Жк, 02/09/2020 - 12:57
Жаңалықтар

Кененбаев Серік Бәрменбекұлы – Ауыл шаруашылығының докторы, профессор, ҚР ААШҒ академигі.

Серік Бәрменұлы 1954 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Еңбек және ғылыми қызметін 1977 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін КазГипроЗем  жобалау институтында инженер-топырақтанушы ретінде бастаған.

1978 жылы В. Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсті. 1980-2003 жылдары аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, бас ғылыми хатшы, институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары лауазымдары бойынша қызмет жасады. 2003-2004 жылдары картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ директоры болды. 2004-2009 жылдары ҚР АШМ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒӨО бас директоры (қазіргі Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ). ҚР АШМ «ҚазАгроИнновация» АҚ Вице-президенті, Президенті, Басқарма Төрағасы лауазымдары бойынша жұмыс жасады. 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болды.

Оның ғылыми қызметі Қазақстанның жыртылған топырақтарының генетикалық қасиеттерінің антропогендік өзгерістерімен, құнарлылық параметрлерін өңдеу және оңтайландыру жолдарымен, сонымен қатар өсімдік шаруашылығын барынша азайту және нөлдік өңдеу, биологизациялау, экологияландыру және әртараптандыру негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің ресурс үнемдеуші технологиясының элементтерімен байланысты.

Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен жаңа буындағы егіншіліктің экономикалық негізделген жүйелері, өңдеу технологияларының бейімделуімен агроландшафтты егіншілік, нақты егіншілікте тыңайтқыштарды саралап қолдану, тамшылатып суарудың заманауи тәсілдері әзірленді.

340 ғылыми еңбек, оның ішінде 4 монография, 16 кітап пен каталог, 44 ұсыныс жариялады. Өнертабысқа және селекциялық жетістікке 14 патенттің және авторлық куәліктердің авторы. Оның жетекшілігімен 3 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 3 PhD докторы және 6 магистрант ғылыми дәрежелерін сәтті қорғап шықты.

         А. И. Бараев атындағы Республикалық мемлекеттік сыйақы лауреаты (2009), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің (2011), «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің (2014), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің (2016) иегері және  ведомствовалық, мемлекеттік, шетелдік марапаттаулары мен медальдарының иесі.  Жамбыл облысының Шу ауданының (2008), Алматы облысының Қарасай ауданының (2013), Алматы облысының Құрметті азаматы (2014).