Ср, 02/05/2020 - 13:21
Жаңалықтар

Еліміздің топырақтану саласында осы күнге дейін қандай зерттеулер жүргізілді?

Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ – ҰАҒБО жанындағы ғылыми ұйым және бүгінгі таңда еліміздегі топырақ және агрохимиялық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулермен айналысатын жетекші мекеме. ҚазҒЗИ ғалымдары топырақ пен топырақ жамылғысының қалыптасу заңдылықтарын зерттеп, оларды ГАЖ технологиясы негізінде бағалау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Мәселен, 2009-2011 жылдар аралығында ҚазҒЗИ ғалымдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің қазіргі жай-күйіне баға берді. Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы және оң жағалаудағы ежелгі аллювиалды жазықтарында орналасқан суармалы алқаптарды, сондай-ақ Батыс Тянь-Шань тау бөктеріндегі жазықтарға ұштастырылған богарлық егіншілік аумағын қамтитын қарқынды ауыл шаруашылығы пайдаланылатын аймақтардың топырақ жамылғысының қазіргі жағдайы зерделенді.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бөлінген тестілік учаскелер шегінде топырақтың қалыптасуының негізгі заңдылықтары анықталды (3*300 мың га), анропогенді әсер ету кезіндегі топырақтың өзгеру ерекшеліктері зерттелді. Жүргізілген далалық бақылаулар негізінде және ретроспективті деректерді ескере отырып, геоақпараттық технологияларды қолдана отырып және ғарыштық түсірілім материалдарын пайдалана отырып, бөлінген учаскелердің қазіргі заманғы электрондық топырақ карталары, сондай-ақ топырақ жамылғысының тозуы картасы жасалды.
Сондай-ақ 2009-2011 жылдар аралығында ҚазҒЗИ ғалымдары Оңтүстік Қазақстан топырақтарының қалыптасуы мен картографиялануы заңдылықтарын зерттеді.
Аумақ топырақтарының морфогенетикалық қасиеттері зерттеліп, Оңтүстік Қазақстанның таулары және тау бөктеріндегі жазықтардың тік аймақтылығының құрылымы нақтыланды.
Топырақ деректерінің құрылымы әзірленді және базасы құрылды. Оңтүстік Қазақстанның 1:500000 масштабтағы топырақ картасының электрондық нұсқасы жасалды. Аумақтың топырағын бағалау үшін баға беру шкалалары құрылды және Қазақстанның оңтүстігіндегі топырақ бонитетінің балл картасы жасалды. Аумақты табиғи аудандастыру схемасы әзірленді және электрондық карта жасалды.