Бс, 03/05/2020 - 12:23
Жаңалықтар

Ветеринарлық талаптар, инвестиция тарту, өнім экспорты — 2019 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда қандай нәтижелерге қол жеткізілді

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытудағы ортақ мақсат еңбек өнімділігі мен экспортты 2,5 есе арттыруды көздейтінін атап айтқан еді. Қазақстанның аграрлық әлеуеті аса зор, бұл алдағы бесжылдықта ауыл шаруашылығында нақты серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін бірінші кезекте АӨК саласына инвестициялар тарту жұмыстарын жолға қою қажет. Ел Үкіметі ауыл шаруашылығы саясатының қысқа мерізмді және ұзақ мерзімді нақты басымдықтарын әзірлеу және қолдау құралдарын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының дамуының негізгі беталыстары туралы primeminister.kz шолу материалында. 

Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың маңызды мәселелерінің бірі — АӨК өнімдерінің экспорты, оның әлеуеті аса зор. Жалпы, экспортты қолдауға бағыттау жоспарланған 500 млрд теңгеден 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы экспортына бағытталған. Қазір АӨК өнімдерің экспортының 60%-дан астамы — шикізаттық өнім. 

Сонымен қатар жерді тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу шарасы арқылы 16,5 млн га аумақтың пайдаланылмай жатқаны анықталды. Үкімет барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 

 

2019 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 6,4%-ға өсті

2019 жылы АӨК өнімдерінің экспорты $3,29 млрд-қа 12,41 млн тоннаны құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда $198 млн-ға немесе 6,4%-ға артық. Бұл ретте, АӨК өнімдері экспортының жалпы көлемінен өңделген өнім экспортының үлесі 2018 жылы 33,65% құрады. 

АӨК өнімдері экспорты бойынша АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жоспарлы көрсеткіштері асыра орындалды. Өткен жылы әлемнің 72 еліне АӨК өнімдерінің 551 түрі экспортталды. 

Айта кетейік, тауарлардың экспорттық номенклатурасының 50,2%-дан астамы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдеріне тиесілі. Өңделген өнімдер экспортының тізімінің кеңейтілуі — бұл аулы шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және өңдеуді дамыту бойынша жүргізлген саясаттың жемісі. 

2020 жылға АӨК саласына салынатын инвестицияларды тарту жоспары 94 инвестцииялық жобаны іске асыруды көздейтін 559 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде шетелдік қатысумен 16 жоба бар, олар $837 млн сомасына пысықталу және іске асырылу үстінде. 

Ет өңдеу саласындағы ірі америкалық трансұлттық компания «Tyson Foods Inc.» қатысуымен ет комбинатының салынуын және «Valmont Industries» (АҚШ) заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт құрылысын перспективалы инвестициялық жобалар ретінде атап өтуге болады. Бұл жобалар бойынша ҚР Үкіметінің деңгейінде келісімдерге қол қойылды. 

Анықтама. 95 мал шаруашылығы өнімдерінің тобы, 179 өсімдік шаруашылығы өнімдерінің тобы. Қазақстандық АӨК өнімдерінің басымдықты нарықтарға экспорты артып келеді. Мәселен, АӨК өнімдерінің Қытайға экспорты 50,5%-ға, Парсы шығанағы елдеріне (Катар, Кувейт, БАӘ, САК, Оман, Бахрейн) 3,2 есе, Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан) 7,4%-ға, ЕАЭО елдеріне 8,2%-ға артты. 

 

Өсімдік шаруашылығының дамуы: майлы, азық, жеміс-көкөніс бақша дақылдары мен картоп егілетін жерлер көбейеді 

Еліміздің жекелеген облыстары үшін өткен жыл қиындау болды. Шілде-тамыз айларында болған аптап ыстықтан соң ұзақ уақыт бойы жаңбыр жауды, салдарынан жиналған түсім көлемі мен оның сапасына әсерін тигізбей қоймады. 

Жалпы, негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша өндіріс пен түсімділіктің орташа өсімі байқалады. 

2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га аумаққа егу жоспарланған, бұл 2019 жылғы деңгейден 240 мың га артық. Майлы, азық, көкөніс-жеміс бақша дақылдары және картоп егілетін жерлер көбейеді. 

