Ср, 10/16/2019 - 18:11
Жаңалықтар

Бүгін, 16 қазан Қазақстанда алғаш рет «Нан күні» мерекесі атап өтілуде, бұл күн Үкіметтің 2019 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы негізінде белгіленді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ас атасы - нан» деп бабаларымыз айтқандай барлық тағамның басында нан тұрары сөзсіз. Өйткені нан – тоқшылық пен берекенің, жақсылық пен баршылықтың нышаны.

«Дастарханында наны жоқтың, үйінің сәні жоқ» демекші біздің халқымыз нанға ерекше құрмет көрсетіп, қиқымына дейін аяқ асты етпей, қастерлей біледі.

Қазақстан астықты ел екені белгілі. Қолымызда шикізат пен қажетті өндіріс құралдары бар.Сондықтан нан пісіру мен астық өңдеу саласын дамытудың біз үшін стратегиялық маңызы зор.Елімізде астық өсіруден бастап, нан өндіріп, оны өткізуге дейінгі процестермен он мыңдаған адам айналысады.

Жыл сайын республиканың наубайханалары шамамен 700-720 мың тонна нан өндіреді. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігін өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық нан пісіру кәсіпорындарын бүгінгі Нан күні мерекесімен құттықтап, дәмді де тәтті әрі пайдалы нан пісіріп отырған барша наубайшыларға ерекше құрмет білдіремін.

Елімізге амандық, халқымызға тыныштық тілеймін. Лайым нан көп болып, әрдайым тоқшылық заман болсын!

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрі                                              С. Омаров

Ақпарат көзі: EGEMEN QAZAQSTAN