Сн, 05/30/2020 - 20:20
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысының Целиноград ауданына барды, деп хабарлайды «Хабар 24». Президент күн электр станциясының жұмысымен танысып, кірпіш зауытында болды. Егістік алқабын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйін көрді. «Hevel Kazakhstan» серіктестігіне қарасты күн электр станциясы биыл пайдалануға берілген. Қуаттылығы 100 МВт болатын станция құрылысына 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған. Жылына 148 миллион киловат сағат электр қуатын өндіріледі. Боранбай Жаркенов, серіктестік директорының орынбасары: – Біздің күн электр станциямыз тек Қазақстанда емес, ТМД елдерінің ішінде ең ірісі саналады.

Жоба ресейлік инвестордың қаражаты негізінде жүзеге асты. Олардың компаниясында инновациялық шешімдер қабылданатын технологиялық орталық бар. Құрылыс барысында компанияның өз әзірлемесі, атап айтқанда, гетероқұрылымды екі жақты күн модулі сынды инновациялық технология пайдаланылған. Бәрін асықпай көріп шыққан соң, Мемлекет басшысы елдегі жаңартылған қуат көзін пайдаланудың маңыздылығын айтты.

Аймаққа жұмыс сапары кезінде Президент дала жұмыстарымен де танысты. «Ең-Дала» аталатын серіктестіктің алқабын аралады. Жалпы биыл облыстың 4 миллион гектардан астам жеріне дән себілген. Оның 4,4 миллионы бидай мен дәнді дақылдың үлесінде. Ермек Маржықпаев, облыс әкімі: – Біз биыл аса қажетті дәнді дақыл түрлерінің алқабын ұлғайттық. Былтыр күзде өзіңіз Көкшетауда берген тапсырмаңызға сәйкес диверсификация жүргіздік. Жем-шөп және майлы дақылдардар алқабын кеңейттік. Мемлекет тарапынан бөлінген субсидияның нәтижесінде элиталы тұқым 43 процентке өсті. Яғни біз биыл 425 мың гектарға егеміз. Серіктестік жаңа технологияға иек артады. Осының арқасында өнімділік артқан. Бұл шаруашылық тек егінмен айналыспайды. 12 жылдан бері мал да өсіріп келеді. Тасы өрге домалап тұр. Серіктестік еншісіндегі егістік кеңейіп, ірі қара мен жылқының басы еселенген. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Министрлік зор қолдау танытып отыр. Тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан тиісті көмек те беріліп жатыр. Тек бөлінетін қаражатты нәтижелі игеріп, жұмыс істеу керек. Енді азық-түлікке деген сұраныс артады. Індет осыны көрсетті. Сондықтан өнімділікті арттырмақ ләзім. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Мен кеше БҰҰ ұйымының форумында дамушы елдердің азық-түлікке деген қажеттілігін айттым. Қазақстанда жасалып отырған шаралар сол үдеден шығуға бағытталған. Азық-түлік дегенде бірінші нан ғой. Яғни бидай алқаптарын кеңейту уақыт талабы. Оның үстіне бидайдың державасы болған қазақ елінің өніміне деген сұраныс та артпаса кемімек емес. Президент ғылымға тағы көңіл бөлді бұл жолы. Ғылым мен өндіріс екі дара болса, нәтиже жоқтығын айтты.  Агрономия кішкене дамымай қалған еді. Бірақ қазір ғылыми институттар жұмыс істеп, шетелдік университеттермен байланыс орнатты. Енді қазір елде зерттеу институтыт құрылып жатыр. Ғылым демекші, осы Ақмола облысының Шортанды кентінде ғылыми өндірістік орталық бар. Тұқым түрлерін зерттеумен айналысады. Орталық мамандары ойлап тапқан жаңа тұқымдар Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының 4,8 млн гектарына егілген. Бұл жөнінде де Президентке бүгін есеп берілді. Кенже Абдуллаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры: – Біз өткен жылы 3 мың гектар алқапта дәлдік технологияны көрсеттік. Бұрын біз оны кітаптан, суреттен көретін болсақ, қазір соның бәрі біздің алқаптарға ендіріліп жатыр. Соның арқасында өнімді 2,5 есе көп алып жатырмыз және оның шығынын төмендетіп жатырмыз. Оны да жаңа Президент көрді. Қазір Америка, Германиядан келген технологияны ендіріп жатырмыз.

Президент керамикалық тас пен кірпіш өндіретін серіктестікке де барды. Кәсіпорын орны 2018 жылдың жазында ашылған. Автоматтандырылған. Испан технологиясымен жұмыс істейді. Жапондық роботтар орнатылған. Бұл жерде жылына 30 миллион дана кірпіш шығаратын мүмкіндік бар. Кәсіпорын 4 ауысыммен жұмыс істейді. 100 шақты адам еңбек етеді. Орташа жалақы – 200 мың теңге. Кірпіш елордаға, Қарағанды мен Көкшетау нарығына жіберіледі. Жұмыстармен танысқан соң Президент аймақтағы құрылысты сапалы салуды міндеттеді. Барлық инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеудің маңыздылығын айтты.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/item/399279-tauar-ndirushiler-memleket-tarapynan-berilgen-arazhatty-n-tizheli-igeruleri-kerek-prezident