады.

Өткен ғасырдағы тың игеру кезе­ңінде Қазақстанның көп бөлігі егін шаруа­шылығына бе­йімделді. Есесіне, жайылым тарылды. Ал тәуелсіздіктен кейін кеңшар, ұжымшарлардың тарап кетуіне байланыс­ты егін алқабының көлемі та­рылды. Оған техниканың жетіс­пеу­шілігі де себеп болды. Сон­дық­тан аз алқаптан мол өнім алу науқаны белең ала бастады. Бұл негізінен қытайлық тә­жірибе негізінде жүзеге асты.

Қытайлар жер жетіспеушілігі және су тапшылығына байланысты осындай әрекетке бар­ған. Ол үшін сан түрлі хи­миялық тыңайтқыштарды ойлап тапты. Есесіне, жердің құнарсыздануы мен топырақтың тозуын үдеді. Оның үстіне ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін жан қинамай пайдаға белшеден бататын майбұршақ сияқты жер қуатын сорып алатын дақылдарды көптеп егіп, алқаптарды тоздырып алды. Міне, бүгінгі таңда көрші ел сортаңға айналған алқаптарын тынықтырып, ал диқаншылығын Орталық Азия мен Ресейдің кең жазық даласында жалғастыруға көшкендей...

 

Иә, осылайша бір жағы­нан қамбамыз дәнге толға­ны­мен, екінші жағынан да­ла­мыз шөлге айналып барады. Еліміздегі алқаптарда кө­біне шетелдік тұқым мен ты­ңайтқыштар қолданылады. Әлемнің әр жерінің топырақ құрамы бір-біріне ұқса­майды. Демек, шетелдік тұқым мен ты­ңайтқышты қолданғанда абай болған жөн. Бұл мәселеге келгенде сарапшылардың пі­кірі екіге жарылады. А.И.Бараев атын­да­ғы астық шаруашылығы ғылыми өн­ді­рістік орталығындағы ауыспалы егіс зерт­ханасының меңгерушісі Алдаберген Қияс топыраққа арнайы зерттеулер жүр­гізілетінін айтады.

– Жыл сайын танаптардан топырақ үлгісі алынып арнайы агрохимиялық қызметке жіберіледі. Онда химиялық талдау жасалып, топыраққа не қажет, не жетіспейтініне байланысты ұсыныстар беріледі. Жалпы Ресей мен Беларусьте дайындалатын минералды ты­ңайтқыштар біздің елдің климатына да, жер бедеріне де сәйкес келеді. Қазіргі қол­да­­ныстағы минералдық ты­ңайтқыштар топыраққа аз мөл­шерде енгізіледі. Соңғы деректер бойынша әр гектарға 5-7 килодан аспайды. Әрине, мөл­шерін көбейту керек. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бізде минералдық тыңайтқыш жеткілікті. Тек аталған елдерде бағасы нарықтағыдан сәл төмендеу, – дейді сарапшы.

Алайда бұл толғақты пікір­мен экология­ны тереңірек зерттеп жүрген Қажет Андас келіс­пейді. Ол отандық тыңайт­қыш­тардың орны ойсырап тұрғанына қапалы.

– Еліміздің әр өңірінде шетелдік тұқым сортын жер­сіндіретін, тыңайтқыш­тар­­дың үйлесімді-үйлесімсіздігін арнайы зерт­­ха­­налық тексеруден өткізетін шаруа­шы­лықтар құрылып жатыр. Өкінішке қарай, олардың өнімі мен бүгінгі табысы тұтас елі­мізді қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сон­дықтан «қараңғы базарлардағы» бағасы арзан, қатері көп шетелдік ты­ңайтқыштар диқанның кәде­сіне жарап тұр. Ол тыңайт­қыштар алқаптағы өсімдік пен шөпті өлтіріп, дақылдың таза өсуін кепілдендіргенімен, то­пырақтың қ­ұрамындағы зиянсыз элемент­терді тұн­шықтырып жатыр. Табиғат миллион­да­ған жылдар бойы өңдеуден өткізіп, қа­лып­тастырған сол тіршілікті адам баласы қайта қалпына келтіре ала ма? – дейді ол.

Сондай-ақ эколог фермер­лерді тұқым мен минералды тыңайтқыш қай елден келетіні қызықтырмайтынын айтады.

