Сс, 01/14/2020 - 12:51
Жаңалықтар

Қарқынды дамуымыздың кепілі

Қазақстан Президенті  Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көңілге терең ой қал­ды­ратын мақа­ла­сын мұқият оқып шығып, одан туын­да­ған кейбір тұжы­рым­­дама­ларым­ды оқыр­­ман назарына ұсыну­ды жөн көрдім.  

Шын мәнінде, Абайдың ғұлама екенін өзін қазақ деп санайтын әрбір жан жақсы біледі. Алайда оның даналығы мен көрегендігін, айтқан ойларының өмір­шең­дігі мен бүгінгі заман талаптарымен сабақтасып жатқандығын екінің бірі терең сезінеді деп айту қиын. Ұлы бабамыздың білім мен жаңашылдыққа деген үлкен құштарлығы, халқымызды алдыңғы қатарлы елдердің жетістіктерін меңгеруге шақырған ойлары бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ, тіпті жылдан-жылға ма­ңызы арта түсуде. Олар­дың, әсіресе бүгінгі күн­гі ел экономикасын да­мы­­тудағы орын алып отыр­ған проблемаларды шешу жолындағы қажеті баға жетпес қазына еке­нін мойындамасқа бол­май­ды. Мәселен, эко­но­ми­камыздың аграрлық сала­сын алар болсақ, оның бүгінгі таңдағы даму қар­қы­ны алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда өте төмен екенін аңғару қиын емес. Оның негізгі себе­бінің бірі – саланың аграрлық ғылым және тех­но­логия тұрғысынан артта қалу­шылығы. Егер жер жағ­дайы мен ауа райы бізге қарағанда әлдеқайда қатал Австралияны алар болсақ, ондағы дәнді дақылдардың өнімділігі біздікінен 2 есе артық. Бізбен бірге бір гео­гра­фиялық деңгейде орна­ласқан Канадада егіншілік саласының еңбек өнімділігі бізге қарағанда 14 есе көп. Ал жер көлемі бізден 66 есе кем Нидерландтың жыл сайынғы ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экс­пор­ты 100 млрд АҚШ дол­ларын құрайды. Бұл біз­дің көрсеткішімізден 33 есе артық! Олардың осы­лай дамуының құ­пия­сы – өндірістің ғы­лым мен білімнің соң­­­ғы жетістіктеріне не­гіз­­­­деліп жүргізілуінде. Бұл елдерде аграрлық ғы­­лым­­ның дамуына ерек­ше көңіл бөлінген, әлем­де­гі ғылымның соңғы же­тіс­тіктерін өндіріске же­дел енгізу арқылы тех­но­­­логияларды әрдайым жетіл­діріп отырады. Онда­ғы ғалымдар ғылыми жұ­мыс­тарды жүргізудің за­манауи әдістемелерін толық меңгерген. Мысал ретінде дақылдардың жаңа сұрпын шығаруды кел­тіруге болады. Оларда бұл істі биотехнологиялық әді­с­темелерді қолданып, гендік деңгейде жүр­гізеді. Соның арқасын­да өндіріс әрбір 5-6 жыл сайын жаңа, бүгінгі ауа райына бейімделген және ауруларға төзімді, сұрып­тар­ға көшіп отырады. Ал біз болсақ осы істі әлі де ескі әдістемелермен жүр­гі­зудеміз. Сол себептен өндірісіміз осыдан 20-30 жыл бұрын шығарылған сұ­рыптармен жұмыс іс­теу­ге мәжбүр және осы­­ның сал­да­рынан дақы­л­да­ры­мыз­дың өнімділігі де өте төмен.

Демек, біз де осы жол­мен жүріп, ғылыми жұмыс­тар­дың ескі әдістемелерінен арылып, олардың заманауи әдістемелеріне көшуіміз қа­жет. Ол үшін ең алдымен тиіс­ті жағдай туғызып, ғы­лыми жаңалықтарға сұра­нысты күшейтуіміз қажет, жаңашылдыққа, ізде­ніске жаны құмар, ғылы­ми жұ­­мыстардың заманауи әдіс­темелерін толық мең­гер­ген жас ғалымдарды университет қабырғасынан даярлауымыз керек.  

Дамыған елдердің бізден тағы бір ерекшелігінің бірі – өндірісті жаңаша жүр­гі­зе алатын соңғы тех­но­логиялық жетіс­тік­терді жетік меңгерген білікті ма­ман­дарды даярлай ала­тын­дығында. Бұл істе де біз әлемдік тәжірибеге сүйе­нуге тиіспіз. Дамыған елдер­дің барлығында маман даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Олардың осы істегі бізден ерекшелігі – ол ғылыми ізденістер, білім беру және де білім же­тістіктерін өндіріске енгізу мен білім тарату про­цестерінің ажырамас тіз­бегін құра білгендігі. Соның арқасында болашақ ма­мандар ғылымның соңғы жетістіктеріне негіз­дел­ген білім алып, оны өн­ді­рісте кеңінен қолдану мүм­кіншілігіне ие болады. Ал осындай жүйенің қалыптасуы тек ғылыми-зерттеу университеттері жағдайында ғана бола алатынын дамыған елдер өздерінің нақты тәжірибесі арқылы дәләлдеп отыр. Яғни, бұл – бүгінгі үздіктер жүріп өткен сара жол.

