Бс, 04/23/2020 - 10:22
Жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстарына кедергі болмауы тиіс. Қазір аймақтардың алды жер жырту, егін егу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл ретте шаруаларға кеңес беру үшін онлайн конференциялар ұйымдастарылып жатыр. Агроуниверситет өз әріптестерімен байланысты үзбейді. Ауылдық жерде дала жұмыстарына кіріскен шарулардың мамандардан сұрайтын, ой бөлісетін, тәжірибе алмасатын мәселесі көп. Қазір бидай мен арпа егіп жатқан шаруалар онлайн жиналыс жасап, университеттің білкті ғалымдары мен тәжірибелі мамандардан кеңес алуда. Жалпы онлайн жүйесі арқылы өтетін  конференцияға еліміздің 10 облысынан екі мыңнан астам фермерлер, кәсіпкерлер, өнім өндірушілер мен ғалымдар қатысты.

Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры: - Университетіміздің 25 маманы онлайн режимде бүгінгі сұрақтарға жауап береді. Бұл өте өзекті мәселелер. Әр техниканы қалай пайдалану керек, технологияны қалай пайдалану керек, тұқым, оның сапасы, тыңайтқыштар, пестицидтер, жаңа технологиялары мен тәсілдерін қосымша бүгін онлайн конференцияда көрсетеміз.

Биыл Үкіметтен көктемгі дала жұмыстарына 70 млрд қаржы бөлінді. Агросекторды субсидиялауда өзгерістер бар. Элиталық тұқым сатып алған жағдайда шығынның 70%-і субсидияланады. Сонымен қатар биыл бірінші рет жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде жеңілдік жасалды. Шаруа қожалықтары үшін дизель отынының бір литрі 165 теңге деп бекітілді.

Үкіләй Керімқызы, Экономика ғылымдарының докторы, профессор: - Бірінші рет қазір фунгицидтер мен энципцидтерге субсидияланады. Ал, мал шаруашылығында субсидияның барлығы былтырғыдай қалды. Сондықтан көптеген көмек көп. Лизингке техника алсаңыз да, мысалы, жеңілдік несиелер бар. Несиелер бар, сол жолмен алуға болады.

Жалпы бұл семинар-кеңесте өсімдік шаруашылығындағы өзекті тақырыптар, мал өсіру, топырақ құнарлығын арттыру, минералды тыңайтқыштарды заманауи технологиямен қолдану сынды сан-алуан сұрақтар қамтылады. Шаруалар мен білікті мамандардың кеңесуі агроуниверситеттің студенттеріне де тағылымы мол сабақ. «Жастардың көбі оқу орнында алған білімдерін өз елді мекендеріндегі шаруа қожалықтарына барып, тәжірибемен ұштастырып жатыр», дейді университет ұстаздары. Ал, болашақ инженер механизатор дайындау үшін былтыр Беларусьтен 75 трактор мен арнайы техника алынған. Қазір солардың 30-ға жуығы тәжірибелік шаруашылықтағы көктемгі егін егу ісіне пайдаланылуда.

Ақпарат көзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/390670-sharualar-alymdarmen-onlajn-konferentsiya-ar-yly-t-zhiribe-almasuda