Сс, 04/28/2020 - 12:04
Жаңалықтар

Әбдірахман Молданазарұлы Қазақстанның аграрлық ғылымның ірі ұйымдастырушыларының бірі, еліміздің мал шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын ширек ғасыр бойы басқарып зоотехния ғылымы мен біліміне үлес қосып келе жатқан ғалым.

Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы 1949 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы Отырар ауданы Қарақоңыр (қазіргі Шәмші Қалдаяқов) ауылында дүниеге келген.

Ол ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (1991), профессор (1994), Ғылым, техника және білім беру салалары бойынша Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2005), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2017), Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының академигі (2006), Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі (2007), Моңғол ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі (2013), Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1996), «Құрмет» орденінің иегері (2008), Моңғолияның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер (2010), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы (2014), Созақ (1997), Отырар (2007) аудандарының құрметті азаматы.

Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Халықаралық библиографиялық орталық оны Алтын белгімен марапаттап, 2008 жылғы әлемге танымал ғалымдардың тізіміне енгізді.

Зоотехния ғылымы мен білімінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін К.А.Тимирязева атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – Мәскеу ауылшаруашылығы академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен Эфим Федорович Лискун атындағы медальмен марапатталған (2014).

Еңбек жолын 1971 жылы Шымкент қаласында орналасқан Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға лаборанты қызметінен бастады, содан кейін кіші ғылыми қызметкер (1972-1973, 1976-1978), Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспиранты (1973-1976), аға ғылыми қызметкер (1978-1980), зертхана, бөлім меңгерушісі (1980-1988), Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1988-1992), Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы Созақ ауданы әкімі (1992-1994), Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры (1994-2002), Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры (2002-2007), Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры (2007-2011) қызметтерін атқарған. 2012-2018 жылдары Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ал 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚазҰАУ ректорының кеңесшісі, әрі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі.

Профессор Әбдірахман Омбаев ақ қаракөлше алу тәсілінің (1989), қойды азықтандыру тәсілінің (1992), қызғылт түсті қаракөл қойын асылдандыруға таңдау тәсілінің (2005), қоңыр түсті қаракөл қойын асылдандыру тәсілінің (2010), ақ түсті қаракөл қойының Отырар ішкітұқымдық сүлесінің (2007), қара түсті қаракөлше типті қаракөл қойының тасты ішкітұқымдық сүлесінің (2011), аспан түсті көк түсті қаракөл қойының Құмкент зауыттық сүлесінің (2011), Ордабасы етті-майлы қой тұқымының (2013), қазақ бактрианы түйе тұқымының Орал-Бөкей ішкітұқымдық сүлесінің (2013), қазақтың кетпен құйрықты қылшық жүнді қой тұқымының Ақтастау зауыттық сүлесінің (2014), Ордабасы қой тұқымының бадам ішкітұқымдық сүлесінің (2017), жайылым ресурстарының географиялық ақпарат жүйесінің (2017) авторы. Ол әлемде теңдесі жоқ елтірі-етті-майлы қазақ (Атырау) тұқымын (1998)  шығаруға үлес қосқан ғалым.

Мал шаруашылығы салалары бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеулердің барысында ұсынған теориялық және практикалық жетістіктері, оның 4 монографиясында, 14 кітабында, 69 авторлық кәулік пен патенттерінде және 510 ғылыми еңбектерінде басылып шықты. Оның жетекшілігімен 9 докторлық, 28 кандидаттық диссертация қорғалды.

Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының баяндамалары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының хабаршысы, «Научный мир Казахстана», Поиск-Ізденіс, Ресейдің «Зоотехния» және «Аграрная наука» және «Қырғыз Ұлттық аграрлық университетінің жаршысы» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі.