Биыл Қазақ ұлттық аграрлық университеті 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті екі жоғары оқу орнын – Алматы зооветеринария (1929 жылы құрылған) және Қазақ ауылшаруашылық (1930 жылы құрылған) институттарын біріктіру арқылы құрылды. 2001 жылы Елбасы Жарлығымен университет Ұлттық мәртебе алды. 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Үкімет қаулысымен жоғары оқу орнына ұлттық зерттеу университеті мәртебесі берілді. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректоры, ҰҒА вице-президенті, Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты академик Тілектес Есполовпен әңгімелескен едік.
– Тілектес Исабайұлы, университеттің негізгі даму кезеңдері туралы айтсаңыз?
– 2010 жылдан бастап жобаларды басқарудың халықаралық стандарттарына негізделген ҚазҰАУ әлемдегі ең үздік шетелдік ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының 13 сарапшысының қолдауымен ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін бастады.
2015 жылы ҚазҰАУ коммерциялық емес акционерлік қоғамның (КеАҚ) жаңа ұйымдық-құқықтық нысанына ауысты. Ол 3 ауылшаруашылық университетін, 16 ғылыми-зерттеу институтын, 18 тәжірибе стансасын, 6 білімді тарату орталығын, Агротехнологиялар мен агроқұрылымдарды коммерцияландыру мен трансферттеу орталығын біріктіретін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңадан құрылған «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығының» (КеАҚ) құрамына енді. Бұл университетке академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге, мемлекет-жекеменшік серіктестігі қағидаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Ғылыми-зерттеу университеті ғылымның дамуына тікелей атсалысады, сондықтан терең білім мен озық ғылымды қажет ететін өндіріс арқылы мамандар даярлау күшейтілді. Университеттің жұмыс берушілермен өзара әрекеттестігі бойынша жүйелі жұмыс істеуге көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта түлектердің құзыреттілігі мен олардың еңбек нарығындағы сұранысына әсер ететін кері байланыс тетігі әзірленді.
2020-2024 жылдарға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінің даму бағдарламасы жасалды. Әлемдік деңгейдегі университеттің жетістікке жетуіне ықпал ететін факторлар: үздік халықаралық оқу бағдарламаларын және заманауи зерттеу әдістемелерін үнемі іздеу, қазақстандық білім берудің өзіндік әдіснамасын трансферттеу және бейімдеу; жетекші профессорларды тарту, жұмысқа шақыру мүмкіндігі; талапкерлердің сапалы құрамын дайындау; өз қаржымыздың есебінен инфрақұрылымды кеңейту; менеджменттің тиімді дамуы көшбасшылықты, стратегиялық көзқарас пен инновацияны ынталандыру.
Зерттеу университетінің қазақстандық моделі құрылып, оны еліміздегі жетекші университеттер басты назарда ұстайды. Оның 20-сы біздің трансформациялану тәжірибемізді қабылдап жатыр. Жасалған модель ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындарына да ұсынылды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингтерде лайықты орын алды. 2018 және 2019 жылдары QS әлемнің үздік университеттері рейтингінде оқу орнымыз 651-орынға ие болды. Соңғы бір жыл ішінде университет үлкен серпіліс жасап, 60 сатыға көтеріліп, 591-орынға ие болды. Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет болу.
– Университеттегі ғылыми жұмыс қандай дәрежеде жүргізіледі және ғылыми-зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізуде қандай табыстарға жеттіңіздер?
– Университет ғалымдарының ғылыми-зерттеулері Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті экспортқа бейімделген ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту, сондай-ақ 2022 жылға қарай еңбек өнімділігінің деңгейін 2,5 есеге арттыру.
USDA қолдауымен университетте Халықаралық агротехнологиялық хаб ашылды. Оның миссиясы – еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздеу, тарту және трансферттеу. Агрохабта 100-ге жуық ғылыми-зерттеу, енгізу және халықаралық жобалар жүзеге асырылады. Агрохаб құрамына 7 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 ғылыми зертхана кіреді. Олар халықаралық агенттіктермен аккредиттелген және жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына қолжетімді.
АДБ және Мичиган штаты университетімен (АҚШ) бірлесе отырып, 14 заманауи зертханалары бар Халықаралық зерттеу орталығы – Су хабы ашылды, Жер және Климат хабтары құрылуда.