Осы орайда, С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агро­техникалық уни­вер­ситеті соңғы жылдары осы бағытта біршама жұмыстарды жүзеге асырды. Әлемдегі аграр­лық ғылым және бі­лім саласында ең үздік са­налатын АҚШ-тың Дэвис­тегі Калифорния уни­верситетімен әріптес­тік­ке қол жеткізіп, уни­вер­­ситетімізді батыс үлгі­дегі ғылыми-зерттеу уни­верситетіне айналдыру мақ­сатында білім беру бағ­дар­ламаларына түбегейлі өзге­рістер енгіздік, олар­дың тәжірибелік жағын кү­шейттік, шетелдік әріп­тестердей білім беру про­цестеріне техно­ло­гиялық платформаны енгіздік. Жақында Еуропадағы ал­дың­ғы қатарлы Фран­ция­ның Агропаритех уни­вер­ситетімен бірлесіп, білім беру процестерін ре­фор­малаудың нақты жол картасын даярлап, жүзеге асыра бастадық. Оны толық орындасақ, 5 жылдан кейін біздің университетіміздің берген дипломы атал­мыш Агропаритех универ­си­тетінің дипломына сай болып, барлық елде танымал болмақ. Мұның өзі еліміздегі білім беру сала­сына үлкен серпіліс әке­ле­тіні сөзсіз.

Ал енді осы істі ары қарай дамытып, батыс үлгідегі то­­лыққанды ғылыми-зерт­­теу университетіне айналу үшін әлі де болса көп­теген жүйелі істі жүзе­ге асыру қажет. Оның ішінде атап айтар болсақ, оқу орнымыздың ғылыми-тәжірибе базасын кеңейту мақсатында оның құрамына шетелдік дамыған ғылыми-зерттеу университеттерінің үлгісімен бірнеше аймақ­тық ғылыми-зерттеу инсти­тут­тары мен тәжірибе стан­са­сын беру керек. Осы ша­ра­лардың барлығы ше­тел­­дік әріптестерімізбен бірлесе отырып жасаған университетіміздің 2020-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасына енгізіп, ол барлық мүд­де­лі мемлекеттік органдарға қарауға жібергенбіз. Алайда біздің осы бастамамыз әлі күнге дейін Үкімет тара­пы­нан толық қолдауға ие бола алмай келеді. Биліктің бар­лық деңгейінде, нақты айт­сам министрлікте, Үкі­­метте, Парламентте дамыған елдердің жүріп өткен осы жолының дұрыс екенін, соны қабылдап өзі­міздің жағдайымызға бейім­деу керегін қаншама дәлел­десек те кейбір жо­ға­ры лауазымды шенеу­нік­тер оны әлі де болса толығымен түсін­беуде. Тіпті, олардың ба­сым көпшілігі ғылым мен білім саласының да­муы мен оның нәтижелі жұмыс істеуі көп уақытты және инемен құдық қаз­ған­дай табандылықты, шы­­дамдылық пен ең­бек­­қорлықты талап ете­тініне қарамастан, ешбір қиын­дықсыз жеңіл жол­мен тез арада жоға­ры көрсеткіштерге қол жет­кізуді және оларды әсіре­леп көрсетуді мақсат тұту­да. Осы уақытқа дейін аграр­лық ғылым мен білім саласын реформалауда оның ішкі мәніне тиіспей, негізінен оны басқаратын құрылымдардың түрлері мен санын өзгертумен шек­теліп, тиімсіз жүйенің әлі де болса сақталуына себеп­кер болуда. Ал мұндай жағдайда ғылым мен білім саласына мемлекет тара­пы­нан қаншама қар­жы бөлінсе де, оның құмға сіңген су сияқты нәтиже бермейтіні айдан анық. Бұл салаға түбегейлі өзгерістер енгізіп, не болмаса оның жолдарын ойлап шығарудың қажеті жоқ. Алдымызда дамыған елдердің тәжірибесі тұр. Елбасымыз Н.Назарбаев «велосипед ойлап таппай, әлемдегі ең озық тәжірибені өзімізге бейімдеп қабыл­да­уымыз керек» деп айтқан еді. Осыны басшылыққа ала оты­­рып, сол сара жолмен жүр­­меске?! Өкінішке қарай, көбі осыны түсінбей келеді.

Қазіргі заманның ең негізгі ерекшелігі – даму қар­қыны мен бәсеке­лес­­тіктің жылдан-жылға күшейе түсуі. Кімде-кім осы қар­қын­­ға ілесе алса, оның әлемдік бәсекеде жеңіп шығары хақ. Олай болса, біз де осы дүниежүзілік додада ұлы бабамыз Абай айтқандай, «қолымызды мезгілінен кеш сермемей» дер кезінде ғылыми жаңа­­­лық­тарды игеріп, елі­міздің қарқынды дамып, әлем­дегі лайықты орынға ие болуына барынша атсалуымыз қажет.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің ректоры

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/policy/7-24/16044-qarqyndy/?fbclid=IwAR0FfIc6RMp8Gekz6z2R7SOqcnQy-YmdVRc0YEAg953O4BSL5IJDoB470_Q