Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді. Бірақ даму қарқынына көңіл толмайтын тұстары бар. 220 млн гектар ауыл шаруашылығына жарамды жері бар ел өнім экспорты жөнінен әлем елінің алдыңғы қатарында тұрса керек-ті. Өкінішке қарай, әлемнің көптеген елімен салыстырғанда экспортымыз тым мардымсыз.
Мәселен, алақандай жері бар Дания, Нидерланд секілді елдер жылына жүздеген млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. Ал біздегі экспорт көлемі олардың шығарған өнімдерінің оннан бір бөлігіне де жетпейді. Сондықтан әлемдік деңгейде бәсекеге түсу туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.
Алысқа бармай-ақ өзіміз мүшесі болған Еуразиялық экономикалық одақ аясында әңгіме қозғайық. Бұл одақта былтыр қыркүйек-қазан айларында 101,3 млрд доллардың өнімі өндірілді. 2018 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда өнім көлемі 3 пайызға өскен. Армения – 1 млрд 247,8 млн, Қырғызстан – 2 млрд 760 млн, Беларусь – 8 млрд 970,7 млн, Қазақстан – 11 млрд 866,4 млн, Ресей – 76 млрд 503,8 млн доллардың өнімін өндірді. Қарасаңыз, қай елдің болсын Қазақстаннан кемдігі жоқ. Қайта бізден жер көлемі он есе, халық саны екі есе кем Беларусь елінің ауыл шаруашылығындағы жағдайы мығым екенін бағамдауға болады.
Сонда бізді артқа тартқан не деген сұрақ туындайды. Әрине жетіспей жатқан дүние көп. Әлемнің дамыған елдерінің аграрлық секторына жаңа технологиялар жиі енгізілуде. Бізде техника мен технология тапшы, жол қатынасы да нашар. Бүгінгінің басты құралдарының бірі интернет те ауылға дұрыс барып тұрған жоқ. Міне, осы көп жетіспеушіліктің арасында ауыл шаруашылығының алғы шебінде нақты еңбекпен шұғылданып отырған адамдарда заманауи ғылым мен білім жетіспеушілігі жылдар өткен сайын айқын көріне бастады.
Әрине шаруалар мен диқандардың мал бағу, егін егу тәжірибесі бар. Бірақ құбылмалы заманда ол ескіріп қалғаны сезіледі. Басты кілтипан – тәжірибенің жаңа технологиялардың келуіне жол аша алмауында, қайта оларды кері серпуінде.
Ауыл шаруашылығына білімнің жетіспейтіні бұрын байқала қоймайтын. Себебі шаруашылықтардың көбі ұсақталып, үй қасындағы шаруашылық деңгейіне түсіп кетті. Тіпті көлемі едәуір қожалықтардағы 100-150 бас сиыр мен 700-800 бас қойға бола маман ұстаудың қажеті жоқтай көрінетін. Бірақ өмір өз орнында тұрған жоқ. Ауыл шаруашылығына жаңалықтар енгізу жағынан әлем елдері алға басып келеді. Шет мемлекеттер ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді пайдалануға ұмтылып отыр. Дамыған елдердің фермерлері бұл салада білімді еңсеріп, енді ғылым жолына түсіп барады. Біздің елдің шаруалары соңғы отыз жылда бар білімінен айырылып қалды. Түбінде бұл мәселе саланың дамуы үшін басты кедергілердің бірі болуы мүмкін. Өйткені білімі жоқ адам білімнің арғы жағында тұрған ғылымды қайтпек?!
Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының жүз жылдан астам уақыт бұрын: «Қазақ жеріндегі шаруашылық іс – мал бағу мен егін егу. Мал бағу – қазақтың көптен істеп келе жатқан ісі, атакәсіп. Мал бағу жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де білеміз деп жүр. Қазақ мал бағу жайын білмейді деп біз де айтпаймыз. Бірақ білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау турасындағы білімі ең төмен қабатында. Қазақтың бұл білімі жердің молшылығында ғана білім болып жүр. Жер тарылса, бұл білімімен мал бағып күн көруге болмайды», дегені дәл бүгінге арналғандай өміршең қалпында.
Бұл олқылықты мемлекет те түсініп отыр. Сондықтан жылма-жыл жоғары оқу орындарына ауыл шаруашылығы мамандықтарына гранттарды молынан бөліп, жастарды оқу ісіне шақыруда. Бірақ нәтижелі іс көрінбей келеді. Неге? Мұның себебін бізге «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ басшысы Төлеутай Рахымбеков түсіндірді.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша ауыл заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес аграрлық сала бойынша грантпен оқитын түлектер бұдан былай меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулер жойылған.
Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуды тәмамдаған ауыл тұрғындары қатарындағы азаматтарға квотамен жұмысқа орналасуға және өңірлерді кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді. Аталған мәселе осы жобада да қарастырылмақ.
– Қай заманда да кез келген саланың немесе мемлекеттің дамытушы күші ғылым екені баршаңызға мәлім. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге алып шыға алатын жалғыз бағыт бар. Бұл – аграрлық ғылымның дамуына жол ашу. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның және өндірістің басын қосып, агросектордың қарқынды дамуына қызмет ету – біздің Аграрлық орталықтың басты мақсаты. Аграрлық сектор экономиканың жаңа секторына айналуы керек, – дейді Т.Рахымбеков.
