Шағын алқаптан мол өнім алу – кез келгеннің арманы. Бұрындары 1 гектар жерден 300 центнер қант қызылшасын жинайтын шаруа бүгінде бұл межені 600-700 центнерге оп-оңай жеткізіп тастады. Алдағы уақытта бір тоннадан асыру жоспарда бар.
Әйтсе де, бұл көрсеткіштерге жеріміздің құнарлығынан ғана емес, химиялық тыңайтқышты аямай пайдалану нәтижесінде қол жеткізіп жүргеніміз белгілі. Осыдан кейін дәріге уланып, құнары сарқылған топырақтың жыл сайын күйі қашып барады. Тіпті қара жерге әл беретін сан түрлі өсімдіктің де тұқымы тұздай құрып кетуі ықтимал.
Топырақ сан түрлі элементтің қоспасынан тұрады. Олар әркелкі болғандықтан топырақтың да түсі, құрамы, құнары да әртүрлі. Жер шарының бір жері керіш, бір жері құмды, енді бір атырабы құйқалы болуы осыдан. Қазақстан қоңыржай белдеуде, жерінің көп бөлігі сулы-керішті, қара топырақ аралас.
Менделеев кестесіндегі элементтердің барлық түрі табылатындығы жеріміздің бәрі бірдей егін шаруашылығына қолайлы дегенді білдірмейді. Мұны ертеден сезген бабаларымыз егін ғана емес, мал шаруашылығы да тиімді екенін байқап, төрт түлікті мыңғыртып өсірген. Өйткені сулы-керішті топырақты аймақтарда өсетін өсімдік, шөптердің құрамындағы улы заттың мөлшері мейлінше төмен болады.
Өткен ғасырдағы тың игеру кезеңінде Қазақстанның көп бөлігі егін шаруашылығына бейімделді. Есесіне, жайылым тарылды. Ал тәуелсіздіктен кейін кеңшар, ұжымшарлардың тарап кетуіне байланысты егін алқабының көлемі тарылды. Оған техниканың жетіспеушілігі де себеп болды. Сондықтан аз алқаптан мол өнім алу науқаны белең ала бастады. Бұл негізінен қытайлық тәжірибе негізінде жүзеге асты.
Қытайлар жер жетіспеушілігі және су тапшылығына байланысты осындай әрекетке барған. Ол үшін сан түрлі химиялық тыңайтқыштарды ойлап тапты. Есесіне, жердің құнарсыздануы мен топырақтың тозуын үдеді. Оның үстіне ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін жан қинамай пайдаға белшеден бататын майбұршақ сияқты жер қуатын сорып алатын дақылдарды көптеп егіп, алқаптарды тоздырып алды. Міне, бүгінгі таңда көрші ел сортаңға айналған алқаптарын тынықтырып, ал диқаншылығын Орталық Азия мен Ресейдің кең жазық даласында жалғастыруға көшкендей...
Иә, осылайша бір жағынан қамбамыз дәнге толғанымен, екінші жағынан даламыз шөлге айналып барады. Еліміздегі алқаптарда көбіне шетелдік тұқым мен тыңайтқыштар қолданылады. Әлемнің әр жерінің топырақ құрамы бір-біріне ұқсамайды. Демек, шетелдік тұқым мен тыңайтқышты қолданғанда абай болған жөн. Бұл мәселеге келгенде сарапшылардың пікірі екіге жарылады. А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі Алдаберген Қияс топыраққа арнайы зерттеулер жүргізілетінін айтады.
– Жыл сайын танаптардан топырақ үлгісі алынып арнайы агрохимиялық қызметке жіберіледі. Онда химиялық талдау жасалып, топыраққа не қажет, не жетіспейтініне байланысты ұсыныстар беріледі. Жалпы Ресей мен Беларусьте дайындалатын минералды тыңайтқыштар біздің елдің климатына да, жер бедеріне де сәйкес келеді. Қазіргі қолданыстағы минералдық тыңайтқыштар топыраққа аз мөлшерде енгізіледі. Соңғы деректер бойынша әр гектарға 5-7 килодан аспайды. Әрине, мөлшерін көбейту керек. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бізде минералдық тыңайтқыш жеткілікті. Тек аталған елдерде бағасы нарықтағыдан сәл төмендеу, – дейді сарапшы.
Алайда бұл толғақты пікірмен экологияны тереңірек зерттеп жүрген Қажет Андас келіспейді. Ол отандық тыңайтқыштардың орны ойсырап тұрғанына қапалы.
