чт, 10/08/2020 - 12:53
Новости

Ғылыми жұмыстарға субсидия беріледі

Келер жылы ғылыми зерттеулерге басымдық беретін фермерлер субсидия алады. Осы арқылы заманауи техно­логиялар мен инновация­лар­ды енгізуде қосымша эко­но­микалық ынталандыру, сондай-ақ бизнес пен ғылым­ның ықпалдасуы қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Президент жанындағы орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров айтты.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда аграрлық ғылымды дамыту және заманауи ауыл шаруашылығын дамытуға жоғары білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Бүгінде әлемдегі фермерлердің шамамен 70%-ы білімнің жетіспеушілігінен ашқан істерін жабуға мәжбүр. Бұл ар­­найы оқудың және біліктілікті арт­­тыру мүмкіндігінің жоқтығымен, сон­дай-ақ аграрлық ғылымның дамуы­­мен де байланысты», деді министр.

Қазір Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігі АӨК субъектілері үшін білім беру қызметтерін ұсыну тәсіл­дерін қайта қарап, осы мақсатта «Ұлт­тық аграрлық ғылыми-білім беру ор­талығы» коммерциялық емес акцио­нерлік қоғамы еншілес ұйым­дарының құрылымын өз­герт­ті. Ол халықаралық талап­тар­­ға және бизнестің қажеттілік­тері­­не бағдар­лануға толық жауап бере­ді деді спикер. Республи­ка­ның ғылыми-зерттеу инсти­­тут­тары­ның, тәжірибелік станса­лары­­ның, тәжі­рибелік-өндірістік шаруа­­шы­лық­тары­ның базасында 22 білім беру ор­талығы құрылып, тұрақты кон­суль­тациялық орталықтар ұйым­дастырылды.

Биыл Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ал­дағы 3 жылға бағдарламалық-нысана­лы қаржыландыруға 50,4 млрд теңге мақұлдады. Бұл қаражат былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Бюджеттен бөлінген қо­мақ­ты қаражатқа 10 басым бағыт бо­йынша 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарлануда.

«Бизнестің отандық ғылыми зерттеулерге сұранысын қамтамасыз ету және кәсіби кадрлар тапшылығын шешу үшін барлық қажетті норма­тивтік-құқықтық негіз жасалды. Со­ны­мен қатар екі ірі аграрлық жо­ғар­­ғы оқу орны – Қазақ ұлттық аграр­­­лық университеті және Сәкен Сей­фул­лин атындағы Қазақ агротех­ни­ка­лық университеті «Зерттеу универ­ситеттері» мәртебесіне ие бол­ды. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар жал­­ға­сатын бола­ды», деді С.Омаров.

Ведомство басшысының ай­туын­ша, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту жөніндегі «Кешенді жоспар» бір айдың ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, бекіту үшін Үкіметке жолданады.

«Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында министрлік алдына бірқатар міндеттер қойып, олар­ды шешу агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытуда жаңа серпін береді. Бірінші кезекте келесі бес жыл­дыққа арналған «АӨК дамыту жөнін­дегі» жаңа ұлттық жобаны әзір­леу қажет. Осы бағдарламалық құжат­ты дайындауға FAO беделді халық­аралық ұйымы тартылды. Маңызды құжаттың құрамына енген алғашқы жобалар желтоқсан айында тұжырымдама түрінде жасалады», деді жауапты орган басшысы.

Министрдің сөзіне сенсек, қазір жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «Атамекен» ҰКП, фермерлердің салалық қауымдастықтары мен одақтары, аграрлық ғылым өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді. АӨК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі құжатының жобасын әзірлегеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізілетін болады.

Бұдан басқа ведомство өкілдері жеке шаруашылықтарда құс тұмауы­ның таралу көрсеткіші төмен­дегенін жеткізді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, сондай-ақ Ақмола облыстарында құстардың жаппай қырылу деңгейі азайған.

«Бүгінде әр облыс бойынша әкім­діктер жанынан жұмыс топтары құрылып, барлық өлген құстардың есебі шығарылып, өтемақы төлеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Елімізде екі құс фабрикасында ғана ауру тіркелген. Республика аума­ғын­дағы басқа фабрикаларда құс тұмауы анықталған жоқ», деді спикер.

С.Омаровтың айтуынша, өтем­ақы­ға тиісті қаражат бөлініп, жұмыс тобының шешімі бойынша төле­нетін болады. Министрліктің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда құс тұмауынан 593 мың құс қырылған.

Елімізде 36 құс фабрикасы жұ­мырт­қа өндірумен айналысады. Вете­­ринарлық-санитарлық норма­ларға сәйкес, құс тұмауы тіркелген екі құс фабрикасының жұмысы 4 айға дейін тоқтатылады. Белгіленген мер­зімнен кейін кәсіпорындарда жұмыс жанданады.


Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/251434-ghylymi-dgumystargha-subsidiya-beriledi