Жк, 05/24/2020 - 01:16
Жаңалықтар

Кеше Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ҒЗИ бірлесіп «Азық-түлік қауіпсіздігі – жаһандық сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді.

ҚазҮАУ Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Есполов Тілектес Исабайұлы тікелей байланыс барысында: «Халықаралық онлайн-конференция  – бұл диалог өткізу, тәжірибе алмасу, азық-түлік қауіпсіздігінің барлық мәселелері бойынша өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету алаңы. Біріншіден, ауыл шаруашылығын кең көлемде техникалық және технологиялық жаңғыртуды жүзеге асыру керек. Екінші – саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету. Үшінші – әлемдік жетістіктерді пайдалана отырып, отандық аграрлық ғылымды барынша дамыту» ­ деп атап өтті.

 

Тікелей эфирде 14 сарапшы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми зерттеу институтының белгілі ғалымдары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Конференцияда жаһандық бастамаларды үйлестіру президенті, профессор Хууб Леливелд (Нидерланды); түйе шаруашылығын зерттеу жөніндегі ғылыми орталықтың директоры, профессор Бернард Файе (Франция); Путра университетінің Халял институтының директоры, профессор Юсуф Аниза (Малайзия); Мәскеу мемлекеттік Тамақ өндірісі университетінің ректоры, профессор Балыхин М. Г. (Ресей); Могилев Мемлекеттік азық-түлік университетінің ректоры, профессор Киркор М. А.(Беларусь); Одесса ұлттық тамақ технологиялары академиясының ректоры, профессор коргоров Б. В. (Украина); Воронеж мемлекеттік Инженерлік технологиялар университетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры, профессор В. Н. Василенко (Ресей) баяндама жасап, тақырыпқа орай өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

 

Қазіргі қоғамда негізгі проблема азық-түлік қауіпсіздігі болып табылады. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету оның тіршілік әрекетін анықтайды және мемлекеттің саяси тәуелсіздігін анықтап,  оның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Халықаралық онлайн-конференцияда фермерлерден, мамандар мен ғалымдардан түскен сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелері, оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Сондықтан, әрбір мемлекет қоғамның экономикалық, саяси және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен өз халқының азық-түліктік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі керек.