– Еліміздің әр өңірінде шетелдік тұқым сортын жерсіндіретін, тыңайтқыштардың үйлесімді-үйлесімсіздігін арнайы зертханалық тексеруден өткізетін шаруашылықтар құрылып жатыр. Өкінішке қарай, олардың өнімі мен бүгінгі табысы тұтас елімізді қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан «қараңғы базарлардағы» бағасы арзан, қатері көп шетелдік тыңайтқыштар диқанның кәдесіне жарап тұр. Ол тыңайтқыштар алқаптағы өсімдік пен шөпті өлтіріп, дақылдың таза өсуін кепілдендіргенімен, топырақтың құрамындағы зиянсыз элементтерді тұншықтырып жатыр. Табиғат миллиондаған жылдар бойы өңдеуден өткізіп, қалыптастырған сол тіршілікті адам баласы қайта қалпына келтіре ала ма? – дейді ол.
Сондай-ақ эколог фермерлерді тұқым мен минералды тыңайтқыш қай елден келетіні қызықтырмайтынын айтады.
– Шынында мемлекет пен фермердің арасындағы қарым-қатынас қаржылай қолдаудан әрі аспайды. Егер отандық тұқым немесе минералды тыңайтқыштарды сатып алғандарға көтерме бағамен субсидия берілсе, бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен қолдау болып, бағаның импорттық өнімдермен теңесуіне жол ашар еді. Бұл тәжірибе көптеген елде, олар отандық өнім өндірушілерді осындай жолмен қолдап, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етеді. Бізде мемлекеттің фермерге көмегі субсидия берумен шектелсе, отандық минералды тыңайтқыш шығаратын компаниялар әлі ұйықтап жатыр. Өрісін ішкі нарықтан іздейтіндер жоқтың қасы, – деді сарапшы.
Қалай десек те, мол өнімге қол жеткізу үшін топырақ құнарын сақтау мен арттыруда минералды және органикалық тыңайтқыштардың атқаратын рөлі жоғары. Айталық, елде минералды тыңайтқыштарды қолдану 1990-2000 жылдары 61 есеге дейін қысқарды. Осыны мықтап ескерген мемлекет жағдайды түзету үшін қолдау тетіктері мен демеу-қаржы көлемін еселеп өсірді. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. Бүгінде әр жыл сайын 77-114,9 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылуда. Бұған дейін егістік жердің әр гектарына енетін тыңайтқыш мөлшері 0,71 келіге дейін азайса, бүгінде бұл көрсеткіш көтерілген.
– Бидай дақылының басым болуы топырақ құнарына, өнімділігіне әсер етпейді. Тек егіншілік мәдениеті жоғары болса жетіп жатыр. Орталықта бір орында 60 жыл бидай өсіріледі. Топырақ құнары, өнімділігі бірқалыпты. Тек ғылыми негізде, ғылымның айтқанын фермерлер орындауы керек, – дейді А.Қияс.
Сонымен қатар сарапшы ауыспалы егістер жүйесінің көлеңкеде қалап бара жатқанын тілге тиек етті. – Бізде топырақ құнарын сақтап қалуға және қалпына келтіруге болатын арнайы ауыспалы егіс жүйесі бар. Десе де кейбір фермерлер оны сақтамайды. Жерді тынықтырудың балама бірнеше ұсыныстары айтылды. Жыл сайын облыстық, аудандық агро кеңестерде ескертіліп те жатыр», – дейді ғалым.
«Құм шайнап қалуымыз мүмкін»
КСРО кезінде дақылдардың орнын ауыстырып егу дәстүрге айналған. Бұл әдіс жердің құнарын бір қалыпта сақтауға мүмкіндік береді. Мұны фермерлер де жақсы түйсінген. Ал қазір науқан кезінде жері бос қалса кәсіпкерлер азар да безер болады. Алайда мемлекет оған келгенде құлықсыз. Себебі жерді пайдалану құқын меншік иелері шешеді. Жерді демалдырмаса, құрамындағы калий, азот түрі азаяды. Минералды тыңайтқыштар арқылы оның орнын толықтырып отырғанымен, жердің органикалық құрамы төмендеп кеткен. Бұл тұрғыдан келгенде оңтүстік пен солтүстіктегі көршілерімізден үйренеріміз көп.
Осыдан 2 жыл бұрын экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзакелді Кемел: «Біз калийді бүгінге дейін Ресейден, «Уралкалий» компаниясынан аламыз. Қазақстанда калий шығаруға мүмкіндік бар. Тек оның өнім түрін көбейтіп, дистрибуциялық желілерді ашу керек», деген болатын. Шынында, тыңайтқыш өнімдерінің дені Ресейден ғана емес, Қытай, Германия, Өзбекстаннан жеткізіледі. Бірақ орыстардың тыңайтқышына сұраныс басым. Өйткені құрамында өсімдіктің эволюциялық табиғи жолмен жерден нәр алатын мүмкіндігін қосымша қоректендіретін дәрумендер жеткілікті. Жалпы, Ресей мен Беларусьтің тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындары КСРО кезіндегі тәжірибені сақтап қалуымен ерекшеленеді.