Өткен жылы қарақұмық егілетін аумақтар 2018 жылмен салыстырғанда 29,4 мың га азайтылды. Шығыс Қазақстан (11,7 мың га), Павлодар (9,2 мың га) Қостанай (7 мың га) облыстарында оның күрт азаюы байқалды. Бұл қарақұмық жармасының бағасына әсерін тигізді — барлық өңірлерде оның бағасы өсті. Осыған байланысты, 2020 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ретінде қарақұмық жармасы егілетін аумақтар көлемі ұлғайтылады. 

Тыңайтқыштарды қолдаун мәселесі өзекті болып тұр. Агрохимиялық картограмманың болуы міндетті, топыраққа агрохимиялық талдау жасау бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Жаңа агрохимиялық зертханалар салу жоспарланған, Қостанай мен Петропавлда заманауи автоматтандырылған жабдықтармен жарақталған зертханалар іске қосылды. 

Тағы бір өзекті мәселе, алқаптардың ластануымен ғана емес, зиянкестермен және аурулармен күресу болып отыр. Олардың таралу ошақтарын уақытылы анықтап, химиялық өңдеу жасау түсім мен оның сапасының азаюының алдын алады. 

Жыл сайын олармен күресу үшін ауқымды бюджет қаражаты бөлінеді, бірақ бұдан пайда аз болып отыр. Мәселен, жатаған укекіренің таралу аймағы азаймады, бұл ауыл шаруашылығы өндірісіне едәуір шығын келтіруде. Демек, жергілікті жерлерде қажетті шаралар қабылданбайды және олардың орындалуына қажетті деңгейде бақылау жүргізілмейді. 

Сонымен қатар, бүгінде астық егілетін алқаптарда тат пен септориоз кеңінен таралған. Жаппай зақымданған жағдайда өнім түсімі 40%-ға дейін жетіп, тіпті, өсімдіктер өліп қалуы мүмкін. 

Осыған байланысты 2020 жылдан бастап пестицидтердің барлық түрлері субсидияланады. Бұл ретте пестицидтерді субсидиялау зияндылығының экономикалық шегін ескерумен жүргізілетін болады. 

Саны зияндылығының экономикалық шегінен асатын зиянды, аса қауіпті зиянкес ағзалардың мекен ететін алқаптары, таралған жерлері және карантин енгізілген нысандар туралы ақпаратты АӨК-тегі Мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы ұсынатын болады. 

Бұл шара аграршыларға қажетті өсімдіктердің ауруларымен және зиянкестерімен күресу үшін қажетті фунгицидтер мен инсектицидтерді өздерінің таңдауына, сондай-ақ оңтайлы кезеңде өңдеу жүргізу арқылы олардың жапай таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. 

 

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту: өнімділігі жоғары егіс кешендерінің саны екі есеге жуық өсті

АӨК-те еңбек өнімділігін кемінде 2,5 есе арттыру үшін бірінші кезекте аграршыларды техникалық қайта жарақтандыру бойынша жұмыстарды жүргізу қажет. 

2019 жылы жаңартудың орташа деңгейі 4%-ға жетті (2018 жылы 3,5%), минималды технологиялық деңгей – 6%. 

Қарағанды (4,6%), Ақмола (4,5%), Жамбыл (4,4%), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе (4,3%) облыстарында техниканы жаңартудың жақсы қарқыны байқалды. Алматы және Түркістан облыстарында жаңартудың төменгі деңгейі байқалды (2,8% және 1,8%). 

2019 жылы өнімділігі жоғары егістік кешендерінің саны (143 бірлік) 2018 жылмен салыстырғанда (72 бірлік) екі есеге жуық өсті. Бұл кешендер бір мезетте бірнеше операцияны жүзеге асырады (дақылдандыру, егу, тыңайтқыш қолдану, тырмалау, топырақ бетін тегістеу және нығыздау.

4 мың және одан көп егістік кешендерінің болуы биылдың өзінде еліміздің астық танабының 70%-ында егуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қоса, республика бойынша есептен шығарылуы тиіс ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жоғары деңгейі байқалып отыр, бұл машина-трактор паркінің жаңару қарқынын тежейді. Тозуы 80% құрап отырған ескі техниканы есептен шығармай жаңарту деңгейін арттыру мүмкін емес, себебі сатпы алынатын техника барлық техника паркінің жинытығында көрінбей қалады. 