Нақты ғылыми жобалар аясында құрылған 18 халықаралық зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Оқу-тәжірибелік шаруашылықта Агротехнологиялық парк құрылды. Оның миссиясы – инновациялық технологиялар мен техниканы Қазақстанның ауылшаруашылық жағдайларына бейімдеу. Онда машиналарды сынау стансасы, 75 бірлік ауылшаруашылық техникасы бар Қазақстан-Беларусь агроинженерлік-инновациялық орталығы бар.
36 ауылшаруашылық дақылдарының 100-ден аса түрі зерттеліп жатыр. Ғалымдар қызанақтың, картоптың, бұрыштың, салаттың 4 ерекше сортын шығарды. Сирек кездесетін ағаштар мен бұталардың сәндік түрлері зерттелуде. Зерттеу орталығында Оңтүстік Корея ғалымдарымен бірге «Павловния» ағаштары отырғызылды.
Қазақстан-Нидерланд ғылыми-зерттеу орталығында Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірге голландиялық технологияны қолданатын интенсивті бау-бақша құрылды. Онда алма, алмұрт, қара өрік, тәтті шие, көкжидек, құлпынай, қызыл қарақат және аспарагустың 54 сұрыпы отырғызылған. Қазақстан-Корея ғылыми-зерттеу орталығында «ақылды жылыжай» салынуда.
«Асыл тұқымды сүт фермасы бар мал шаруашылығының инновациялық ғылым-білім беру орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Ғалымдар жануарлардың генетикалық әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуде, соның ішінде етті, сүтті ірі қара мен отандық құйрықты қой тұқымын жақсартуға күш салынып жатыр. Жануарларды емдеуге арналған тиімді вакцина құра отырып, адъюванттардың тиімділігін және басқа да зерттеу үшін SEPPIC (Франция) компаниясымен халықаралық жобасы қолға алынған.
АҚШ-тың Корнелл университетімен бірлесіп микроклоналды көбею, Францияның тәжірибесіне сүйене отырып сүт және сүт өнімдеріне арналған референттік зертханалар құрылды.
Универсиет жанындағы Жас ғалымдар кеңесі еліміздің жоғары оқу орындарының арасында Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының «Үздік Жас ғалымдар кеңесі» атағын алды. 2019 жылдың нәтижесі бойынша ғалымдар 800-ден аса мақала жариялады, оның 26%-ы Thomson Reuters және Scopus мәліметтер базасына енгізілген. Университет Web of Science басылымының ғылыми көшбасшысы болды.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық 4 жетекші ғалымға, Мемлекеттік ғылыми стипендия – 3 жас ғалымға және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының гранты 1 жас ғалымға берілді. Бұл университетте құрылған жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін дәлелдейді.
Әлемнің жетекші елдерінен танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысатын жыл сайынғы қорытынды Халықаралық Агротехнологиялық Саммит тұрақты диалог алаңына айналды.
– Қазіргі таңда Сіз басқарып отырған оқу орны қандай халықаралық университеттермен тығыз ынтымақтастық орнатқан?
– Оқу орнымыз табысты жұмысының арқасында ұлттық деңгейде зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Ендігі мақсат – халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзі орнымызды айқындап, университетті әлем деңгейінде таныту.
Университетте Білімнің халықаралық хабы құрылды: академиялық ұтқырлық дамуда, үштілді білім беру енгізілді, халықаралық жазғы және қысқы мектептер 14 бағытта өткізіледі. АҚШ, Еуропа және Тынық мұхит аймағындағы беделді университеттермен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, университет 11 қос дәреже беру бағдарламаларын қалыптастырды.
Инновациялық дамуда университет аграрлық сала мамандықтары бойынша QS әлемдік рейтингінде бірінші орын алатын Вагенинген ғылыми-зерттеу университетінің (WUR, Нидерланд) тәжірибесін басшылыққа алады. Университетте «Вагенинген-Қазақстан» білім беру орталығы құрылды. WUR-мен екі білім беру бағдарламасы бойынша «Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі және технологиясы» мен «Өсімдік ғылымы және технологиясы» бірлесіп, дайындау туралы келісімге қол қойылды. Мұндай бағдарламалардың енгізілуі халықаралық аренада бәсекеге қабілетті, жоғары білікті әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға және жинақталған тәжірибені еліміздің жоғары оқу орындарына таратуға мүмкіндік береді.
Университет – шетелдік 137 жетекші университеттермен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан, әлемнің аграрлық университеттерінің (GCHERA) жаһандық консорциумын қоса алғанда, жоғары білім мен ғылымның 16 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі. Мен – ТМД елдерінің жетекші аграрлық университеттері Ректорлар кеңесінің төрағасымын.
