Сс, 02/18/2020 - 18:29
Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан, 18 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің аграрлық ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау мәселелеріне арналған тақырыптық отырысы өтті. Отырысқа мемлекеттік орган өкілдері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының, Ұлттық биотехнология орталығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Іс-шараны ашқан Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов: - Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде әлі күнге дейін еңбек ресурстарының теңгерімін есепке алудың тиімді әдістемесі әзірленбегенін атап өтті. Іс жүзінде отандық мамандарды даярлау жүйесі нақты еңбек нарығынан ажыратылған.Осының салдарынан отандық жоғары оқу орындары өңірлердің нақты қажеттіліктерінен әлі де ажырағандығын байқамауға болмайды, бұл шығарылатын мамандар деңгейінің жергілікті еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес келмеуінен көрінеді. Олар кәсіпкерлік сектордан әлі де алыс, – деді депутат. Одан әрі «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рахимбеков Аграрлық ғылым мен білімінің ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері, ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялаудағы қазіргі проблемалар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша жалпы елімізде аграрлық ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгерту керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, дайындық жұмыстарына 2 жылдай уақыт керек. Атап айтқанда, басты инженерлік жоспарды әзірлеуге 3 ай, оны ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлдауға 3 ай, қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеп, оған мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығында бекітуге тағы 12 ай уақыт кетеді. Оған қоса бюджеттік процедуралар мен республикалық бюджетті қабылдауға дейін тағы 9 ай керек. Нәтижесінде, басты инженерлік жоспар әзірленіп, республикалық бюджет бекітілгенше техника мен құрылғылардың бағасы қымбаттап кететінін жеткізді. Сонымен қатар, отырыста С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев білім мен ғылымның төмен деңгейі Қазақстандағы ауыл шаруашылығын тұралатып тұрғанын мәлім етті. Бұл үлкен маңызды мәселе. Маман ретінде өздеріңіз жақсы білесіздер. Неге біздің ауыл шаруашылығы тиісті деңгейде дамымайды? Өйткені бізде осы саланың негізі – білім мен ғылым өте төмен деңгейде - деп, Солтүстік Қазақстандағы ғылыми кадрлық әлеует туралы сөз қозғады. Ондағы біздің ауыл шаруашылығы саласының флагманы – астық шаруашылығында 3 селекционер қалған. Қарағанды облысындағы өсімдік шаруашылығы институтында да 1 селекционер ғана бар. Оның өзі зейнеткер - 75 жаста. Солтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибелік станцияда селекционерлер жоқ. Бәрі кетіп қалды. Біз қазір бұл тұрғыда құрдымға таяп қалдық. Бұлай кете берсек, Солтүстік Қазақстанда 10 млн гектар аумаққа сұрып дайындайтын ешкім де қалмайды, - деді ол. Ақылбек Күрішбаев дегенмен елдің оңтүстігінде жағдай бұл ретте тәуірлеу екенін айтады. Бірақ солтүстікте аграрлық ғалымдардың тапшылығы ушығып тұр. Өздеріңіз білетіндей, егіннің түсімділігінің 40 пайызы дәнге байланысты. Канадада мәселен 15 жылдың ішінде егіннің түсімі 29 пайызға, Ресейде 31 пайызға, Аустралияда 38 пайызға артса, бізде 14 пайызға ғана өскен. Оның өзі біздің жетекші шаруа қожалықтардың арқасы, - деді А. Күрішбаев. Осыған орай, аталған мәселе әлемде қалай шешімін тауып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ең алдымен жаңа формациядағы ғалымдарды дайындау арқылы проблема шешілуі мүмкін. Селекциялық ғалымдарды іріктеу жұмысы студенттік кезеңнен басталуы тиіс. Зерттеу университеттерінде аудитория мен лаборатория, егіс алаңы – бәрі бір құрылымға шоғырланған. Яғни студенттік кезеңнен бастап мамандарды ғылымға тарту керек. Ол жүйе бізде жоқ. Шетелдік әріптестер бізге «реформа көп жасайсыздар, бірақ басқару формасын өзгерте бергендіктен, жұмыстарыңыз нәтижелі болмайды» дегенді айтады. Яғни біздегі ҒЗИ мен институттар бір министрліктен екіншісіне ауыстырыла береді. Шет елдердегі ғылыми - зерттеу институттары мен ЖОО-ларында негізгі тұлға біздегідей оқытушы емес – ғалым. Олар білім тарату ісімен айналысып, өндіріс проблемаларын бес саусақтай біледі. Осыдан барып әр ғылыми жоба сәтті жүзеге асып, білім беру бағдарламаларының эволюциясы жүріп жатады, - деді ол. Одан әрі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Ұлттық биотехнология орталығының, Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығының, Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының басшылары және осы саладағы жауапты мамандар сөз сөйледі. Өз кезегінде депутаттар ауылдық жерлерде білімді тарату, ауылшаруашылық өндірісі үшін кадрларды көп сатылы оқытумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өндірісінің әлеуетін ашу және басқа да өзекті мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Өткен тақырыптық отырыс нәтижесі бойынша уәкілетті органдарға тиісті ұсыныстар жіберілетін болды.
_________________________________________________________
Ақпарат көзі: http://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id47715/1/1