Сс, 02/04/2020 - 17:26
Жаңалықтар

2020 жылдың 4 ақпанында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ еншілес ұйымы С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мекемесінде ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің «Қазақстан Республикасындағы аграрлық ғылымның даму болашағы мен өзекті мәселелері» тақырыбындағы көшпелі отырысы өткізілді.

Шараға Парламент Сенатының депутаттары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма төрағасы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылары, «Асыл түлік» мал шаруашылығын асылдандыру жөніндегі республикалық орталығы» АҚ, «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС өкілдері қатысты.

 «ҰАҒБО» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков «Аграрлық ғылымның, білімнің және өндірістің өзара іс-қимылын күшейту – Қазақстан ауыл шаруашылығының серпінді дамуының негізі» тақырыбында баяндама жасады және аграрлық ғылымның даму болашағы туралы сөз қозғады, сондай-ақ ғалымдар-аграршылардың жұмысында кездесетін өзекті мәселелерге тоқталды. Өз сөзінде Т. Рақымбеков аграрлық ғылымның өзгеруі және ҰАҒБО-ның қолға алып жатқан шаралары туралы мәлімдеді.

 «ҰАҒБО ғалымдары өз капиталында өсімдік пен егін шаруашылығында 300-ге жуық, ал мал шаруашылығы мен ветеринария саласында 200-ге жуық зерттемеге ие. Аграрлық ғылымдағы инновациялар баршылық. Бүгінде ғылымға сервистік қолдау қажет. Қазақстан ауыл шаруашылығында инновацияларды кеңінен қолданған, сондай-ақ инновациялар мен жаңа технологиялардың тығыз өзара байланысын жолға қойған жағдайда аграрлық саланы дамытуда серпіліс жасай алады. Біз мұны соңғы он жылда ауыл шаруашылығында үлкен серпіліс жасаған Аргентина, Бразилия, Үндістан және Қытай сияқты елдердің тәжірибесі мысалында көреміз», - деп атап өтті ҰАҒБО Басқарма төрағасы.

 «Аграрлық ғылым өндіріске ұсынуға болатын дәрежеде жақсы нәтижелерге қол жеткізе білді. Енді ғалымдарға ғылыми жұмыстарды өндіріске жеткізуге көмектесу міндеті тұр», - деді Рахымбеков отырыс барысында.

Басқарма басшысы ғылыми кенттерді дамыту мәселесіне жеке тоқталып, осы жобаны жүзеге асыру жас ғалымдар үшін ауылдардың тартымдылығын арттыратынын атап өтті.

Сондай-ақ, ҰАҒБО Басқарма төрағасы бүгінгі таңда университеттердің басты мәселелері – мамандарды дайындау сапасы және түлектерді жұмысқа орналастыру екенін атап өтті.

Талқыланған тақырыптың өзектілігін назарға ала отырып, дөңгелек үстелге қатысушылар Т. Рақымбеков пен сөз сөйлеген спикерлердің ұсыныстарын қолдады, білімді тарату жүйесін жетілдіру, аграрлық ғылымды қаржыландыру, мемлекеттік инвестициялық жобалар мен ҚЭН әзірлеу мерзімін қысқарту, шетелдік докторантурада мамандарды даярлауға қаржыландыру, ғылыми кенттерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың ашықтығын қалыптастыру саласындағы бірқатар ұсыныстарды бекітті.