Биыл Энергетика министрлігімен келісе отырып, егіс жұмыстарын жүргізуге ақпан-маусым айларында 387 мың тоннаға жуық дизельді отын бөлінді. Қолайсыз ауа райын ескере отырып, облыстардың тапсырысы бойынша қосымша 10 мың тонна отын бөлінді, бұл барлық өңірлердің дизельді отынға қажеттіліктерін толық өтеуге мүмкіндік берді. 

Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизельді отын бағасы 177 теңге/литрді құрайды (жанар-жағармай станцияларында 1 литрі үшін 195 теңге), бұл нарықтағы бағасынан 10%-ға арзан. 

 

Мал шаруашылығын дамыту: 2019 жылы мал өсіретін 840 жаңа шаруашылық құрылды 

Етті мал шаруашылығы бағдарламасында басты назар фермерлік шаруашылықтарды құруға бағытталады. Мәселен, 2019 жылы 82,1 мың аналық ірі қара мал басын және 374,4 мың саулық басын сатып алу қаржыландырылды. Соның нәтижесінде мал өсіретін 840 жаңа шаруашылық құрылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша қой шаруашылығында 1 057 жаңа шаруашылық құрылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,2 есе артық. 

Импорт алмастыру мақсатында сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. 2019 жылы жалпы мал басы 7,5 мың бас болатын 30 сүт тауар фермасы қаржыландырылып, іске қосылды (оның ішінде 8-і - өнеркәсіптік ферма). Салалық бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін 2020 жылы жалпы қуаттылығында сауылатын табыны кемінде 15 мың басты құрайтын 25 өнеркәсіптік СТФ мен 30 отбасылық СТФ құру қажет. 

Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында импорт алмастыруды жалғастыру үшін құс етінің өндіріс көлемін одан әрі арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша құс еті импортының үлесі 45,3% (2018 жылы – 49%) құрады. Импорт үлесінің азаюы ең алдымен Ақмола облысында 25 мың тонна құс етін өндіретін жобаның алғашқы кезеңінің іске қосылуымен ( «Макинка құс фабрикасы» ЖШС) және Жамбыл облысында өнімділігі жылына 8000 тоннаға дейін құс еті болатын жұмыс істеп тұрған құс фабрикасын кеңейту бойынша жобаны іске асырумен байланысты (ТОО «Әулие Ата Феникс» ЖШС).

Шошқа шаруашылығында 2019 жылы жалпы қуаттылығы 19,9 мың тонна болатын 4 жоба іске асырылды. 2020 жылы қуаттылығы 5,5 мың тонна шошқа етін құрайтын «Бавария продукт» АӨК» ЖШС шошқа өсіру кешенін салу жоспарланған. 

 

Егін шаруашылығының дамуы: 146 мың га суармалы жер қалпына келтірілді 

Қазіргі кезде су шаруашылығы инфрақұрылымы жүргізілген суармалы жерлер аумағы 1,5 млн га құрайды. 

АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан 2019 жыл аралығында 146 мың га суармалы жер қалпына келтірілді. Бұл ретте 2017-2018 жылдары қалпына келтірілген 80 мың га суармалы жерлердің тек 37,7 мың га аумағы іс жүзінде мақсаты бойынша пайдаланылады. 

Биыл 2019 жылғы орындалмаған көлемді ескерумен 182 мың га жерді қалпына келтіру жоспарланған (оның ішінде 124 мың га жопар бойынша және 58 мың га 2019 жылы орындалмаған көлем).

Президент 2030 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 3 млн га-ға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту міндетін қойды. Қазіргі кезде облыс әкімдіктерінің алдында 1 млн га жуық жер алдын ала айқындалған және МЖӘ тетіктері бойынша жекеменшік әріптестіктің қатысуымен жаңа суармалы жерлерді дамыту бойынша жобаларды іске асыру және ирригация жүйелерін салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау, суару тәсілдері мен жыртылатын дақылдарды орналастыру және құрылымын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте министрлік қосымша пайдалануға берілген суармалы жерлерді тиімді пайдалану бойынша жұмыстарды жүргізді.

 

Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу: 2019 жылы 1,6 трлн теңгеге азық-түлік өнімі өндірілді 

Мемлекет өндіріс көлемін арттыру, өнім түсімін көбейту және өндірілетін өнім сапасын көтеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік қуаттылықтарын жүктемелеу және оларды отандық шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында аграрлық секторды дамытуға қолдау көрсетеді. 