– COVID-19 індеті университеттің жұмысына қалай әсер етті?
– Коронавирус пандемиясы әлемді түбегейлі өзгертті және барлық елдің білім беру жүйелеріне үлкен қиындық тудырды. Қазақстандық білім саласы да тез арада жаңа талаптарға бейімделу үшін дағдарыс кезінде дұрыс әрі тиімді шешім қабылдауға мәжбүр болды. Елімізде 16 наурыздан бастап барлық университеттер бір уақытта қашықтан оқытуға көшті.
Университеттің академиялық саясатын іске асыруда инновациялық тәсілдер қолданылды, оқытушылар құрамына қашықтан оқытуды қолдану бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырылды. Инфрақұрылымның үнемі дамуы, цифрлық университеттің құрылуы және Digital орталық жұмысының жүйелі жолға қойылуы студенттерге қашықтан білім беруге, конференциялар, жас ғалымдардың форумдары мен озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік берді. Қазақстанның ауыл кәсіпкерлері үшін онлайн-консалтинг ұйымдастырылды. Осы жылдың наурыз айынан бастап университет ғалымдары фермерлер үшін 60-тан аса онлайн-кеңестер өткізді, оған Экстеншн жүйесі бойынша 300 мыңнан аса ауыл кәсіпкерлері қатысты.
Пандемия жағдайында университеттің академиялық саясатын жүзеге асыру «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» білім беру саласындағы республикалық оқу-әдістемелік бірлестік, ТМД елдерінің жетекші аграрлық университеттері Ректорлар кеңесінің отырыстарында халықаралық сарапшылардың қатысуымен талқыланды.
Университетте Халықаралық вакциналогия ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталық жоғары қауіпті инфекциялардың Ұлттық ғылыми орталығымен бірге шетелдік серіктестердің – Огайо штатының университеті (АҚШ) және биотехнологиялық Vaxine компаниясының (Австралия) қолдауымен коронавирусқа қарсы қауіпсіз нановакцина әзірледі. Бұл Дүние жүзінің денсаулық сақтау ұйымыныің вакцинаға үміткерлер тізіміне енгізілді.
– Сіздің жұмысыңыздағы күрделі мәселе қайсысы және оны қалай игересіз?
– Ұлттық зерттеу университетінің ректоры болу оңай емес. Ол үлкен жауапкершілік пен зияткерлікті қажет етеді және экономиканың барлық саласын игерген, терең білімді адам болуы қажет. Мен өз қызметімде сыртқы көрініске емес, орындалған жұмыстың нәтижесіне басымдық беремін. Осыны мен тек өзімнен ғана емес, басқалардан да талап етемін. Басшы үшін ең қиын нәрсе – басқару ісінде дұрыс шешім қабылдай білу. Шешімдер қабылдаған кезде мен студенттердің, жас ғалымдардың, профессорлық-оқытушылық құрамның, стейкхолдерлердің, шетелдік серіктестердің пікірлерін ескеруге тырысамын. Өйткені бұл университетті дамытуда түрлі идеялар мен ұсыныстарды біріктіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі заманауи университетті басқару күрделеніп, көпқырлы болып келеді. Мен – жіберген қателіктерім мен өткерген қиындықтарымды талдап, содан сабақ алып, жұмысымды жетілдіріп отыруға тырысамын. Университет өз қызметінің барлық бағыты бойынша диагностика жүргізеді. Корпоративті басқарудың «адамдар – үрдістер – технологиялар» тиімді моделі енгізілді: KPI-ді арттыруға бағытталған кадр саясаты жетілдіріліп отырады, HR басқармасы құрылды. GPI-топтарының 15 шетелдік сарапшыларымен бірге таланттарды басқару халықаралық әдістемесі бойынша оқытушыларды аттестациялаудан өткіздік. Ғылым және білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кейінгі 10 жыл бойы трансформацияланудың нәтижесінде университет биыл Үкімет қаулысымен ұлттық зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Бұл үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттерді жүктейді.
Келесі кезең – миссия мен мақсаттардың айқын көрінісін, нақты саясат, ережелер мен рәсімдерді жаңаша бағытта анықтап, дамытуды қажет ететін әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/252263-zertteushi-universitet-dgahandyq-dgetistikterge-dgol-ashady
© egemen.kz