Сн, 05/30/2020 - 21:31
Жаңалықтар

Қазақ ұлттық аграрлық университеті карантин жағдайында әр аптаның сейсенбі жұма күндері онлайн-конференциялар өткізуді жүйелі түрде іске асырып келеді. Бүгін тікелей эфир «Қазақстанда экономика мен агробизнесті дамыту механизмдері» тақырыбына қатысты мәселелеріне арналды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы», Қазақстан Фермерлер одағымен, Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе ұйымдастырған кезекті онлайн-конференцияға елімізге белгілі 25 сарапшы-ғалымдар, экономист мамандар қатысты.

Онлайн-конференцияны ҚазҰАУ Бірінші проректоры, ҚР ҰҒА академигі Тіреуов Қанат Маратұлы ашып, жүргізіп отырды.

Тікелей эфирде сондай-ақ университеттің «Бизнес және құқық жоғары мектебінің» білікті сарапшылары және университет жанындағы «Агробизнес және консалтинг институты» мен «Ситуациялық орталық» өкілдері қатысып, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, атап айтқанда, экспорт және халықтың азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Бүгінгі күні аграрлық сала мамандарының алдында  органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу талаптарын тиімді іске асыру міндеті тұр. Бұл бағытта университет жаңа білімді игерген, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауда жаңа көзқарас қалыптастырып, оқу орнын зерттеу университетіне трансформациялау бойынша нақты қадамдар жасап отыр.

Онлайн-конференция барысында еліміздің әр аймағынан тікелей байланысқа шығып, өз сауалдарын жолдаған фермерлерге Менеджмент және агробизнесті ұйымдастыру кафедрасының профессорлары Үкілай Керімова, Ғалижан Мәдиев, Гүлнар Бекенова, PhD доктор  Мәншүк Қазыбаева, Агробизнес және консалтинг институтының директоры ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Жеңіс Сүлейменов,   Біліктілікті арттыру институтының  директоры Нұртаза Шәметов, Есеп, аудит және қаржы кафедрасынан экономика ғылымының кандидаттары Ажар Бейсенбаева, Несіпжамал Байболтаева сынды ғалымдар тұшымды әрі нақты жауап берді.

Осы онлайн конференцияға жалпы саны 50-ге жуық сұрақ келіп түсті. Эфир уақытысының тығыздығына байланысты, ғалымдарымыз барлық сұрақтарға жауап беріп үлгере алмады. Сондықтан, біздің сарапшылар фермерлермен тұрақты байланыс орнатып, сұрақтарға жазбаша түрде электрондық пошта, ватсап арқылы жауап беруде.

Қазіргі кезде университетiмiзде «Ситуациялық орталық» жұмысы жүйелі жолға қойылған, оқу орны сайтында «АгроДаму» парақшасы фермерлер үшін өздерінің маңызды сұрақтарын жіберуге толық жұмыс атқаруда. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп отырғандықтан әр  сұрақ жауапсыз қалмайды.

Бүгінгі күнге дейін өткізілген барлық онлайн-конференциялардың сақталған бейнежазбасын университетіміздің Фейсбуктағы ресми парақшасынан қайталап қарауға болады.

Әр аптаның сейсенбі, жұма күндері, сағат 17-00-де біздің тікелей эфирімізді әлеуметтік желілерден көріп, пікір білдіріңіздер.

 

Facebook: https://www.facebook.com/profile.php?id=100043580851461

Instagram: https://instagram.com/kaznau_people?igshid=1vyvf8jt2kt8n

Сұрақтарды сілтеме бойынша қоя аласыз:

https://www.kaznau.kz/page/events/?link=fermerdin_kazuau_mamandaryn

_surak_355&lang=ru