Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2015 жылдың 4 маусымында Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде, алдағы бес жылда Қазақстанда аграрлық салада жетекші аймақтық ғылыми-білім беру орталығын құру қажет деп атап өткен болатын.
ҚР Президентінің осы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 22 тамыздағы № 659 қаулысымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына жәрдемдесу мақсатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрылды.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазақ ұлттық аграрлық университеті», «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» жарғылық капиталға мемлекеттің 100% қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғамдар болып қайта құрылды.
«ҰАҒБО» КеАҚ-ның жарғылық капиталы «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ-ның, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ- ның және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті» КеАҚ-ның акцияларының жүз пайызын аудару есебінен құрылды.
Сондай-ақ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басшылығына 23 ғылыми-зерттеу институттары, 7 тәжірибе шаруашылығы, 7 селекция станциясы, Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын 4 сервистік компания берілді.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ міндеті - Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына жәрдемдесу.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ мақсаты:
- ғылым мен білімнің өндіріспен интеграциялануы;
- назарды ағымдық терең академиялық нәтижелерден ғылыми әзірлемелерді өндіру мен коммерцияландыруға аудару.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның жұмыс тиімділігін арттыру үшін корпоративтік басқару органдары, ғылым саласындағы салалық ғылыми кеңестер құрылды және жұмыс жасайды, олардың көмегімен талдау, басымдықты белгілеу және ғылыми-техникалық бағдарламаларды бақылау жүзеге асырылады.