Аграрлық ғылыми-білім беру орталығының материалдық-техникалық базасы 280 мың гектар жер учаскелерін, аумағы 1 400 мың шаршы метр ғимараттар мен құрылыстарды қамтиды. 5 мың ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік, 7 мыңнан астам зертханалық жабдық бар. Орталық құрамына 40 еншілес ұйым мен 35 филиал, соның ішінде 3 аграрлық университет, 13 ғылыми-зерттеу институты, 3 ғылыми өндірістік орталық, 18 АТС және ТШ, 3 сервистік компания енген. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қызметі ғылымды, білімді және өндірісті біріктіруге бағытталған. Қазақстан органикалық өнім өндіру және экспорттау бойынша әлемде жетекші ел болудың үлкен әлеуетіне ие. Орталық міне, осы әлеуетті ашу мақсатында жұмыс істеуде.
Еліміздің ауыл шаруашылығы болашақта өзін өзі асырауға да, сонымен қатар басқа салалардың дамуына дем беруге де қабілетті. Барлық мәселе осы істі дұрыс ұйымдастыра білуде және жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауда тұр. Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, еліміздің шетелге шығаратын экспорттық өнімдерінің жалпы көлемі 48 млрд доллар болса, ауыл шаруашылығының осыған қосқан үлесі бар болғаны 3 млрд долларды ғана құрап отыр. Бұл – өте аз. Біз оны алдағы уақытта 20 млрд долларға дейін жеткізе аламыз. Оның жолдары бізде бар. Тек істі дұрыс ұйымдастырумыз және жемқорлықты ауыздықтауымыз қажет. Міне, сол кезде ауыл шаруашылығы өзін ғана асырап қоймай, басқа да салалардың дамуына дем береді. Мәселен, ауыл шаруашылығында ашылған 1 жұмыс орны басқа салаларда 7-8 жұмыс орнының ашылуына себеп бола алады екен, егер дұрыс саясат жүргізе білсек.
Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Негізінде ел ішінде соңғы кездері пайда бола бастаған жағымды жаңалықтар да бар. Мәселен, астықты облыстарда кейбір шаруашылықтар оның әр гектарынан 40-50 центнерден, тіпті одан да жоғары өнім алуда. Атап айтсақ, Қарағанды облысының «Найдоров шаруашылығы» ЖШС ғалымдардың кеңесін ұстана отырып 1 гектардан 55 центнерден өнім алды. Шығыс Қазақстанда бір шаруашылық әр сиырдан күніне 80 литр сүт сауып отырса, су тапшы Атырау облысының фермері 150 гектар жерде алма бағын жайқалтып өсіреді. Жамбыл облысының Айша бибі ауылында ауыл тұрғындарының басын біріктірген ауыл шаруашылығы кооперативі сүт тапсыруды жақсы жолға қойған. Есептеп көрсек, әр қатысушы осыдан ғана айына орта есеппен 150 мың теңгеге дейін табыс табады екен.
Міне, осылардың барлығы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ене бастаған жаңа технологиялардың беріп отырған мүмкіндігі. Әйтпесе, соңғы 65 жылдан бері елімізде астықтың жыл сайынғы шығымы орта есеппен алғанда 13 центнерден асқан емес. Енді жаңа технологияларды белсенді енгізуге жағдай туғызу арқылы осы сеңді бұзуға болады. Егер істі дұрыс ұйымдастыра білсек, еліміздің ауыл шаруашылығы ауыл халқының қолын бақуатты тұрмысқа жеткізетін экономиканың көшбасшы саласына айналмақ.
Бұл істің алғашқы қарлығаштары соңғы уақытта көрініс бере бастады. 2018 жылы 12 шаруа қожалығы мен 3 құс фабрикасы цифрландыруға көшіріліп, мал шаруашылығына бейімделген 12 қожалық «smart-ферма» мәртебесіне ие болған еді. 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршылар мен ІТ қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырды. Жыл қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығында қосымша 16 «цифрлы» шаруашылық, ал мал шаруашылығында 6 smart-ферма пайда болды. Сөйтіп елімізде компьютерлік жүйелер арқылы автоматтандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жалпы саны 49-ға жетті.
Осы ретте еліміздің ауыл шаруашылығында ғылым мен білімді дамыту бағытындағы тағы бір жағымды жаңалық, үстіміздегі жылдан бастап ғылыми-зерттеулерді қаржыландырған шаруалардың шығыны өтелетін болады. Агробизнестің және осы саладағы ғалымдардың өзара қызығушылықтарын арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық заңнамаға өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа заңға сәйкес агробизнес үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жаңа субсидия қарастырылады. Ережеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ғылыми мекемелердің қызметтерін сатып алуға жұмсалған шығындарының 80 пайызы мемлекет тарапынан өтелетіні анықталған. Бұл жағдайда субсидия алушы шаруалар тарапынан бірлесе қаржыландыруға тек 20 пайыз ғана қаржы жұмсалады.
Бұл істің алдағы уақытта ауыл шаруашылығындағы ғылым мен білімді дамытуға пайдасы мол болмақ. Өйткені Т.Рахымбековтің айтуынша, бізде ғылыми бай мұра бар, сондай-ақ отандық аграрлық ғылым жүргізген жұмыстарға лайықты бағасын беру керек. Бізде ғылым бар және ол тәжірибелі нәтижеге жұмыс істей алады. Алайда қазіргі кезде мойындауымыз керек, бұл саладағы тиімділік тиісті деңгейде емес. Екінші жағынан қарағанда, ғылым бизнес қажеттілігінен ажырап қалған. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің тек 8 пайызы өндіріске енгізіледі.
Т.Рахымбековтің сөзіне қарағанда, басты проблема – өндіріске ғылыми-зерттеулер нәтижелерін ілгерілетуге ықпал ететін инфрақұрылымның, инновациялық жүйенің тиісті деңгейде болмауы. Кадрлық проблемалар да бар.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/250326-agrarlyq-sektordy-ghylym-orkendetedi