2019 жылы ақшалай мәнінде 1,6 трлн теңгеге азық-түлік өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 99,7% құрады. 

2018 жылмен салыстырғанда өткен жылы сұйық май, ұн өнімдері, кондитерлік және макарон өнімдерінің өндіріс көлемінің артқаны байқалды. 

Ұн, жеміс-көкөніс конверсілері мен шырын, жарма және қантты кондитерлік өнімдердің, қант өндірісінің көлемі төмендеді. 

2019 жылдың қорытындысы бойынша ет және сүт өңдеу саласында өндіріс өсімі тиісінше 108,1% және 101,4% құрады, бұл жақсы өсім қарқынын көрсетті. Ет-сүт өнімдері өндірісі 563,5 млрд теңгеге дейін жетті. 

Сонымен қатар өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың 60%-ынан астамы мал шаруашылығы саласына тартылмағанын айта кеткен жөн.

Тек 5 облыс бойынша егістігінің жалпы аумағы 3,9 млн га болатын 270-тен аса шаруашылықтың мал басы жоқ және тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтымайды. Осыған байланысты, мұндай шаруашылықтар мал шаруашылығымен де айналысуы үшін несиелендіру және субсидиялау құралдары арқылы оларды әртараптандыру қажет. 

 

Ветеринарлық талаптар: 2019 жылы аса қауіпті жәндіктер таралған алқаптар 25,5%-ға азайды

Өткен жылы ҚХР-мен шошқа етіне, сүт өнімдеріне, жүнге, зығырға, бидай ұны мен құрамдас жемге ветеринарлық талаптар мен фитосанитариялық талаптар келісілді. 

Бұл ретте, шетелдік Тізілімдерге 3013 қазақстандық кәсіпорын енгізілген, оның ішінде үшінші елдер Тізіліміндегі 569 кәсіпорын бар (ҚХР, БАӘ, ЕО).

Өткен жылы ветеринарлық қызметпен бақыланатын өнімдерді өндіретін 307 кәсіпорын, ҚР фитосанитариялық қызметімен бақыланатын өнімдерді өндіретін 245 кәсіпорын қамтылды. Биыл жыл басынан бері тағы үш сүт кәсіпорны қамтылды. 

Енді үшінші елдер Тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарды тексеруді қаржыландыру бюджет есебінен жүргізілетін болады, оған алдағы үш жылға 291 млн теңге бөлінді. 

Өнімді экспортқа шығармас бұрын үшін эпизоотикалық және фитосанитариялық қолайлылты қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 

«Ветеринария, тамақ қауіпсіздігі», «Фитосанитария, өсімдіктер карантині» бағыттары бойынша қажетті шараларды жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен өткен жылы 51,9 млрд теңге бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артық. 

Бұл ретте, оның 57%-ы республикалық бюджеттен, 43% – жергілікті бюджеттен бағытталды. 

Өткен жылы мал аурулары бойынша 146 ауру ошағы тіркелді, оның ішінде 131 ошағы жойылды, қалған 15 ауру ошағында ветеринарлық шаралар жалғасуда. 2018 жылмен салыстырғанда аурулар ошағы 12,5%-ға төмендеді, бұл екпе жасалуы тиіс мал басын 100% қамту есебінен қамтамасыз етілді. 

Өткен жылы бұл шараға 7,625 млрд теңге сомасына 140,7 млн епке мөлшері бөлінді, бұл ретте 62,6%-ы – отандық препараттар. 

Республика қорында биылғы жылға жыл ішінде қажет болатын екпе көлемінен 74%-ы бар, бұл көктемгі екпені уақытылы әрі толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді. 

2020 жылға 19 аса қауіпті мал ауруы бойынша 150,1 млн мал басына екпе жасау жұмыстары жоспарланған; 28 аса қауіпті мал ауруы бойынша 41,2 млн тексеру жүргізіледі ( 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында).

Бруцеллезге қатысты, табындағы барлық мал басына жүргізілген диагностикалық тексерудің нәтижесі екі рет теріс болған жағдайда ғана табын ауруға шалдықпаған деп саналады. Өткен жылы бруцеллез бойынша 205 қолайсыз пункт тіркелді, оның ішінде 81-і – 2018 жылдан қалғаны. Өткен жылы осындай 139 қолайсыз пункт сауықтырылды және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жабылды, 66 пунктте ветеринарлық-сауықтыру шаралары жалғасуда. 

