Дс, 02/10/2020 - 16:08
Жаңалықтар

Мейірман Ғалиолла Төлендіұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі.

Мейірман Ғ.Т. 1946 жылы Алматы облысы Берлітөбе (қазіргі Қаратал) ауданында дүниеге келген. 1969 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін үздік бітірді. Өзінің еңбек жолын 1969-1971 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтында тұқым шаруашылығы бөлімінің бастығы болып бастады.
1972-1973 жылдары аспирантурада оқып, ал 1974 жылы селекция және тұқым шаруашылығы кафедрасының ассистенті болып жұмыс істеді. 1974-1991 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу шабындық-жайылымды шаруашылығы институтында (қазіргі Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ) жұмыс істеді. 1976-1991 жылдары бас директордың орынбасары, мал азығы дақылдары бойынша селекция орталығының жетекшісі. 1991-1993 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясында жұмыс істеді.
1993-2000 жылдары Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2000-2002 жылдары В.Р. Вильямс атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы егіншілік институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2002-2004 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің өсімдік шаруашылығындағы селекция және биотехнология кафедрасының профессоры, 2005 жылдан бастап Ғалиолла Төлендіұлы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ГЗИ-де қызмет атқарды.
1990 жылы «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1992 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының, кейіннен ҚР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1995 жылы агрономия профессоры ғылыми атағы беріліп, сол жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы академигі атанды.
Мейірман Ғ.Т. ҚазССР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет Грамотасымен (1985,1987), Аграрлық зерттеу Ұлттық орталығының Құрмет Грамотасымен (1996), ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Еңбек даңқы» медалімен, Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атты медалімен марапатталған.
95 ғылыми еңбегі жарық көрді, ауылшаруашылық дақылдарының 16 сұрпын жасап, мемлекеттік сұрып сынағына берді. Оның ішінде жоңышқа сұрыптары – Қапшағай 80, Дархан, Жайнақ, Көкорай, түйежоңышқа – Аркас және Сарайшық, рапс – майлы түрі, күріш сұрыптары – Арал 202 және Ару түрлері пайдалануға рұқсат етілген.