Жм, 02/07/2020 - 13:14
Жаңалықтар

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің белсенді жастарының ұсынысымен биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Бұл – ел жастарына ерекше серпін берген, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.

Осы игі бастамаға үн қосып, шетелдік әріптестермен волонтерлік қызмет саласында тәжірибе алмасу мақсатында 2020 жылдың 6 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Парасаттылық – ізгіліктің белгісі» атты халықаралық жастар форумын өткізді.

Форум жұмысын ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов ашып, «Еріктілер жылында» атқарылуы тиіс алдағы мақсат-міндеттерді айқындай келе, жастарға табыс тіледі. 

Университет басшысы, форумның мақсаты – жастардың бойында парасаттылық, адалдық мәдениетін қалыптастыру, оларды ізгілікке, адамгершілікке, бауырмалдылыққа тәрбиелеу екенін айта келе, ағайынға қолдау көрсету, қиналғанға көмектесу, жанашыр болу, жақсылық жасау қағидалары қазаққа тән қасиеттер екенін айрықша атап өтті.

Ректор өз сөзінде: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды ту еткен ата-бабаларымыз «Бір жағадап бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне көмектесіп, Асар жасап, бір отбасының емес, бір ауылдың еңсесін көтеріп тастайтын.  Бүгінгі волонтерлік қызметтің қағидасы да осындай ізгі ниеттерден тұрады» – деген ой-тұжырымымен бөлісті.

 «Еріктілер жылы» мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған форумға Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің арнайы делегаттары, халықаралық ұйымдар, Қазақстандағы шетелдік Консулдықтар мен Елшілік қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті, «Nur Otan» партиясы және «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, Республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің өкілдері, «Ізгілік Елшісі» жобасының үйлестірушілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы, Медеу және Бостандық аудандары әкімдігі, жоғары оқу орындарының ректорлары,  колледж және мектеп басшылары, БАҚ өкілдері, шетелдік және қазақстандық ерікті жастар қатысты.

Атап айтқанда форум жұмысына Оңтүстік Кореялық  IMEI Халықаралық ментальды-ағартушылық орталығының басшысы, профессор Джо Гю Юн, Францияның Сорбонна университетінің директоры Кристин Бутие, Сорбонна-Қазақстан институтының қызметкері, осы институттың жастар клубының жетекшісі Этьен Банон, Республикалық «Sanaly urpaq» Жобалық Кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, Ізгілік елшісі» жобасының үйлестірушісі Айнұр Сабитова, Алматы қаласы «Еріктілер Лигасының» төрайымы Айсұлу Ерниязова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат,  Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов, Алматы қаласы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов т.б қатысып, волонтерлық бағытты дамытуға байланысты өз ой пікірлерін ортаға салды.

Форум жұмысы аясында Оңтүстік Кореялық  IMEI Халықаралық менталды-ағартушылық орталығының басшысы, профессор Джо Гю Юн бастаған делегация жастарға волонтерлықты дамытуға байланысты арнайы семинар-тренинг өткізді.

Волонтерлік – өз еркіңмен, шынайы жүрек қалауымен атқарылатын жұмыс. Бұл – адамгершілік, парасаттылықтың айқын көрінісі. Бүгінде әлем бойынша жүз миллионнан астам адам волонтерлықпен айналысады. Қазақстанда 580-нен астам волонтерлік ұйымдар ірі қалалар мен ауылдарда белсенді жұмыс атқаруда. 

Еркін пікір алмасу форматында өткен форум барысында ҚазҰАУ білім алушыларының волонтерлік бағытта атқарған қайырмды іс-шаралары туралы бейнеролик пен сутденттердің өздері дайындаған ізгілікке үндейтін мультфильм көрсетіліп, оқу орнындағы Студенттер үйінде тұратын жастармен онлайн байланыс орнатылды. 

Форум аясында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Еріктілер орталығының» ресми ашылу рәсімі өтті. Орталық қызметі арқылы жастар Президент анықтаған «Еріктілер жылының» жылының «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» деп аталатын 7 бағыты бойынша волонтерлық іс жоспарларын жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар осы орталықта білікті, тәжірибелі мамандарды тарту арқылы жастарды волонтерлық қызмет бойынша оқытып, дайындайтын, оларға бағыт-бағдар беретін арнайы штаб құрылады. Онда жастар өздері қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді талдап, кімге қандай көмек керек екенін анықтап, нақты шешімдер қабылдайды.

Форумда сөз сөйлеген белсенді ерікті жастар бұл бастамаларын республикамыздың басқа да жоғары оқу орындарына жолдап, «Еріктілер жылында» игі істерді бірлесе атқаруға шақырды.
 
Ақпарат көзі: https://www.kaznau.kz/page/news/?link=kazuauda_eriktiler_ortalygy_ashyldy_1886&lang=kz