Дс, 02/01/2021 - 15:24
Жаңалықтар

Бірде ғаламтор беттерінен мынадай бір әңгімені оқыған едім: «Кішкентай ғана аралда өмір сүретін, ешқандай қазба және жер байлығы жоқ, алайда байқуаттылығымен, еңбекқор да, озық технологияларымен әлемде алдыңғы қатарда келе жатқан  Жапон елінің мемлекет жағынан ерекше қамқорлыққа алынған кереметтей 800 ғалымы бар екен, олар Жапон елінің ғылыми-технологиясын, алпауыт өндіргіш күштерін алға сүйреп келе жатқан ерен тұлғалары,  абыройын асқақтатушы абыздары ретінде елдің ерекше құрметіне бөленеді екен.  Ал, дәл осы Азия құрлығында өмір сүріп жатқан, жер аумағы  көлемді, қазба байлығы мол, халқының саны жағынан шағын ғана Қазақстанда 800 ден көп секеңдеген әншісі бар екен де, халық оларды төредей күтіп, хандай қарсы алады екен. Алайда ғалымдары жайында елдің есіне ештеңе кіріп шықпайды екен» - деп жазылыпты.

Иә,  қанша  мойындағымыз келмесе де дәл осы жайдың ащы  шындық екендігі айдан анық.

Бізде де ғылымға қосып жатқан қомақты үлесімен, жағымды жаңалықтарымен халық пен биліктің назарын аударып жүрген ғалымдар жоқ емес. Олар ғылымның   әр саласында қажымай-талмай еңбек етіп, ел абыройын көтеру үшін көз майын тауысып,  ғұмырын сарп етіп  жүрген елеулі азаматтар.

Соның бірі қазақтың ауылшаруашылығы  ғылымдары саласында, оның ішінде картоп тұқым шаруашылығына орасан зор үлесін қосып келе жатқан    терең ойлы, ғалымдарымыздың бірі Сайлау Ахметұлы Бабаев ағымдағы 2021 жылдың 3 ақпанында 80 жасқа толғалы отыр. 

Балалық бал дәурені Балқаш көлінің жағасындағы Бақ-бақты елді мекенінде өткен ғалымның балалық шағы аты екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тура келді. Аласапыран жылдары балалық шағы қысқа болып, еңбек ерте есейткен өз қатарластары сияқты, шарушылықтың ауыр  жұмыстарына араласа жүріп, Сайлау Ахметұлы 1962 жылы Қазақ Мемлекеттiк Ауылшаруашылығы институтының жеміс-көкөніс факультетіне түсіп,  оны  1967 жылы  жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы мамандығы бойынша тәмәмдайды. Болашағын ғылым жолынан іздеген жас маман бейнеті көп, зейнеті аз ауылшаруашылығы саласындағы өзінің алғашқы еңбек жолын Қазақ картоп және көкөнiс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, картоп тұқым шаруашылығы бөлімінде кiшi ғылыми қызметкер болудан бастайды. Еңбек жолында болуға тиісті әр түрлі қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізе жүріп, екі ғасырдың тоғысуы жылдарында, өзінің қажыр-қайратының арқасында  аға ғылыми қызметкер, бөлiм меңгерушісі  сынды еңбек сатыларын басып өтіп, 1988-2003 жылдар аралығында аталмыш институттың директоры  қызметін атқарады.

«Еңбегі бардың, өнбегі бар»-дейді дана халқымыз. Ғылыми жоғары дәрежеге жету көптеген жетістіктердің, ерен еңбектің нәтижесінде болары сөзсіз.

Бабаев С.А. ұйымдастыруымен алғаш рет Алматы облысының таулы аймақтарында (Нарынқол, Кеген, Гвардия, Қаскелең аудандары) құнарлы жерлер игеріліп, өңделіп, картоп тұқымын кең көлемді аудандарда  өсіру жұмыстары өзінің игі бастамасын тапқан еді.

Қазақстандағы картоп тұқымын жедел көбейту мен оның сапасын және өнімін арттыру мақсатында жүргізген көпжылдық ғылыми ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесінде Сайлау Ахметұлы Қазақстандағы картоп тұқым шаруашылығының қысқартылған жаңа схемасын енгізді. Бүгінгі күні бұл схема  еліміздегі  картоп тұқымын өндіретін шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында кеңінен қолданыс тауып, іске асырылуда.

 Сонау кеңес дәуірінің кезеңдерінде Академик Бабаевтың ұйымдастыруымен, республикадағы картоп тұқым шаруашалығын дамыту мақсатында, биотехнологияның заманауи әдістерін қолдану  негізінде, картоп тұқымының вирус ауруларынан сауықтырылған бастапқы материалын алу, осы әдістер арқылы дақылды жедел көбейту жұмыстары жүйеге қойылып, Қазақстандағы әртүрлі ғылыми-зерттеу мекемелері мен   тұқым  өндіретін шаруашылықтарда 11 биотехнологиялық зертханалар ашылған болатын. 

Сайлау Ахметұлының  басқаруымен және М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты ғалымдарының қатысуымен    картоптың клеткалық селекциясы бөлімінде ғарыштық бағдарлама бойынша  зерттеулер жүргізіліп, 1991 жылы клеткалық әдіспен бөлініп алынған картоптың каллусы қазақтың тұңғыш ғарышкері  Тоқтар Әубәкіровпен  ғарышқа бірге ұшып, жақсы нәтижеге ие болды. Осылайша, клеткалық және ғарыштық технологиямен  картоптың   “Тоқтар” сорты дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтармен ұшып қайтқан “саяхатшы” картоп – “Тоқтар” қазіргі кезде шаруашылықтарда кеңінен өсіріліп, жоғары өнімділігімен ерекшеленуде. 

