Ғылыми жұмыстарға субсидия беріледі
Келер жылы ғылыми зерттеулерге басымдық беретін фермерлер субсидия алады. Осы арқылы заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуде қосымша экономикалық ынталандыру, сондай-ақ бизнес пен ғылымның ықпалдасуы қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда аграрлық ғылымды дамыту және заманауи ауыл шаруашылығын дамытуға жоғары білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Бүгінде әлемдегі фермерлердің шамамен 70%-ы білімнің жетіспеушілігінен ашқан істерін жабуға мәжбүр. Бұл арнайы оқудың және біліктілікті арттыру мүмкіндігінің жоқтығымен, сондай-ақ аграрлық ғылымның дамуымен де байланысты», деді министр.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК субъектілері үшін білім беру қызметтерін ұсыну тәсілдерін қайта қарап, осы мақсатта «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еншілес ұйымдарының құрылымын өзгертті. Ол халықаралық талаптарға және бизнестің қажеттіліктеріне бағдарлануға толық жауап береді деді спикер. Республиканың ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік стансаларының, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтарының базасында 22 білім беру орталығы құрылып, тұрақты консультациялық орталықтар ұйымдастырылды.
Биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алдағы 3 жылға бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 50,4 млрд теңге мақұлдады. Бұл қаражат былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Бюджеттен бөлінген қомақты қаражатқа 10 басым бағыт бойынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарлануда.
«Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге сұранысын қамтамасыз ету және кәсіби кадрлар тапшылығын шешу үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Сонымен қатар екі ірі аграрлық жоғарғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Зерттеу университеттері» мәртебесіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», деді С.Омаров.
Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту жөніндегі «Кешенді жоспар» бір айдың ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, бекіту үшін Үкіметке жолданады.
«Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында министрлік алдына бірқатар міндеттер қойып, оларды шешу агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жаңа серпін береді. Бірінші кезекте келесі бес жылдыққа арналған «АӨК дамыту жөніндегі» жаңа ұлттық жобаны әзірлеу қажет. Осы бағдарламалық құжатты дайындауға FAO беделді халықаралық ұйымы тартылды. Маңызды құжаттың құрамына енген алғашқы жобалар желтоқсан айында тұжырымдама түрінде жасалады», деді жауапты орган басшысы.
Министрдің сөзіне сенсек, қазір жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «Атамекен» ҰКП, фермерлердің салалық қауымдастықтары мен одақтары, аграрлық ғылым өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді. АӨК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі құжатының жобасын әзірлегеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізілетін болады.
Бұдан басқа ведомство өкілдері жеке шаруашылықтарда құс тұмауының таралу көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, сондай-ақ Ақмола облыстарында құстардың жаппай қырылу деңгейі азайған.
«Бүгінде әр облыс бойынша әкімдіктер жанынан жұмыс топтары құрылып, барлық өлген құстардың есебі шығарылып, өтемақы төлеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Елімізде екі құс фабрикасында ғана ауру тіркелген. Республика аумағындағы басқа фабрикаларда құс тұмауы анықталған жоқ», деді спикер.
С.Омаровтың айтуынша, өтемақыға тиісті қаражат бөлініп, жұмыс тобының шешімі бойынша төленетін болады. Министрліктің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда құс тұмауынан 593 мың құс қырылған.
Елімізде 36 құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады. Ветеринарлық-санитарлық нормаларға сәйкес, құс тұмауы тіркелген екі құс фабрикасының жұмысы 4 айға дейін тоқтатылады. Белгіленген мерзімнен кейін кәсіпорындарда жұмыс жанданады.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/251434-ghylymi-dgumystargha-subsidiya-beriledi