Бс, 02/06/2020 - 20:13
Жаңалықтар

Бүгін ҰАҒБО Басқарма төрағасының орынбасары Рауан Ерұланқызы ADT Project Consulting неміс компаниясының өкілдерімен кездесті.

Сондай-ақ, кездесуге Герман-Қазақстан аграрлық-саяси диалогының қызметкерлері мен ҰАҒБО салалық сарапшылары қатысты.

Халықаралық ұзақмерзімді сарапшы Уве Веддиге Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын тұрақты дамыту мақсатында өндірістік құзыреттілікті арттыру жобасының жетекшісі ретінде өз жобасын таныстырды. Бұл жобаның мақсаты - ҚР-да заманауи және тұрақты сүт өндірісін дамыту үшін АӨК субъектілерінің операциялық және институционалдық құзыреттілігін арттыру.

Басқарма төрағасының орынбасары Рауан Ерұланқызы жоба идеясын қолдап, оның Қазақстанның мал шаруашылығы саласы үшін өзектілігін атап өтті.
"Біз өз тарапымыздан сүтті мал шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен кеңесшілердің пулын ұсына аламыз. Бүгінде ҰАҒБО құрамында 22 Білім тарату орталығы бар, олардың әрқайсысында 5-8 экстеншн агенттері жұмыс істейді. Жыл сайын біз шамамен 3 мың фермерге кеңес береміз және АӨК түрлі бағыттары бойынша 100-ден астам семинар өткіземіз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сұранысы бойынша ақылы семинарлар мен түрлі іс-шаралар өткіземіз, мысалы шеберлік сабақтар, Дала күндері және т.б. ҰАҒБО-ның аграршылар арасында білім таратуда үлкен тәжірибесі мен әлеуеті бар", - деп атап өтті Р. Ерұланқызы.  

Жобаның орындаушылары - ADT және AGRAR CONSULTING.
Жобаны іске асыру Қазақстанның сүт фермерлік шаруашылықтарының басшылары мен мамандарының біліктілігін арттыруды көздейді. Тараптар білім тарату компоненті бойынша ҰАҒБО жобаның негізгі серіктесі болуға келісті, шетелдік сарапшылардың қатысуымен қазақстандық мамандарды оқытатын тренерлер үшін тренинг өткізу мүмкіндігі қарастырылды, бұл өз кезегінде консультативтік дағдыларды жақсартуға және сүт фермалары мен сүт өндірушілері үшін ұсынылатын жергілікті сарапшылар мен серіктестердің қызмет спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Уве Веддиге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жоба нәтижелерін сүт өндірісін қолдау мақсатында өз жұмыстарында пайдалана алатындығын алға тартты.

Рауан Ерұланқызы жобаны ақпараттық қолдау қажеттілігін ерекше атап өтті, фермерлерге білімді тиімді жеткізу үшін бірқатар құралдарды ұсынды, берілетін білімді жіктеу маңыздылығын және оқыту әдістемелерін әзірлеуге ҰАҒБО-ның дайындығын тілге тиек етті.  
Кездесу соңында тараптар жұмыс тобын құруға және жобаны белсенді дамытуға келісті.