– Шынында мемлекет пен фермердің арасындағы қа­рым-қатынас қаржылай қол­даудан әрі аспайды. Егер отан­дық тұқым немесе минералды тыңайтқыштарды сатып алған­дарға көтерме бағамен субсидия берілсе, бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен қолдау болып, бағаның импорттық өнімдермен теңесуіне жол ашар еді. Бұл тәжірибе көптеген елде, олар отандық өнім өнді­рушілерді осындай жолмен қолдап, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етеді. Бізде мемлекеттің фермерге көмегі субсидия берумен шектелсе, отандық минералды тыңайтқыш шығаратын компаниялар әлі ұйықтап жатыр. Өрісін ішкі нарықтан іздейтіндер жоқтың қасы, – деді сарапшы.

Қалай десек те, мол өнімге қол жеткізу үшін топырақ құ­нарын сақтау мен арттыруда минералды және органикалық тыңайтқыштардың атқаратын рөлі жоғары. Айталық, елде минералды тыңайтқыштарды қолдану 1990-2000 жылдары 61 есеге дейін қысқарды. Осы­ны мықтап ескерген мемлекет жағдайды түзету үшін қолдау тетіктері мен демеу-қаржы көлемін еселеп өсірді. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. Бүгінде әр жыл сайын 77-114,9 мың тонна тыңайтқыш пай­даланылуда. Бұған дейін егістік жердің әр гектарына енетін тыңайтқыш мөлшері 0,71 келіге дейін азайса, бүгінде бұл көрсеткіш көтерілген.

– Бидай дақылының басым болуы топырақ құнарына, өнімділігіне әсер етпейді. Тек егіншілік мәдениеті жоғары болса жетіп жатыр. Орталықта бір орында 60 жыл бидай өсі­ріледі. Топырақ құнары, өнімділігі бір­қа­лып­ты. Тек ғылыми негіз­де, ғылымның айт­қа­нын фермерлер орындауы керек, – дейді А.Қияс.

Сонымен қатар сарапшы ауыспалы егістер жүйесінің көлеңкеде қалап бара жатқанын тілге тиек етті. – Бізде топырақ құнар­ын сақ­тап қалуға және қалпына келтіруге болатын арнайы ауыспалы егіс жүйесі бар. Десе де кей­бір фермерлер оны сақтамайды. Жерді ты­нық­­тырудың балама бірнеше ұсыныстары ай­тылды. Жыл сайы­н облыстық, аудандық агро ке­ңестерде ескертіліп те жатыр», – дейді ғалым.

«Құм шайнап қалуымыз мүмкін»

КСРО кезінде дақылдардың орнын ауыс­тырып егу дәстүрге айналған. Бұл әдіс жердің құ­нарын бір қалыпта сақтауға мүм­кіндік береді. Мұны фермерлер де жақ­сы түйсінген. Ал қазір науқан кезінде жері бос қалса кәсіпкерлер азар да безер болады. Алайда мемлекет оған келгенде құлықсыз. Себебі жерді пайдалану құқын меншік иелері шешеді. Жерді демалдырмаса, құрамындағы калий, азот түрі азаяды. Минералды тыңайтқыштар арқылы оның орнын толықтырып отырғанымен, жердің органикалық құрамы төмендеп кеткен. Бұл тұрғыдан келгенде оңтүстік пен солтүс­тіктегі көршілерімізден үйрене­ріміз көп.

Осыдан 2 жыл бұрын экономика ғылым­дарының докторы, профессор Мырза­келді Кемел: «Біз калийді бүгінге дейін Ресей­ден, «Уралкалий» компаниясынан аламыз. Қа­зақ­станда калий шығаруға мүм­кіндік бар. Тек оның өнім түрін көбейтіп, дистрибуциялық желілерді ашу керек», деген болатын. Шы­нында, ты­ңайт­қыш өнімдерінің дені Ресейден ғана емес, Қытай, Германия, Өз­бекстаннан жет­кізіледі. Бірақ орыстардың тыңайтқышына сұраныс басым. Өйткені құрамында өсім­дік­тің эволюциялық табиғи жол­мен жерден нәр алатын мүмкіндігін қосымша қоректендіретін дәрумендер жеткілікті. Жал­пы, Ресей мен Беларусьтің тыңайтқыш шыға­ратын кәсіпорындары КСРО кезіндегі тәжірибені сақтап қалуымен ерекшеленеді.