Ғалымның қатысуымен және тікелей жетекшілігімен шығарылған картоптың отандық 40 –тан  дан астам сорты  еліміздің барлық аймақтарында аудандастырылып, бүгінгі таңда өндіріске енгізіліп отыр. Сайлау Ахметұлының           350-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген, оның ішінде  3 кiтап, 19 ұсыныстар,  42 авторлық куәлiк, 21  патент және  200-ден астам  ғылыми мақаласы бар.  

 С.А.Бабаев ғылымға сіңірген еңбегінің нәтижесінде, білімділігі мен үлкен адамгершілік қасиетінің арқасында  шетел әріптестерінің арасында да сый – құрметке бөленіп жүрген көрнекті ғалым. Таяу және алыс шетелдерде картоп шаруашылығын дамыту жөніндегі мәселелер ауқымында өткізілетін кеңес, іс-шараларға ұдайы қатысуы, бірнеше халықаралық симпозиумдар мен ғылыми конференцияларда (Польша,1885, 1999;  Германия, 1989; Голландия, 1993; Иран және Ислам Республикасы, 1995; Израиль, 1997;  Белоруссия, 2004; Өзбекстан, 2004, 2013;  Қырғызстан, 2005, Ресей,  Москва қаласы, 199,2002,2008) Қазақстан Республикасындағы картоп шаруашылығының дамуын жоғары ғылыми дәрежеде айқындап беруі ғалымның көп жылдар ағымындағы ізденісінің жемісін, ғылымға қосқан қомақты  үлесінің  айрықша  екендігін дәлелдейді. 

 Академик С.А.Бабаевтың жетекшілігімен институттың картоп тұқым шаруашылығы бөлімі мен биотехнология зертханасында Перудегі Халықаралық картоп орталығымен (CIP), оңтүстік Кореядағы «Potato Valley» компаниясымен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 

 «Халықаралық қауымдастық»  аясында    Халықаралық картоп орталығымен (CIP) бірлесіп дақылдың жаңа Альянс, Бабаев, Болашақ, Егемен-25, Мирас, Ильин, КазСИП, Үшқоңыр және Памяти Конаева сорттары шығарылды. Бүгінгі таңда Альянс, Бабаев, Болашақ, Мирас, Үшқоңыр, Памяти Конаева сорттары Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында аудандастырылып, өндіріске енгізілуде. 

 Ғалымның еңбек жолындағы атқарған елеулі еңбектеріңің өзі   бір шежіре болса,   шәкірт тәрбиелеу жағындағы ұлағатты істері өз алдына бір төбе.

Халқымыздың «шәкіртсіз ұстаз тұл»-дейтін қанатты сөзі бар. Академик ағайымыздың  ізін жалғастырып, тәлімін ардақтап, ұлағатты үнін ұмытпайтын шәкірттері баршылық.

1997 жылы Қазақ картоп және көкөнiс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан  06.01.06. - «Көкөніс шаруашылығы» және  06.06.05.- «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандықтары бойынша ашылған ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаттарын дайындайтын диссертациялық кеңесте, ал 2001 жылы Қазақтың жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми – зерттеу институты жанынан ашылған 06.01.06. - «Көкөніс шаруашылығы», 06.06.05.- «Селекция және тұқым шаруашылығы» және 06.01.07 – «Жеміс және жүзім шаруашылығы» мамандықтары бойынша ауылшаруашылығы ғылымдарының докторларын  дайындайтын диссертациялық кеңестерде  төрағалық қызмет атқарды.

  Сайлау Ахметұлы өзінің ғылыми мектебінен 2  ғылым докторының  және  18 ғылым кандидаттарының диссертациялық жұмыстарына тікелей жетекшілік еткен    ұлағатты ұстаз.   

  Ғылымның құдыретін жоғары бағалайтын,  ғылым саласымен ғана шектеліп қалмай, қоғамдық жұмыстардың да қырына үңіліп, өзіндік сын-пікірін, үлесін қосып жүрген ғалым бірнеше рет аудандық кеңестердің халық депутаты болып сайланып, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жерді қорғау, әлеуметтік даму жөніндегі халық депутаттар кеңесінің төрағасы жұмыстарын атқарды. 

Ғалым үшін оның ашқан әрбір жаңалығы  халқының пайдасына асып, елі  жемісін жеп жатса, ғылымдағы үлкен жетістік емей немене?  Әрбір санасында сәулесі бар азаматтың арманы халықтың қажетіне жарау емес пе, ендеше  ардагер ғалым  Сайлау Ахметұлының халықтың қалаулы ұлы екендігін бар ғұмырын сарп еткен  ғылыми еңбегінің өзі ақ дәлелдемей ме?

Бүгінгі таңда, ұлағатты ұстаз, білікті де  еңбекқор маман, үлесі мол, ойы озық  ғалым, Алматы облысы және Қарасай ауданының құрметті азаматы, 80-нің сеңгіріне шығып отырған мерейтой иесі - академик  Бабаев Сайлау Ахметұлы  отанымыздағы ауылшаруашылығы ғылымдарының дамуындағы  күрделі мәселелерді шешуде аянбай, талмай еңбек етуде.

Мерей той иесі – Еңбек ардагері, қадірменді әріптесіміз, әрі ұстазымыз, ақылшы ағамыз, ұжымда орны бөлек, беделі асқақ құрметті  азамат, ардақты әке  Сайлау Ахметұлына - бағындырған 80 жылдық белесіңіз құтты болсын дей отырып,  мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ғылымда творчестволық табыстар мол жетістіктер, отбасында бақыт пен қуанышқа кенеле беруіне шын жүректен тілектеспіз!  

 

 

 

«Қазақ жеміс және көкөніс

 шаруашылығы ғылыми-зерттеу

 институты» ЖШС  ұжымы