вт, 09/29/2020 - 17:26
Новости

Еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласы дамып келеді. Бірақ даму қар­қынына көңіл толмайтын тұстары бар. 220 млн гектар ауыл ша­руашылығына жарам­ды жері бар ел өнім экспорты жөнінен әлем елінің алдыңғы қатарында тұрса керек-ті. Өкінішке қарай, әлемнің көптеген елімен салыстырғанда экспортымыз тым мардымсыз.
 

Мәселен, алақандай жері бар Дания, Нидерланд секілді елдер жылына жүздеген млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. Ал біздегі экспорт көле­мі олардың шығарған өнім­дерінің оннан бір бөлігіне де жетпейді. Сондықтан әлемдік деңгейде бәсекеге түсу туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.

Алысқа бармай-ақ өзіміз мүшесі болған Еуразиялық экономикалық одақ аясында әңгіме қозғайық. Бұл одақ­та былтыр қыркүйек-қазан ай­ларында 101,3 млрд доллар­дың өнімі өндірілді. 2018 жыл­дың аталған мерзімімен салыс­тыр­ғанда өнім көлемі 3 пайы­з­ға өскен. Армения – 1 млрд 247,8 млн, Қырғызстан – 2 млрд 760 млн, Беларусь – 8 млрд 970,7 млн, Қазақстан – 11 млрд 866,4 млн, Ресей – 76 млрд 503,8 млн доллардың өні­мін өндірді. Қарасаңыз, қай ел­дің болсын Қазақстаннан кем­дігі жоқ. Қайта бізден жер көле­мі он есе, халық саны екі есе кем Беларусь елінің ауыл ша­руа­шылығындағы жағдайы мығым екенін бағамдауға болады.

Сонда бізді артқа тартқан не деген сұрақ туындайды. Әрине жетіспей жатқан дүние көп. Әлемнің дамыған елдерінің аграрлық секторына жаңа технологиялар жиі енгізілуде. Бізде техника мен технология тапшы, жол қатынасы да нашар. Бүгінгінің басты құралдарының бірі интернет те ауылға дұрыс барып тұрған жоқ. Міне, осы көп жетіспеушіліктің арасында ауыл шаруашылығының алғы шебінде нақты еңбекпен шұғылданып отырған адамдарда заманауи ғылым мен білім жетіспеушілігі жылдар өткен сайын айқын көріне бастады.

Әрине шаруалар мен диқан­дардың мал бағу, егін егу тә­жірибесі бар. Бірақ құбыл­­малы заманда ол ескіріп қалға­ны сезіле­ді. Басты кілти­пан – тәжіри­бе­нің жаңа техно­ло­гия­лардың келуіне жол аша алмауында, қайта оларды кері серпуінде.

Ауыл шаруашылығына бі­лім­­нің жетіс­пей­тіні бұрын бай­қала қоймайтын. Себебі шаруа­шылықтардың көбі ұсақталып, үй қасындағы шаруашылық дең­гейіне түсіп кетті. Тіпті кө­ле­мі едәуір қожалықтардағы 100-150 бас сиыр мен 700-800 бас қойға бола маман ұстаудың қа­жеті жоқтай көрінетін. Бірақ өмір өз орнында тұрған жоқ. Ауыл шаруа­шылығына жаңа­лық­­тар енгізу жағы­нан әлем ел­дері алға басып келеді. Шет мем­­­ле­­кет­тер ауыл шаруашы­лы­­ғында жаңа техно­логиялар мен әдіс-тәсілдерді пайда­лану­­ға ұмтылып отыр. Дамыған ел­дер­дің фер­мер­лері бұл салада білім­­ді еңсеріп, енді ғы­лым жолына түсіп барады. Біздің елдің ша­­руа­­лары соңғы отыз жылда бар білімінен айы­рылып қалды. Тү­бінде бұл мәселе сала­ның дамуы үшін басты кедергілер­дің бірі болуы мүмкін. Өйт­кені б­і­лімі жоқ адам білім­нің арғы жа­­ғын­­да тұрған ғылымды қайтпек?!

Осы ретте Ахмет Байтұр­сын­­­ұлының жүз жылдан астам уақыт бұрын: «Қазақ жеріндегі шаруашылық іс – мал бағу мен егін егу. Мал бағу – қазақтың көп­тен істеп келе жатқан ісі, атакәсіп. Мал бағу жайын еш­кім­нен үйренбей-ақ, өзіміз де біле­міз деп жүр. Қазақ мал бағу жа­йын білмейді деп біз де айтпай­мыз. Бірақ білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау тура­сындағы білімі ең төмен қаба­тында. Қазақтың бұл білімі жер­дің молшылығында ғана білім болып жүр. Жер тарылса, бұл білімімен мал бағып күн көруге болмайды»,  дегені дәл бүгінге арналғандай өміршең қалпында.