Жоғары патогенді құс тұмауы бойынша жыл құстары ұшатын жолдардағы мекендерде шаруашылықтарға қосымша екпе жүргізуден басқа, жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының маңындағы 20 шақырым радиустегі мекендердің шаруашылықтарына екпе жасалады. 

Қарасан ауруы бойынша оған бейім мал басын 100% қамтумен жыл сайын профилактикалық екпе жасалады, қолданылатын вакциналардың сапасына бақылау күшейтілді. Кадастр белгілеген 2180 қарасанмен ауырған мал көмілген жерлер қоршалып, белгілер қойылды. 

Халықаралық эпизоотикалық бюромен ветеринар мамандарды Францияда оқыту, қазақстандық зертхананың Орталық Азия елдері үшін күйіс қайыратын ұсақ малдың мәлік ауруы бойынша ХЭБ референтті зертханасы статусын алу, бруцеллез бен лейкоз бойынша ынтымақтастық жұмыстары жалғасуда. 

ҚР фитосанитария қызметі есепті кезеңде аса қауіпті зиянкес жәндіктер мен карантин нысандары (карталар) бойынша ел аумақтарын өңірлендіру жұмыстары жүргізілді. Соңғы үш жылдағы деректер талдауы аса қауіпті зиянкес жәндіктердің таралу аумағының азайғанын көрсетті. 

Мәселен, 2019 жылы фитосанитариялық шараларды уақытылы жүргізу нәтижесінде аса қауіпті зиянкес жәндіктерге қарсы олардың таралу аумағы 1,2 млн га немесе 25,5%-ға төмендеді, мысалы, үйірлі зиянкес қара шегірткенің таралу аумағы 67%-ға төмендеді, бұл астық, дәнді-бұршақты дақылдар мен жайылым азығының түсімінің азаюының алдын алуға мүмкіндік берді. 

Өткен жылы карантиндегі нысандарда таралу аумағы 75,2 мың га құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 40%-ға төмен. 

297 бірлік техника тартылды, 476 мың литр пестицид пайдаланылды. Республика қорында 80 мың тонна препарат бар, бұл көктемде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 553 мың га жерді өңдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. 

Биыл 151 техниканы тартып, қосымша 10 мың тонна пестицид сатып алу жоспарланған. 

Өткен жылы Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының шекарасына жақын автоөткелдерде 64 бақылау бекеті (32 ветеринарлық және 32 фитосанитарлық бақылау бекеті) жұмыс істей бастады.

Инспекторлар құжаттарды тексеру, жүкті тексеру, сынама алу үшін көлік құралдарын тоқтатады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда өнім кідіртіледі, жойылады немесе қайтарылады.

Осылайша, еліміз бойынша 63 ветеринарлық және 52 фитосанитарлық бақылау бекеттері (автоөткелдер, темір жол станциялары, әуежайлар мен теңіз порттары, Қорғас ШЫХО) жұмыс істейді.

2019 жылы мемлекеттік инспекторлар 7777 заң бұзушылықты анықтады. Заңнаманы бұзғаны үшін 7038 ұйғарым және хаттама берілді, 231 млн теңгеден астам сомаға 5555 әкімшілік айыппұл салынды, 2402 өнімді қайтару шаралары жүргізілді.

АӨК өнімдерінің басым нарықтарға, соның ішінде ҚХР-ға шығуын жеңілдету үшін Министрліктің бастамасымен 2019 жылға арналған ұлттық стандарттау жоспары аясында ҚХР стандарттары негізінде 156 стандарт (майлар, ет өнімдері, шырындар, сусындар және басқа да өнімдер үшін) қабылданды, сондай-ақ Жануарлардың денсаулығын қорғау жөніндегі дүниежүзілік ұйым басшылығы негізінде 14 стандарт және БҰҰ ЕЭК стандарттары негізінде өсімдік тектес өнімге 8 стандарт қабылданды.

Анықтама. Бүгінгі таңда ЕАЭО деңгейінде азық-түлік өнімдеріне 12 бірыңғай техникалық регламент, оның ішінде өнімнің жекелеген түрлеріне 9 техникалық регламент, өнімге арналған стандарттар тізбесімен – 1 382 стандарт және бақылау әдістеріне арналған стандарттармен – 2 283 стандарт жұмыс істейді.

