Сн, 02/22/2020 - 13:54
Жаңалықтар

Т.Рақымбеков ҚазҰАУ-да ұйымдастырылған «Ғылым күні» шарасына қатысты

 

2020 жылдың 22 ақпан күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ғылым күні» шарасы өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қолдауымен ұйымдастырылған іргелі оқу орнының 90 жылдық мерейтойы аясындағы шараға саланың білікті мамандары, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, аграрлық жоғары оқу орындарының өкілдері, ірі агроқұрылымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, ауыл кәсіпкерлері қатысты.

 

Жиында сөз алған ҰАҒБО Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков еліміздегі аграрлық ғылымның өзекті мәселесінің бірі – білім беру, технологиялар трансферті және коммерцияландырудың нақты  жүйесінің жоқтығын баса айта келе, өңірлерде аудандық агроколледждер мен кәсіпкерлер палаталары базасында ауылдық ақпараттық-консультациялық пункттер жүйесін қалпына келтіру қажеттілігін алға тартты.

 

Баяндама барысында Т.Рақымбеков қазіргі уақытта аграрлық ғылымды заман талабына сай трансформациялауда орталықтың атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.  Атап айтқанда, институттардың көпшілігін университеттер құрамына беру арқылы қысқарту, үздік жеке агроқұрылымдарды тарту есебінен тәжірибелі шаруашылықтардың санын 40-қа дейін арттыру, тәжірибелік жұмыстарға жұмсалған шығындардың үлесін 40%-ға дейін арттыру, ҒЗИ-ден гөрі ғалымдарды қаржыландыруға көшу, технологияларды трансферттеу мен коммерцияландыруға бюджет қаражатын бөлу, ұжымдық пайдалану зертханаларын құру, ғылымның тәуелсіз сараптамасын енгізу, тәжірибелік шаруашылықтардың функционалын өзгерту.

Басқарма төрағасы өз сөзінде «Біз ҒЗИ мен ЖОО-ның ғылыми-білім беру саласына енгізуге қажетті негізгі өзгерістерді ұсындық. Олар аграрлық жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялауды, ҒЗИ ғалымдарының оқытушылық қызметке уақыт үлесін 20%-ға дейін, ал жоғары оқу орындарының оқытушыларын ғылыми қызметке 30%-ға дейін арттыруды қамтиды»,- деп атап өтті.

ҰАҒБО Басқарма төрағасы аграрлық ғылымдағы кадрлар тапшылығы мәселесіне жеке тоқталып, бейінді жоғары оқу орындарының түлектері мамандық бойынша жұмыс істемейтінін айта келе Орталық ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру жұмыстарын жүргізіп отырғанын тілге тиек етті.

Осы орайда Т.Рақымбеков: «Мекеме фермерлермен лицензиялық шарттар жасасады және олардан зияткерлік меншікті пайдаланғаны үшін роялти алады. Ғалымдарға роялти сомасының 30%-ы төленеді, ҒЗИ-ға 30%-ы аударылады, жаңа зерттеулер қорына 40%-ы аударылады. Біздің орталық зерттеу жұмыстарына фермерлермен келісімшарт жасап, ғалымдар мен ҒЗИ-дан тапсырыс орналастырып, ғылыми жұмысқа ақы төлейтін болады. Фермерлер шығындарының 80%-ына дейін субсидияланады. Зияткерлік меншік құқығы Орталыққа және ғалымға тиесілі болып, одан әрі нарықта басқа тапсырыс берушілер арасында сатылады. Бұл ғылымға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді», - деді.

 

Шара модераторы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов  агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамыту мәселелері мен оқу орнының әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану барысы бойынша мазмұнды баяндама жасады.

 

Универсиеттегі «Ғылым күні» аясында қонақтар ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб құрамындағы  Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымындағы жетістіктермен танысып, ғалымдармен, білім алушы жастармен пікірлесті.