Бұл олқылықты мемлекет те түсініп отыр. Сондықтан жылма-жыл жоғары оқу орын­дарына ауыл шаруашылығы маман­дықтарына гранттарды молынан бөліп, жас­тарды оқу ісіне шақыруда. Бірақ нәтижелі іс көрінбей келеді. Неге? Мұның себебін бізге «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ басшысы Төлеутай Рахымбеков түсіндірді.

Оның айтуынша, агроөнер­кәсіптік кешенді реттеу мәселе­лері бойынша  ауыл заң­на­маға тиісті өзгерістер енгізілді. Осы­ған сәйкес аграрлық сала бойынша грантпен оқитын түлектер бұдан былай меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулер жойылған.

Аталған өзгерістер ауыл ша­руа­шылығы мамандықтары бойынша оқуды тәмамдаған ауыл тұрғындары қатарындағы азаматтарға квотамен жұмысқа орналасуға және өңір­лер­ді кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету дең­гейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгінгі таңда елі­міздің агроөнеркәсіп ке­ше­­нін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арнал­ған мемлекеттік бағ­дарламасына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді. Аталған мәселе осы жобада да қарастырылмақ.

– Қай заманда да кез келген саланың немесе мемлекеттің дамытушы күші ғылым екені баршаңызға мәлім. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге алып шыға алатын жалғыз бағыт бар. Бұл – аг­рар­лық ғылымның дамуына жол ашу. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның және өндірістің басын қосып, агросектордың қарқынды дамуына қызмет ету – біздің Аграрлық орталықтың басты мақсаты. Аграрлық сектор экономиканың жаңа секторына айналуы керек, – дейді Т.Рахымбеков.

Аграрлық ғылыми-білім беру орталығы­ның материал­дық-техникалық базасы 280 мың гектар жер учаскелерін, аума­ғы 1 400 мың шаршы метр ғимараттар мен құры­лыс­тар­­ды қамтиды. 5 мың ауыл ша­руа­­шылығы техникасы мен ав­токөлік, 7 мың­нан астам зерт­ханалық жабдық бар. Ор­та­лық құрамына 40 еншілес ұйым мен 35 филиал, соның ішінде 3 аграрлық университет, 13 ғы­лыми-зерттеу институ­ты, 3 ғы­лы­ми өн­ді­рістік орта­лық, 18 АТС және ТШ, 3 сер­вис­­тік ко­м­пания енген. Ұлттық аг­рар­­лық ғылы­ми-білім беру орта­лы­ғы­ның  қызметі ғылым­­ды, білім­ді және өндірісті бірік­тіруге б­ағыт­­талған. Қазақстан орга­ни­калық өнім өндіру және экспорттау бойынша әлемде жетек­­ші ел болудың үлкен әлеуе­тіне ие. Орта­лық міне, осы әлеует­ті ашу мақсатында жұмыс істеуде.

Еліміздің ауыл шаруашы­лығы болашақ­та өзін өзі асы­рауға да, сонымен қатар бас­қа салалардың дамуына дем беруге де қабі­летті. Барлық мәселе осы істі дұрыс ұйым­дастыра білуде және жең ұшынан жалғас­қан сыбайлас жемқорлықты ауыз­дық­тауда тұр. Төлеутай Рахым­бековтің айтуынша, еліміздің шетелге шығаратын экспорттық өнімдерінің жалпы көлемі 48 млрд доллар болса, ауыл ша­руашылығының осыған қос­қан үлесі бар болғаны 3 млрд дол­ларды ғана құрап отыр. Бұл – өте аз. Біз оны алдағы уақыт­та 20 млрд долларға дейін жеткізе аламыз. Оның жол­дары бізде бар. Тек істі дұрыс ұйым­дастырумыз және жемқорлықты ауыздықтауымыз қажет. Міне, сол кезде ауыл шаруашылығы өзін ғана асырап қоймай, басқа да салалардың дамуына дем береді. Мәселен, ауыл шаруа­шылығында ашылған 1 жұмыс орны басқа салаларда 7-8 жұмыс орнының ашылуына себеп бола алады екен, егер дұрыс саясат жүргізе білсек.

Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Негізінде ел ішінде соңғы кездері пайда бола бастаған жағымды жаңа­лықтар да бар. Мәселен, астық­ты облыстарда кейбір шаруа­шылықтар оның әр гектарынан 40-50 центнерден, тіпті одан да жоғары өнім алуда. Атап айтсақ, Қарағанды облысының «Найдоров шаруашылығы» ЖШС ғалымдардың кеңесін ұстана отырып 1 гектардан 55 центнерден өнім алды. Шығыс Қазақстанда бір шаруашылық әр сиырдан күніне 80 литр сүт сауып отырса, су тапшы Аты­рау облысының фермері 150 гектар жерде алма бағын жай­қал­­тып өсіреді. Жамбыл облы­сы­ның Айша бибі ауылында ауыл тұрғындарының басын бі­рік­тірген ауыл шаруашылығы коо­пе­ративі сүт тапсыруды жақсы жолға қойған. Есептеп көрсек, әр қатысушы осыдан ғана айына орта есеппен 150 мың теңгеге дейін табыс табады екен.

Міне, осылардың барлығы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ене бастаған жаңа тех­нологиялардың беріп отыр­ған мүм­кіндігі. Әйтпесе, соңғы 65 жылдан бері елімізде астық­тың жыл сайынғы шығы­мы орта есеппен алғанда 13 центнерден асқан емес. Енді жаңа технологияларды белсенді ен­гі­зуге жағдай туғызу арқылы осы сең­ді бұзу­ға болады. Егер істі дұ­рыс ұйымдас­тыра білсек, елі­­міз­дің ауыл шаруашылығы ауыл хал­­қы­ның қолын бақуат­ты тұр­мысқа жеткізе­тін эконо­ми­каның көшбасшы саласына айналмақ.

Бұл істің алғашқы қарлы­ғаш­тары соңғы уақытта көрініс бере бастады. 2018 жы­лы 12 шаруа қожалығы мен 3 құс фабрикасы цифрлан­ды­ру­ға көшіріліп, мал шаруа­шылы­ғына бейімделген 12 қо­жа­лық «smart-ферма» мәрте­бе­­сіне ие болған еді. 2019 жы­­лы Ауыл шаруашылығы ми­­­нистр­лігі аграршылар мен ІТ қауымдастықтар арасын­дағы өзара іс-қимылды қам­та­­ма­сыз ету жөніндегі жұмыс­ты жал­ғас­тырды. Жыл қорытын­ды­сы бо­йын­ша өсімдік шаруа­шы­лы­­ғын­да қосымша 16 «цифрлы» ша­руашылық, ал мал ша­руа­шы­лығында 6 smart-фер­ма пайда болды. Сөйтіп елі­міз­де компьютерлік жүйелер ар­қылы автоматтандырылған ауыл ша­руа­шылығы кәсіпорын­дары­ның жалпы саны 49-ға жетті.

Осы ретте еліміздің ауыл ша­руашы­лы­­ғын­­да ғылым мен білімді дамыту бағы­тын­­дағы тағы бір жағымды жаңалық, үсті­міз­дегі жылдан бастап ғылыми-зерттеу­лер­ді қаржыландырған шаруалардың шығы­­ны өтелетін болады. Агробизнестің және осы саладағы ғалымдардың өзара қызы­ғу­­шы­лық­тарын арттыру үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігі салалық заңнамаға өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа заңға сәйкес агро­бизнес үшін ғылыми-зерттеу және тәжі­­ри­белік-конструкторлық жұмыс­тар жүргізуге жаңа субсидия қарас­тырылады. Ережеге сәй­кес ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілерінің ғылыми мекеме­лердің қызметтерін сатып алуға жұмсалған шығындарының 80 пайызы мемлекет тарапынан өтелетіні анықталған. Бұл жағдайда субсидия алушы шаруалар тарапынан бірлесе қар­жы­ландыруға тек 20 пайыз ғана қаржы жұмсалады.

Бұл істің алдағы уақытта ауыл шаруа­шылығындағы ғылым мен білімді дамытуға пай­дасы мол болмақ. Өйткені Т.Ра­хым­бековтің айтуынша, бізде ғылыми бай мұра бар, сон­дай-ақ отандық аграрлық ғылым жүргізген жұмыстарға лайықты бағасын беру керек. Бізде ғылым бар және ол тәжі­рибелі нәтижеге жұмыс іс­тей алады. Алайда қазіргі кезде мо­йын­дауымыз керек, бұл сал­адағы тиімділік тиіс­ті дең­гейде емес. Екінші жа­ғы­нан қара­ғанда, ғылым бизнес қажет­ті­лігінен ажырап қалған. Ғылы­ми-техникалық қызмет нәтижелерінің тек 8 пайызы өндіріске енгізіледі.

Т.Рахымбековтің сөзіне қарағанда, бас­ты проблема – өндіріске ғылыми-зерт­теу­лер нәтижелерін ілгерілетуге ықпал ететін инф­рақұрылымның, инновациялық жүйенің тиісті деңгейде болмауы. Кадрлық проблемалар да бар.


Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/250326-agrarlyq-sektordy-ghylym-orkendetedi