Биыл Ұлттық стандарттау жоспарында АӨК өнімдеріне 46 стандарт әзірлеп, қабылдау көзделген. Мемлекетаралық стандарттау аясында 105 стандартты әзірлеу жоспарлануда.

Экспорттық-импорттық операцияларды жеңілдететін фитосанитарлық және ветеринарлық сертификаттарды электрондық алмасу процесін іске қосу бойынша Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен ынтымақтастық белсенді түрде жүргізілуде. Бұл жұмысты осы жылдың соңына қарай аяқтау көзделіп отыр.

Қадағалаудың салалық жүйесі қолданыстағы АЖ базасында дамуда, таңбалау жайында айтар болсақ, АӨК өнімдерінің әртүрлі түрлері бойынша пилоттық жобаларды іске асырғаннан кейін таңбалаудың салалық жүйесінің моделі таңдалатын болады. ҚР АШМ ЕАЭО мүше мемлекеттерінде мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалаудың ұлттық жүйелерін енгізу мерзімдерін анықтау және жалпы тәсілдерді әзірлеу бойынша ЕАЭО жоғары деңгейдегі жұмыс тобына белсенді қатысады.

2019 жылы Чехиямен, Грузиямен, Эстониямен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы 8 келісім мен меморандумға, сондай-ақ Ресеймен және Иранмен бидай саудасындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша үшжақты меморандумға қол қойылды.

2019 жылғы 17 қарашада «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы ортамерзімді келешекке арналған ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасына» қол қойылды.

 

АӨК-тегі инвестициялық субсидиялауды дамыту

АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін 2019 жылы инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асыру жалғастырылды. АӨК субъектілерінің арасында мемлекеттік қолдаудың аталған құралы қазіргі таңда сұранысқа аса ие.

Осы бағдарлама бойынша 2019 жылдың басында 66,5 млрд теңге бөлінді, содан кейін агробизнестің қажеттілігін қанағаттандыру үшін бөлінген қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты жыл соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қолдауымен қосымша 41,1 млрд теңге бөлінді.

Соның нәтижесінде инвестициялық субсидия сомасы 107,6 млрд теңгеге жетті немесе 2018 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.

Бұл ретте субсидиялауға қатысты берілген өтінімдер саны 22,7 мыңды құрады, ал инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері, яғни бес жылдық кезеңде 22,9 мың өтінім субсидияланды, бұл ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 501,6 млрд теңге (өсім 27%) сомасында инвестициялардың өсуін қамтамасыз етті, ал 2018 жылы инвестиция көлемі жалпы 395,6 млрд теңгені құрады.

Қаржыландырудың қолжетімділігін арттырудың келесі тетігі — несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бағдарлама ауыл шаруашылығы техникасын, ауыл шаруашылығы малдарын, негізгі құралдарды сатып алуға және құрылысқа арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыз шарттары бойынша 5%-ын өтеуді қарастырады. 

Сондай-ақ аталған бағыт бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша АӨК жобалары субсидияланады, онда түпкілікті мөлшерлеме негізгі құралдарға арналған неселер бойынша 5%-ды және субсидиялауды есепке ала отырып айналым қаражатына 6%-ды құрайды.

2019 жылы осы мақсатқа шамамен 21 млрд теңге жұмсалды. Бұл 9 мыңнан астам қарыз шартын субсидиялаумен қамтуға және салаға 372 млрд теңге қарыз капиталын тартуға мүмкіндік берді.

 

«Еңбек» бағдарламасын іске асыру

Министрлік «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға қатысады және ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлап жүрген бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру жөніндегі жұмыстарды жүргізеді.

Микрокредит беруге арналған қаражат облыс әкімдіктеріне бюджеттік несие түрінде беріледі. Әкімдік бұл қаражатты микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді одан әрі қорландыру үшін Аграрлық кредиттік корпорация, сондай-ақ тікелей несие беру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арасында бөледі.

2019 жылдың басында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 44,7 млрд теңге бөлінді, ал 2019 жылдың шілдесінде қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Шағын несиелеудің жалпы сомасы 64,7 млрд теңгені құрады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы республика бойынша 64,7 млрд теңге немесе 100% игерілді, 16 181 шағын несие берілді, шамамен 18 мың жұмыс орны ашылды.