Сарапшылар өз күшімізбен егіс алқап­тарының оннан бірін ғана сауықтыра ала­тыны­мызды айтады. Қалғаны – шет­елдік­тердің еншісінде. Импорт өнімнің сапасына «жарнамасы» кепілдік бере алады екен. Елімізде «Қазфосфат», «ҚазАзот» сияқ­ты тыңайтқыш өндіретін агрокомпания­лар өнім­дерін шетелдерге экс­порт­тайды. Бағасы қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысқа төмен.

– Қазақстанның жер көлемі әртүрлі деңгейде деградацияға ұшыраған, топырағы басқа елдерге қарағанда антропогендік қысымдарға төзімсіз, нәзік әрі тозуға бейім. Дер кезінде ты­ңайтқыш себілмегендіктен, қоректік заттар бірте-бірте азая беруі заң­дылық. Топырақтың та­биғи құнары соңғы жылдары төмендеп кетті. Егер осы қар­­қынмен жалғаса берсе, алдағы уақыт­та құм шайнап қалуымыз әбден мүмкін. Аграрлы ел бола тұра, осындай олқы­лық­тарға жол беріп отырғанымыз өкі­нішті, – дейді Қ.Андас.

Шетелдік тыңайтқыштардың ерекшелігі не?

Кейде егіншілер өнім са­пасыз­дығын күн райынан да көрінді. Әйтсе де бұл орын­сыз болады. Топыраққа қажет­ті қорек­ті заттардың жетіспеу­шілігін салдарынан дән­ді дақыл жылдағыдай өнім бере бер­мейді. Мәселен, жер көлемі бізден төрт есе шағын Франция мине­ралды тыңайт­қыштарға өнімділікті арттырудың агро­­химиялық тиім­ді тәсілі ретін­де қарайды. Олар 1 кило ты­ңайт­­қыш беріп бидайдың өні­мін – 7,5, күрішті – 8,6, жүге­ріні – 9,8 килоға арттырады. Осыны ес­тіген қазақ­стандық диқан­шы­лар шетелдің тыңайт­қышын пай­далануға құмар. Әйтсе де, мә­селе сонда ғана болып тұрған жоқ.

– Отандық тыңайтқыштарға көбірек қаржы бөлінсе, шетелден алатын тыңайт­қыштарды ығыстырып шығаратын еді. Бұл алдымен жердің бұзылуына жол бермесе, екіншіден отандық тыңайтқыш өндірісінің дамуына сеп болады. Өнім түрлерінің көбеюіне де әсер етер еді. Ең бас­тысы, ға­лым­­дардың жобаларын зауыт зертханаларында сынап көруге мүмкіндік туады. Одан қалса ішкі нарықта сырттан келген өнімдердің үстем болып кетуіне жол бермейді, – дейді экономист Диас Бабаш.

Қазақстанда суармалы аумақ­тардан алатын өнім көлемі шетелдермен салыс­тырғанда едәуір төмен. Мұны ескерген ғалымдар топырақты емдеудің жаңа тәсілін жасау керектігін айтады. Енді, сол тәсілді табу үшін тағы да шетелдің жаңа технологиясына иек артпақ. Айталық, Бела­русь елінде 1 гектар жерге 270 килоға дейін тыңайтқыш себілетін болса, біздегі көрсеткіш 3-5 кило шамасында. Украина, Канада елдері де топыраққа ерекше күтім жасайды, тоздырмауға тырысады. Ресейде ауыл шаруашылығына арнал­ған жерлерді басқарудың өзіндік заңы бар. Сербияда заң бойынша әрбір жер ие­ленуші жерді күтіп, оның құнарын арттыруға міндетті. Егер жерді өңдеп, одан өнім алмаса, ең болмағанда шөбін шауып, өрт қауіпсіздігін сақтамаса, жыл сайын құнары арнайы зертханада тексерілмесе, ол жер үкіметке қайтарылады. Ал Қазақстанда топыраққа қатысты мәселелердің әлі тоңы жібімей тұр.

Біз бұл жерде топырақтың құрамын сақтау үшін тыңайтқыш қолданбау керек дегенді айтқалы отырған жоқпыз. Тек өз жерімізге үйлесімді тыңайтқышты жер­гілікті тәжірибе арқылы жеткі­лікті мөлшерде өндіруге тал­пынған жөн. Мамандардың пікірі осындай. Сонда ғана ұлы даланы ертеңгі ұрпаққа ұялмай еншіге қалдыра аламыз. Болмаса, құм басқан дала, шаңы шыққан алқап, құнары таусылған топырақ қалуы әбден мүмкін.

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/236911-tynhaytqysh-topyraqty-qunarlandyra-ma