Сс, 06/16/2020 - 01:26
Жаңалықтар

Шөлейттену – бүкіл Орталық Азияға тән проблема.

Кейінгі жиырма жылда аймақта жер құнары күрт төмендеген. Кейбір дерек бойынша, Түркіменстанның 70 пайыз жері шөлге айналған, Қазақстан мен Өзбекстанда да сортаң жерлер көбейген. Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күні қарсаңында осы мәселеге біраз ой жүгірттік.

Жалпы, шөлейттену дегенде Қазақстанды Орталық Азиядан бөліп қарауға болмайды. Өйткені бір өңір, бір экожүйе. Әлемдегі құрғақ климаттың бірі осы аймақта. Соңғы 10-15 жылдағы адамдардың келтірген зияны да мұндағы қиын жағдайды ушықтырып жіберген. Елімізде шөлейттенген жерлер көбінесе оңтүстік, батыс және орталық аймақта орналасқан. Үкімет күрескен сыңай танытады-ақ. Бірақ жалғыз Қазақстанның бөлген қаржысы аздық ететіндіктен, халықаралық ұйымдар барынша қолдау көрсетуге тырысқан. 2007–2017 жылдарға арналған БҰҰ бағдарламасына сәйкес, осы 10 жыл ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстандағы адам өмір сүруге қолайсыз жерлердің құнарлығын арттыру керек еді. Бүкіләлемдік Экология қоры, БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы және Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі, Азия даму банкі секілді қаржы ұйымдары, сондай-ақ Швейцария, Канада, Германия секілді мемлекеттердің үкіметтік ұйымдары бірлесіп, бұл халықаралық бағдарламаға 1 млрд 400 миллион доллар қаржы қарастырған. Жобада орманды жерлерді, жайылымдарды, астық пен бақша алқаптарын қорғау, ондағы биологиялық тіршілік түрлерін сақтау шаралары қамтылды. Алайда зор үмітпен басталған істің аяғы тұйыққа тірелді. Әуелде қыруар қаражат бөлінеді деп жарияланғанымен, бенефициарларды үйлестіру жұмыстары жасалмапты. Бағ­дар­­ламаны бір орталықтан ешкім басқармаған, Азия даму банкі жобадан 2010 жылы шығып кеткен. Сондықтан эколог­тардың пікірінше, аталмыш бағдарламадан нақты бір нәтиже шықпаған.

География институтының директоры Ахметқал Медеу Қазақстанда 60-жылдардан бері шөлейттенуге бейім аумақтың 10-12 пайыз ұлғайған деп санайды. Қазіргі таңда оның шекарасы елдің солтүстігіне, астықты аумақтарға қарай ойысыпты. Селдір-селдір орманды алқаптар да сол өңірде екенін ескерсек, іс насырға шауып барады. Айтпақшы, топырақтың азып-тозуы қоршаған ортаға емес, азық-түлік қауіпсіздігіне де кесірін тигізеді. Ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының док­торы, профессор Абдолла Сарапов­­­тың айту­ынша, жабайы тозаң­датқыштар азайғандықтан, жеміс-жидек пен көкөністің өнімділігі төмендеген.

– Өзіңіз білесіз ғой, құнарлы жерде өнім мол шығады. Мысалы, елімізде қазір топырақтың құна­ры қатты нашарлады. Біздің топырақтың қара шіріндісі аз. Соңғы 10-15 жылда топырақ тозды. Оған шара қолданбаса, бара-бара топырағымыз тасқа айналады. 30 пайыз жеріміз шөлейттенуге бейім. Үкімет жұмыс істеп жатыр. Ресми құжаттарда құдық қазу, жайылым жерлерді суғару, тыңайтқыш көлемін көбейту секілді жоспарлар көрсетіледі. Шаруа қожалықтары өз иелігіне агрохимиялық зерттеу жүргізсе, мемлекет субсидия береді. Оның есебі менің қолымда жоқ. Бірақ нәтиже бар дей алмаймын, – дейді Топырақтану ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ Конвенциясының ұлттық үйлес­тірушісі Қайрат Үстеміровтің пайымдауынша, бұл – өте өзекті экологиялық проблема. Демек, оны заманауи технологияларды қолдану арқылы шешкен дұрыс.

– Шөлейттену бірінші табиғи факторлардан болса, екінші жағынан адамдар әсер етеді. Ормандарды отап, карьерлер қазып, топырақтың эрозиясын қолдан жасайды. Салдарынан жайылым жерлер жойылып барады, – дейді Қайрат Үстеміров.

Жасанды шөлейттенуді табиғи шөлейттенумен шатастырмаған жөн. Табиғи шөлді аумақтар – өзінің өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі бар кәдімгі экожүйе. Қазақстанда Балқаш жағалауы мен Арал өңірі проблемалық аймақтар қатарына кіреді. Арал теңізінің құрғауынан 6 млн гектардан астам жер бұрынғы су алқабынан босап қалды. Жыл сайын теңіздің тандырдай суалған табанынан ауаға 100 млн тоннадан аса тұз, шаң, құм көтеріледі. Осыған орай, 1980 жылдан бастап отандық орманшылар сексеуіл егіп, құм мен тұз дауылын тоқтатуға барын салуда. Мысалы, 2018-2020 жылдар аралығында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Кореяның орман қызметі мен Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қоры бірлесіп, Аралдың 13 300 гектар табанына 5 млн сексеуіл көшетін отырғызған. Елімізде сексеуіл өсімдігі орман құрайтын ағаш түрлерінің 60 пайызынан асады. Бір сексеуіл тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстап тұруға қабілетті.

Ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Қазір Қазақстанда бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, көгалдандыруға арналған «Жасыл даму» жобасына ерекше екпін түсірген абзал. Сондай-ақ «жасыл экономикаға» өтудің ұзақмерзімдік стратегиясы әзірленген. Елорда төңірегіне егілген жасыл белдеудің де пайдасы орасан. Ол климатты жұмсартып, суық ауаның, жел мен шаң-тозаңның қалаға әсерін азайтты.

Әлқисса, ұлы классик Әуезов­тің «Абай жолынан» ерекше әсер алған шетелдің бір саяхатшысы оқығанын өз көзімен көруге құмартып, қасиетті Абай топырағына келіпті. Жидебай қонысындағы Абай кесенесінің биігінде тұрып, шетсіз-шексіз өлі тыныштықтың құрсауында жатқан меңіреу далаға қарап: «Мен Әуезов суреттеген ғажайып табиғатты көрмей тұрмын» депті… Рас-өтірігін қайдам, әйтеуір бұрынғы табиғат пен бүгінгі табиғаттың арасы жер мен көктей екені анық. Осы бетімен жүгенсіз жіберсек, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз?

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/topyraghymyz-tasqa-ajnalmasyn/?fbclid=IwAR2kgu_Q8fdBoDflutBOQTkls8XcoAkvGeYwcO2HXuTWSm6BkbBB7WNo2es