Экономика салалары бойынша шағын несиелер:

  • мал шаруашылығын – 75%-ға (43,6 млрд теңге сомасына 12 195 шағын несие);
  • өсімдік шаруашылығын – 5%-ға (3,7 млрд теңге сомасына 735 шағын несие);
  • ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес түрлерін (сауда, шаштараз, монша, ТҚКС және т. б.) – 20% (17,6 млрд теңге сомасына 3 325 шағын несие) дамытуға берілді.

 

Барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің аудиті және жер кадастрын цифрландыру

2019 жылдың екінші жартысында Министрлік «ҚазҒарышСапары» АҚ-мен бірлесіп, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғарыштық суреттер көмегімен ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мен түгендеудің онлайн мониторингін жүргізу үшін пилоттық режимде геопортал құрды.

Аталған жұмыстардың нәтижелері бойынша 2019 жылы Ақмола облысында 289,2 мың га пайдаланылмайтын, 133,6 мың га есепке алынбаған және рұқсатсыз пайдаланылған жерлер анықталды. Солтүстік Қазақстан облысында — 284,3 мың га пайдаланылмай жатқан, 88,7 мың га есепке алынбаған және рұқсатсыз пайдаланылған жерлер.

Есепке алынбаған учаскелер бойынша әкімдіктер хабарлама жібере отырып, оларды ресімдеу жөніндегі жұмыстарды жүргізеді, ал өз еркімен пайдаланылған және пайдаланылмайтын учаскелер бойынша — материалдар оларды алу бойынша сотқа беру үшін дайындалады. Биыл аудит бойынша жұмыс басқа өңірлерде жалғасатын болады.

2019 жылғы қарашада Министрлік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына және ауыл тұрғындарына бекітілген жайылымдармен қамтамасыз етілуге егжей-тегжейлі талдау жасады. Жайылымдарға жүктеме нормативтері және аудандар, ауылдық округтер мен шаруашылықтар бөлінісіндегі ауыл шаруашылығы малдарының нақты болуы салыстырылды.

Талдау жұмыстары көрсеткендей, барлық дерлік облыстарда, әсіресе оңтүстік өңірлерде жергілікті халыққа арналған өрістік жер тапшылығы байқалады. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға 72,4 млн га жайылым бекітілген, дегенмен олардың жартысына жуығында жеткілікті мал басы жоқ.

Сонымен қатар 2019 жылы Жер ресурстарын басқару комитеті жер заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру аясында сот арқылы 1,2 млн га пайдаланылмайтын жерді, оның ішінде 37 мың га – егістікті, 1163 мың га – жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарды.

Аталған жерлер бойынша оларды жаңа жер пайдаланушыларға қайта бөлу және оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар Министрлік топырақ бонитеті балы және жайылым жерлердің жемшөп көлемі бойынша деректерді алудың ашық дерек көзіндегі топырақтық және геоботаникалық электрондық карталарын дайындады. 

2021 жылдың соңына дейін 2 480 ауылдық елді мекеннің шекарасын (шегін) белгілеуді қарастыратын Іс-шаралар жоспары бекітілді, бұл жергілікті халықтың қажеттілігі үшін керек жайылымдық алқаптардың нақты мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 1 611 елді мекенде шекаралар орнатылған, 869-ында орнату қажет.

Сонымен қатар 2019 жылдың көктемінде пайдаланылмайтын 1,7 млн гектар проблемалық агрохолдинг-латифундистің ауыл шаруашылығы жері 43 жаңа инвесторға берілді, яғни аталған алаң оңтайлы мөлшерге дейін сараланды және тиімсіз басқарудың кәсіпкерлік тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік берді.

Жаңа иелері тек көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізуге 20 млрд теңгеге жуық инвестиция салды, салық және жалақы бойынша қарыздарды жапты, жұмыс орындарын сақтап қалды. Жоғарыда аталған барлық жағдайларда инвесторлардың отандық заңды тұлғалар және Қазақстан азаматтары екенін атап өткен жөн. 

Министрлік Жер, Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне тексеру кезеңдерін қысқарту және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін (2 жылдан 1 жылға дейін) алу мерзімін қысқарту, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықты 20 есе ұлғайту тұрғысынан түзетулер әзірледі.

