Сс, 02/18/2020 - 18:29
Жаңалықтар

 

2020 жылғы 18 ақпанда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков ҚР Мәжіліс Парламентінің АӨК аграрлық ғылым және білім беру мәселелері бойынша дөңгелек үстелде сөз сөйледі.

Төлеутай Рақымбеков ҰАҒБО ғылыми жетістіктері, аграрлық ғылымда бар мәселелер және Орталық алдына қойылған мақсаттар туралы ақпараттандырды.

ҰАҒБО Басқарма Төрағасы қазір Орталық аграрлық ғылымды трансформациялауға кіріскенін баяндап, жүзеге асырылып жатқан шараларды атап өтті: институттарды университеттер құрамына қосу арқылы санын қысқарту, үздік жеке агроқұрылымдарды жұмылдыру есебінен тәжірибелі шаруашылықтар санын 40-қа дейін ұлғайту, ҒЗИ қаржыландыруынан ғылымдарды қаржыландыруға көшу, трансферт пен технологияларды коммерцияландыруға бюджеттік қаражатты бөлу, ұжымдық қолданыстағы зертханалар құру, сонымен қатар ғылымның тәуелсіз сараптамасын енгізу. ҰАҒБО құрған ҒЗИ-лердің өзекті нәтижелерінің электрондық қоры деректеріне сәйкес бүгінгі күні Орталықта 700-ге жуық ғылыми жұмыстар бар.

«Біз ҒЗИ мен ЖОО ғылыми-білім беру қызметі саласында негізгі өзгертулер ұсындық. Оның ішінде аграрлық ЖОО-ларды зерттеулік университеттерге айналдыру, ҒЗИ ғалымдарының оқытушылық қызметінің уақыт үлесін 20%-ға дейін ұлғайту, ал ЖОО оқытушыларының ғылыми қызметіне бөлінетін уақытты 30%-ға  дейін ұлғайту енгізілген», - деп толықтырды Т. Рақымбеков.

Аграрлық ғылым алдында тұрған мәселелер туралы айтқан Т. Рақымбеков келесіні ескертті: «Біз отандық аграрлық ғылымдағы жағдайды талдап, сонымен қатар басқа елдер тәжірибесін зерттеп, білім беруді, трансферт пен технологияларды коммерцияландыру бойынша ұйымдастыру санының жеткіліксіздігі басты мәселе деген тұжырымға келдік». Осыған орай ҰАҒБО Ауыл шаруашылығында білімді тарату ұлттық жүйесін жасау бағдарламасын Үкімет қаулысымен жасап бекітуді ұсынды.

Бүгін ҰАҒБО шаруашылықты жүргізу дағдыларына ауыл тұрғындарын оқыту жүйесін жасауда және осыған орай үш сатылы оқыту жүйесін ұйымдастыруда: республикалық, облыстық және аудандық деңгейде. ҰАҒБО барлығы 200-ден астам Білім тарату орталықтарын құруды жоспарлауда. Дәл осы орталықтар ғылым, білім және агробизнес бірігуін байланыстырып тұратын буын болуы қажет. Бұл бағдарламаға қосымша бюджеттік қаражатты қажет етпейтінін ескерту орынды. ҰАҒБО ауыл тұрғындарын шаруаны жүргізу дағдысына оқытуда барлық мемлекеттік құралдарын, атап айтқанда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі («Еңбек» бағдарламасы) және Ұлттық экономика министрлігі («БЖК» бағдарламасы) саласы, сонымен қатар облыстық бюджет құралдарын біріктіруді ұсынады.

Т. Рақымбеков ҰАҒБО бастамасымен ғылыми кенттерді дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқандығын айтты. Орталық мекемелерінің біраз бөлігі ауылдық аймақтарда орналасқан және 32 ауыл үшін олар қала құраушы болып табылады. Оларда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің күрделі жөндеуі, тұрғын үйлерді салу, өздігінен жұмыспен қамтылғандардың табысын жоғарылатуға жағдай жасау қарастырылуда. Ол үшін барлық үш мемлекеттік бағдарламаның – «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі», «Еңбек», АӨК дамыту – мүмкіндіктерін қолдану ұсынылады. Бұл бастаманы жүзеге асыру жас ғалымдар үшін ауылдың тартымдылығын жоғарылатады.

Сөз соңында Т. Рақымбеков депутаттарға ҰАҒБО-ның аграрлық ғылымды қаржыландыру мен дамытуға қатысты ұсыныстарын қолдау  жөнінде өтінішін жеткізді.