Ср, 12/28/2022 - 19:41
Жаңалықтар

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның еншілес компания басшылары дөңгелек үстел басында кездесті. Олар 2022 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұқым шаруашылығын дамыту жолдарын талқылады.

Бүгінгі таңда ҰАҒББО-ның мамандары Президент тапсырмасына сәйкес бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуға арналған Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеуде. Онда саланы қайта қаржыландыру, селекция жұмыстарына қажетті техникамен жабдықтау тетіктері қарастырылған.

- Тәжірибелік танаптарда отандық және шетелдік тұқымдарды қатар егіп, бірдей табиғат жағдайында сұрыптау қажет. Шаруалар тұқымның сапалық қасиетін қағаздан емес, масаққа біткен дәннен көруі тиіс. Сонда ғалымның сөзі бағалы болады. Институттар мен стансаларымыз сол өңірдің ғылым Меккесіне айналуы тиіс – деді Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы.

Тұқым импорты артқан сайын мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келуде. Бұрын соңды болмаған карантиндік арамшөптер, вирустық және бактериологиялық аурулар кіріп жатыр. Алайда шекараны тас-түйін жапқанмен мәселе шешілмейтінін ғалымдар біліп отыр. Себебі кейбір дақыл тұқымдары бойынша импорттық тәуелділік 90% асады. Шектеу шараларын әуелі астық дақылдарына қойылып, шетелдік тұқымға берілетін субсидияны шектесе екен дейді.

- Әлемдік нарықтағы бәсекегее ілесудың сан түрлі әдістері бар. Солардың бірі дайын сұрыптың патентін ғана сатып алып, сынақтан өткізу. Үздігін көбейту. Дәл осы әдіспен Қытай ғалымдары тұқым шаруашылығын жаңа деңгейге жеткізді. Қазіргі таңда батыспен бәсекелесе алатын жағдайға жетті - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Оразқызы.

Қай сала болмасын белгілі бір заң аясында жұмыс жасайды. Оның дамуы да, тоқырауы да сол заң жобасының жан-жақтылығына байланысты. Осыған орай, яғни заңнамалық актілерді өзгертіп, немесе толықтыру кезінде зерттеп-зерделейтін ғылыми-техникалық кеңес құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген 60 шақты ғалым кіретін болды.

ғылыми