Қарқынды дамуымыздың кепілі
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көңілге терең ой қалдыратын мақаласын мұқият оқып шығып, одан туындаған кейбір тұжырымдамаларымды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Шын мәнінде, Абайдың ғұлама екенін өзін қазақ деп санайтын әрбір жан жақсы біледі. Алайда оның даналығы мен көрегендігін, айтқан ойларының өміршеңдігі мен бүгінгі заман талаптарымен сабақтасып жатқандығын екінің бірі терең сезінеді деп айту қиын. Ұлы бабамыздың білім мен жаңашылдыққа деген үлкен құштарлығы, халқымызды алдыңғы қатарлы елдердің жетістіктерін меңгеруге шақырған ойлары бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ, тіпті жылдан-жылға маңызы арта түсуде. Олардың, әсіресе бүгінгі күнгі ел экономикасын дамытудағы орын алып отырған проблемаларды шешу жолындағы қажеті баға жетпес қазына екенін мойындамасқа болмайды. Мәселен, экономикамыздың аграрлық саласын алар болсақ, оның бүгінгі таңдағы даму қарқыны алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда өте төмен екенін аңғару қиын емес. Оның негізгі себебінің бірі – саланың аграрлық ғылым және технология тұрғысынан артта қалушылығы. Егер жер жағдайы мен ауа райы бізге қарағанда әлдеқайда қатал Австралияны алар болсақ, ондағы дәнді дақылдардың өнімділігі біздікінен 2 есе артық. Бізбен бірге бір географиялық деңгейде орналасқан Канадада егіншілік саласының еңбек өнімділігі бізге қарағанда 14 есе көп. Ал жер көлемі бізден 66 есе кем Нидерландтың жыл сайынғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 100 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл біздің көрсеткішімізден 33 есе артық! Олардың осылай дамуының құпиясы – өндірістің ғылым мен білімнің соңғы жетістіктеріне негізделіп жүргізілуінде. Бұл елдерде аграрлық ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлінген, әлемдегі ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске жедел енгізу арқылы технологияларды әрдайым жетілдіріп отырады. Ондағы ғалымдар ғылыми жұмыстарды жүргізудің заманауи әдістемелерін толық меңгерген. Мысал ретінде дақылдардың жаңа сұрпын шығаруды келтіруге болады. Оларда бұл істі биотехнологиялық әдістемелерді қолданып, гендік деңгейде жүргізеді. Соның арқасында өндіріс әрбір 5-6 жыл сайын жаңа, бүгінгі ауа райына бейімделген және ауруларға төзімді, сұрыптарға көшіп отырады. Ал біз болсақ осы істі әлі де ескі әдістемелермен жүргізудеміз. Сол себептен өндірісіміз осыдан 20-30 жыл бұрын шығарылған сұрыптармен жұмыс істеуге мәжбүр және осының салдарынан дақылдарымыздың өнімділігі де өте төмен.
Демек, біз де осы жолмен жүріп, ғылыми жұмыстардың ескі әдістемелерінен арылып, олардың заманауи әдістемелеріне көшуіміз қажет. Ол үшін ең алдымен тиісті жағдай туғызып, ғылыми жаңалықтарға сұранысты күшейтуіміз қажет, жаңашылдыққа, ізденіске жаны құмар, ғылыми жұмыстардың заманауи әдістемелерін толық меңгерген жас ғалымдарды университет қабырғасынан даярлауымыз керек.
Дамыған елдердің бізден тағы бір ерекшелігінің бірі – өндірісті жаңаша жүргізе алатын соңғы технологиялық жетістіктерді жетік меңгерген білікті мамандарды даярлай алатындығында. Бұл істе де біз әлемдік тәжірибеге сүйенуге тиіспіз. Дамыған елдердің барлығында маман даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Олардың осы істегі бізден ерекшелігі – ол ғылыми ізденістер, білім беру және де білім жетістіктерін өндіріске енгізу мен білім тарату процестерінің ажырамас тізбегін құра білгендігі. Соның арқасында болашақ мамандар ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген білім алып, оны өндірісте кеңінен қолдану мүмкіншілігіне ие болады. Ал осындай жүйенің қалыптасуы тек ғылыми-зерттеу университеттері жағдайында ғана бола алатынын дамыған елдер өздерінің нақты тәжірибесі арқылы дәләлдеп отыр. Яғни, бұл – бүгінгі үздіктер жүріп өткен сара жол.
