Бс, 06/18/2020 - 20:04
Жаңалықтар

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ТМД жетекші аграрлық ЖОО ректорлары Кеңесінің кезекті оn-line отырысы  өтті.

2020 жылғы 21 мамырда өткен Кеңестің алдыңғы отырысы «Коронавирус пандемиясы жағдайында білім беру қызметін ұйымдастыру» мәселеріне арналған болатын.

Аграрлық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының жай-күйін талқылау және ұйымдастыру, серіктес университеттердің ғылыми инфрақұрылымына ашық қол жеткізу, халықаралық байланыстарды дамыту, халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен бағдарламалар мен жобаларға қатысу, халықаралық және ұлттық рейтингтерді арттыру т.б. мәселелер бойынша ықпалдаса жұмыс атқаруда Кеңес қызметі өз тиімділігін көрсетіп келеді.

Осы орайда, ТМД жетекші аграрлық ЖОО ректорлары Кеңесінің Төрағасы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Есполов Тілектес Исабайұлының ұсынысы бойынша Кеңес отырысы бұл жолы «Ашық аграрлық ғылым» платформасы базасында ғылыми қызметті интеграциялау» тақырыбына арналды.

1

Бүгінгі күні университеттердің ғылыми әлеуеті артып, инновациялық бағыттары қарқынды дамып, экономиканы алға сүйрейтін қуатты күшке айналуда. Соңғы уақыттағы сын-қатерлер білім, ғылымға деген жаңа көзқарас қалыптастырды. Әр елдегі ғалымдардың күш-жігері бірікпей, кездескен ортақ проблемаларды тиімді шешу мүмкін еместігі айқын көрінді. Бұл ретте, зерттеу саласына басымдық беретін жоғары оқу орындарының интегарциялануы маңызды сипатқа ие болуда.

Кеңес жұмысына қазақстандық мамандармен қатар Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстан, Украина елдеріндегі аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушы-ғалымдары қатысып, ғылыми қызметті интеграциялау мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ Санкт-Петербург мемлекеттік аграрлық университеті, Арктика мемлекеттік агротехнологиялық университеті, Одесса ұлттық азық-түлік технологиясы академиясы, Могилев Мемлекеттік азық-түлік университеті Кеңес жұмысына бақылаушы ретінде қатысты.

2

Оn-line отырыс барысында аграрлық ЖОО-лардың ғылыми-зерттеу жұмысы және жоғары білікті маман дайындаудағы ынтымақтастық мүмкіндіктері,  жерге орналастыру, кадастр және геодезия бойынша халықаралық интеграция, агротехнологиялар трансфертіндегі инновациялық тәсілдер, ғылым-білім-өндіріс интеграциясы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттырудағы ғылыми зертханаларды аккредиттеу және сертификаттау, ауыл шаруашылығындағы цифрлық шешімдер туралы тараптардың шағын баяндамалары мен хабарламалары тыңдалды.

Тікелей байланысқа шыққан әріптестер мәселені жан-жақты саралап, аграрлық саладығы проблемалар жайында сөз қозғап қана қоймай, оның шешу жолдарын талқылады. Кеңес жұмысының нәтижесінде ғылыми қызметті ұйымдастыру және қазіргі жағдайда халықаралық байланыстарды дамыту жөніндегі барлық ұсыныстар ескеріліп, алдағы уақытта бірлескен «Ашық аграрлық ғылым» платформасын құру Тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.

 

Кеңес отырысының сақталған бейнежазбасы төмендегі сілтемеде:

Facebook: https://www.facebook.com/profile.php?id=100043580851461