Сарапшылар өз күшімізбен егіс алқаптарының оннан бірін ғана сауықтыра алатынымызды айтады. Қалғаны – шетелдіктердің еншісінде. Импорт өнімнің сапасына «жарнамасы» кепілдік бере алады екен. Елімізде «Қазфосфат», «ҚазАзот» сияқты тыңайтқыш өндіретін агрокомпаниялар өнімдерін шетелдерге экспорттайды. Бағасы қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысқа төмен.
– Қазақстанның жер көлемі әртүрлі деңгейде деградацияға ұшыраған, топырағы басқа елдерге қарағанда антропогендік қысымдарға төзімсіз, нәзік әрі тозуға бейім. Дер кезінде тыңайтқыш себілмегендіктен, қоректік заттар бірте-бірте азая беруі заңдылық. Топырақтың табиғи құнары соңғы жылдары төмендеп кетті. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, алдағы уақытта құм шайнап қалуымыз әбден мүмкін. Аграрлы ел бола тұра, осындай олқылықтарға жол беріп отырғанымыз өкінішті, – дейді Қ.Андас.
Шетелдік тыңайтқыштардың ерекшелігі не?
Кейде егіншілер өнім сапасыздығын күн райынан да көрінді. Әйтсе де бұл орынсыз болады. Топыраққа қажетті қоректі заттардың жетіспеушілігін салдарынан дәнді дақыл жылдағыдай өнім бере бермейді. Мәселен, жер көлемі бізден төрт есе шағын Франция минералды тыңайтқыштарға өнімділікті арттырудың агрохимиялық тиімді тәсілі ретінде қарайды. Олар 1 кило тыңайтқыш беріп бидайдың өнімін – 7,5, күрішті – 8,6, жүгеріні – 9,8 килоға арттырады. Осыны естіген қазақстандық диқаншылар шетелдің тыңайтқышын пайдалануға құмар. Әйтсе де, мәселе сонда ғана болып тұрған жоқ.
– Отандық тыңайтқыштарға көбірек қаржы бөлінсе, шетелден алатын тыңайтқыштарды ығыстырып шығаратын еді. Бұл алдымен жердің бұзылуына жол бермесе, екіншіден отандық тыңайтқыш өндірісінің дамуына сеп болады. Өнім түрлерінің көбеюіне де әсер етер еді. Ең бастысы, ғалымдардың жобаларын зауыт зертханаларында сынап көруге мүмкіндік туады. Одан қалса ішкі нарықта сырттан келген өнімдердің үстем болып кетуіне жол бермейді, – дейді экономист Диас Бабаш.
Қазақстанда суармалы аумақтардан алатын өнім көлемі шетелдермен салыстырғанда едәуір төмен. Мұны ескерген ғалымдар топырақты емдеудің жаңа тәсілін жасау керектігін айтады. Енді, сол тәсілді табу үшін тағы да шетелдің жаңа технологиясына иек артпақ. Айталық, Беларусь елінде 1 гектар жерге 270 килоға дейін тыңайтқыш себілетін болса, біздегі көрсеткіш 3-5 кило шамасында. Украина, Канада елдері де топыраққа ерекше күтім жасайды, тоздырмауға тырысады. Ресейде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді басқарудың өзіндік заңы бар. Сербияда заң бойынша әрбір жер иеленуші жерді күтіп, оның құнарын арттыруға міндетті. Егер жерді өңдеп, одан өнім алмаса, ең болмағанда шөбін шауып, өрт қауіпсіздігін сақтамаса, жыл сайын құнары арнайы зертханада тексерілмесе, ол жер үкіметке қайтарылады. Ал Қазақстанда топыраққа қатысты мәселелердің әлі тоңы жібімей тұр.
Біз бұл жерде топырақтың құрамын сақтау үшін тыңайтқыш қолданбау керек дегенді айтқалы отырған жоқпыз. Тек өз жерімізге үйлесімді тыңайтқышты жергілікті тәжірибе арқылы жеткілікті мөлшерде өндіруге талпынған жөн. Мамандардың пікірі осындай. Сонда ғана ұлы даланы ертеңгі ұрпаққа ұялмай еншіге қалдыра аламыз. Болмаса, құм басқан дала, шаңы шыққан алқап, құнары таусылған топырақ қалуы әбден мүмкін.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/236911-tynhaytqysh-topyraqty-qunarlandyra-ma