Осы орайда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті соңғы жылдары осы бағытта біршама жұмыстарды жүзеге асырды. Әлемдегі аграрлық ғылым және білім саласында ең үздік саналатын АҚШ-тың Дэвистегі Калифорния университетімен әріптестікке қол жеткізіп, университетімізді батыс үлгідегі ғылыми-зерттеу университетіне айналдыру мақсатында білім беру бағдарламаларына түбегейлі өзгерістер енгіздік, олардың тәжірибелік жағын күшейттік, шетелдік әріптестердей білім беру процестеріне технологиялық платформаны енгіздік. Жақында Еуропадағы алдыңғы қатарлы Францияның Агропаритех университетімен бірлесіп, білім беру процестерін реформалаудың нақты жол картасын даярлап, жүзеге асыра бастадық. Оны толық орындасақ, 5 жылдан кейін біздің университетіміздің берген дипломы аталмыш Агропаритех университетінің дипломына сай болып, барлық елде танымал болмақ. Мұның өзі еліміздегі білім беру саласына үлкен серпіліс әкелетіні сөзсіз.
Ал енді осы істі ары қарай дамытып, батыс үлгідегі толыққанды ғылыми-зерттеу университетіне айналу үшін әлі де болса көптеген жүйелі істі жүзеге асыру қажет. Оның ішінде атап айтар болсақ, оқу орнымыздың ғылыми-тәжірибе базасын кеңейту мақсатында оның құрамына шетелдік дамыған ғылыми-зерттеу университеттерінің үлгісімен бірнеше аймақтық ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе стансасын беру керек. Осы шаралардың барлығы шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып жасаған университетіміздің 2020-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасына енгізіп, ол барлық мүдделі мемлекеттік органдарға қарауға жібергенбіз. Алайда біздің осы бастамамыз әлі күнге дейін Үкімет тарапынан толық қолдауға ие бола алмай келеді. Биліктің барлық деңгейінде, нақты айтсам министрлікте, Үкіметте, Парламентте дамыған елдердің жүріп өткен осы жолының дұрыс екенін, соны қабылдап өзіміздің жағдайымызға бейімдеу керегін қаншама дәлелдесек те кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер оны әлі де болса толығымен түсінбеуде. Тіпті, олардың басым көпшілігі ғылым мен білім саласының дамуы мен оның нәтижелі жұмыс істеуі көп уақытты және инемен құдық қазғандай табандылықты, шыдамдылық пен еңбекқорлықты талап ететініне қарамастан, ешбір қиындықсыз жеңіл жолмен тез арада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді және оларды әсірелеп көрсетуді мақсат тұтуда. Осы уақытқа дейін аграрлық ғылым мен білім саласын реформалауда оның ішкі мәніне тиіспей, негізінен оны басқаратын құрылымдардың түрлері мен санын өзгертумен шектеліп, тиімсіз жүйенің әлі де болса сақталуына себепкер болуда. Ал мұндай жағдайда ғылым мен білім саласына мемлекет тарапынан қаншама қаржы бөлінсе де, оның құмға сіңген су сияқты нәтиже бермейтіні айдан анық. Бұл салаға түбегейлі өзгерістер енгізіп, не болмаса оның жолдарын ойлап шығарудың қажеті жоқ. Алдымызда дамыған елдердің тәжірибесі тұр. Елбасымыз Н.Назарбаев «велосипед ойлап таппай, әлемдегі ең озық тәжірибені өзімізге бейімдеп қабылдауымыз керек» деп айтқан еді. Осыны басшылыққа ала отырып, сол сара жолмен жүрмеске?! Өкінішке қарай, көбі осыны түсінбей келеді.
Қазіргі заманның ең негізгі ерекшелігі – даму қарқыны мен бәсекелестіктің жылдан-жылға күшейе түсуі. Кімде-кім осы қарқынға ілесе алса, оның әлемдік бәсекеде жеңіп шығары хақ. Олай болса, біз де осы дүниежүзілік додада ұлы бабамыз Абай айтқандай, «қолымызды мезгілінен кеш сермемей» дер кезінде ғылыми жаңалықтарды игеріп, еліміздің қарқынды дамып, әлемдегі лайықты орынға ие болуына барынша атсалуымыз қажет.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/policy/7-24/16044-qarqyndy/?fbclid=IwAR0FfIc6RMp8Gekz6z2R7SOqcnQy-YmdVRc0YEAg953O4BSL5IJDoB470_Q