Ср, 05/13/2020 - 15:02
Жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Үкіметке беделді ғалымдар мен сарапшылардан тұратын Биологиялық қауіпсіздік кеңесін құруды тапсырды. Енді осы кеңеске COVID-19 пандемиясы жағдайында, өз саласы бойынша қауіпті індетпен күресуге барынша үлес қосып, ғылыми-зерттеулер жасап, ғылыми жобалар мен жол карталарын даярлап, белсенділік танытып жүрген жалпы биологияның әр салаларының жетекші жас ғалымдарын тарту қажет.

Биологиялық қауіпсіздік кеңесі еліміздегі пандемияның өршіп кетуін болдырмау, сақтық профилактикалық шараларын жүргізуге атсалысу, кеңеске тартылған әр ғалымның өзінің зерттеу аясы бойынша COVID-19 пандемиясын ауыздықтауға арналған дайын жобаларын кешенді, жедел түрде іске асыруды қаржыландыруға ұсыну, еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жоспарлау, COVID-19-ға қарсы тиімді отандық вакцинаны сынақтан өткізу бағытында жұмыс істеуі керек.

Мемлекет басшысының үндеуінде COVID-19 немесе басқа да осы індетке ұқсас эпидемиялардың таралуы бір реттік құбылыс емес екендігі, осындай төтенше жағдайларға тек практикалық түрде ғана емес, ғылыми көзқарас жағынан да дайын болуымыз керектігін айтты. Осыған орай пандемиялық және панзоотиялық инфекциялық аурулармен күресу барысында, жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Халықаралық вакцинология орталығы құрылған. Орталық Огайо штаты университеті (АҚШ) және әлемдегі жетекші биотехнологиялық Vaxine Pty Ltd компаниясының (Австралия) қолдауымен ашылды. Қазіргі таңда орталықтың маңызды ғылыми жобасы COVID-19-ға қарсы нановакцинаны әзірлеу болып отыр. Сонымен қатар университеттің жас ғалымдары пандемия және посткарантин кезінде жүргізілетін санитариялық-гигиеналық шараларға, әлеуметтік нысандарды, беткейлерді дезинфекциялауға арналған заманауи отандық препараттарды әзірлеу жұмыстарын жүргізіп, зертханалық үлгілерді даярлады. Қазіргі таңда дезинфекциялауда пайдаланып отырған препараттардың көпшілігі шет елдік препараттар, олардың бактерицидтік қасиеттері сын көтермейді және бағасы отандық препараттарға қарағанда бірнеше есе қымбат.

Нановакцина әзірлеу жобасы отандық серіктесіміз М. Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп жүргізілуде. Аталған орталықта адамдарға арналған аллергиялық вакциналарды даярлау бойынша зерттеулер жүргізіліп, осы ұжым ғалымдары Ұлттық биотехнология орталығы ғалымдарымен бірлесіп COVID-19-ды анықтауға арналған тест-жүйелерін әзірлеген.

Бұдан бөлек Аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналар даярлауда жоғары нәтижелер көрсетіп, материалды-техникалық базасы өте жоғары деңгейдегі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының да қосар үлесі зор болады. Сондай-ақ Ұлттық биотехнология орталығы ғалымдары әр түрлі технологиялық платформаларда 27 тест-жүйелерін даярлаған. Жоғарыда айтып өткендей, қысқа уақыт ішінде алғашқы отандық COVID-19 балауға арналған нақты уақыттағы ПТР тест жүйесін әзірледі.

Өз ойымды түйіндей келе, Биологиялық қауіпсіздік кеңесінің жұмысына пандемия кезіндегі лажсыз дезинфекцияны және посткарантин кезіндегі профилактикалық дезинфекцияны ұйымдастыру үшін дезинфектолог мамандар, ДНҚ идентификация кешенді іс-шараларын жүргізу және тест-жүйелерін әрі қарай жетілдіру және нановакцинаны даярлау үшін биолог-биотехнолог, биохимик, микробиолог, генетик, вирусолог, вакцинолог,  эпидемиолог ғалымдар мен белді сарапшыларды тартуға тиіспіз.

Жоғарыда аталған ұлттық университет, ғылыми орталықтар мен ғылыми зерттеу институты еліміздегі биологиялық қауіпсіздікті пандемия жағдайында және де болашақта әртүрлі төтенше жағдайлар кезінде де күресуге, вирустарды ауыздықтауға, қажетті препарттарды сынақтан өткізіп, тиісті зертханалық үлгілерін даярлауға ғалымдардың потенциалы, мамандарының құзіреттілігі, өз салалары бойынша еліміздегі үздік біліктілігі, материалдық-техникалық базасының жеткіліктілігі, 2,3 және 4 топттағы патогенді микроағзалармен жұмыс жасауға рұқсаты, ірі халықаралық және мемлекеттік қомақты ғылыми және коммерциялық жобалармен жұмыс тәжірибесі, биологиялық қауіпсіздік саласы бойынша халықаралық жетекші орталықтар мен компаниялардың серіктестігі Кеңеске мемлекет басшысы тапсырылған істі абыроймен атқарып шығатындығына сенімім мол.   

Қуантар ӘЛИХАНОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры,

Ph.D доктор

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/234656-biologiyalyq-qauipsizdik-kenhesin-quru-%E2%80%93-zaman-talaby