Бүгінгі таңда Заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді, ол ашық НҚА интернет-порталында және АШМ интернет-ресурсында жария талқылау үшін орналастырылған, сондай-ақ сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған.

Мемлекет басшысының жерді пайдаланудың ғарыштық мониторингі бойынша пилоттық жобаны жүргізу жөніндегі тапсырмасына қатысты 2019 жылдың 28 қазанында ҚР Жер кодексіне жер мониторингін жүргізу, оның ішінде жерді қашықтықтан зондтау деректері арқылы жүргізу бойынша өзгерістер енгізілді. 

Аталған нормаларды іске асыру үшін осы жылғы қаңтарда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың ғарыш мониторингі жөніндегі ережелер қабылданды.

4 облыста (Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау) веб-портал арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізудің пилоттық жобасын іске қосу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда аталған облыстардың барлық аудандарында веб-портал қызметтерін сатып алу бойынша конкурстар жарияланды.

 

Ауыл шаруашылығы 2020 жылы қалай дамиды?

 Биыл мына шаралар жоспарланған:

  •  барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және жер кадастрын цифрландыру жөніндегі жұмыстарды аяқтау;

  • ғарыш мониторингі негізінде заманауи бақылау әдістерін енгізе отырып, веб-портал арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мониторингі бойынша пилоттық жобаны іске асыру;

  • әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті халықты жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру;

  • пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту жөніндегі заң жобасына олардың мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту және пайдаланылмайтын жерлер үшін базалық салық мөлшерлемелерін 20 есе мөлшерде ұлғайту жолымен оларды қайтарып алу жөніндегі тиісті тетіктерді күшейте отырып, бастамашылық ету.

  • азық-түлік тауарларының импортын алмастыруды ескере отырып, инвестициялық субсидиялар бойынша тәсілдерді қайта қарау;

  • аумақтарды дамыту бағдарламалары мен өңірлік ерекшеліктерге сүйене отырып, инвестициялық субсидиялардың паспорттары бойынша қаржыландыру лимиттерін белгілеуге әкімдіктерге мүмкіндік беру;

  • кредиттер және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша субсидиялау үлесін 7%-ға дейін (бұған дейін 5%-ға дейін болған) ұлғайту, көктемгі егіс жұмыстарына арналған кредиттерді жылына 6%-ға дейін субсидиялау мүмкіндігін беру, бұл 3 жылға дейін қарыз айналым қаражатын алуға және олар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға мүмкіндік береді;

  • сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау ережелерін әзірлеп, бекіту, себебі биылдан бастап ауыл шаруашылығында ерікті сақтандыру нормалары күшіне енеді. Яғни, келешекте сақтандыру полисін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін агросақтандырудың жаңа жүйесінің аталған тетігін іске қосу қажет. 

 

«Қазагро» холдингі 2019 жылы жалпы сомасы 84 млрд теңгеге 56 жобаны қаржыландырды

Холдингтің миссиясы — АӨК-те мемлекеттік саясатты іске асыру және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы АӨК-нің тұрақты экономикалық өсіміне жәрдемдесу.

Холдинг несиелік өнімдердің барлық желісін оңтайландыру экожүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Шығынсыз қызметті қамтамасыз ету үшін стандартты бизнес жоспар және ауыл шаруашылығында бизнесті жүргізу жөніндегі толық нұсқаулық ұсынылатын болады.

Бүгінгі таңда Холдингтің инвестициялық портфелінде құны 611 млрд теңге болатын 776 инвестициялық жоба бар, оның ішінде 2019 жылы жалпы сомасы 84 млрд теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.

2019 жылы Холдингтің еншілес компаниялары төмендегілерді қаржыландырылды:

  • 170 мың бас ірі қара мал, 545 мың ұсақ мал басын сатып алу;

  • 10 сүтті-тауарлы ферма ашу;

  • 36 тонна құс етін өндіретін 2 құс фабрикасы;

  • 10 бақша мен 11 жылыжай, оның 5-еуі суару жүйесін қолданумен;

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 10 жоба;

  • 4 млн га жерге себілді;

  • лизингке шамамен 5,9 мың бірлік техника берілді.

Белсенді түрде несиелендірудің нәтижесінде Холдингтің несиелік портфелі жыл сайын артып келеді, бүгінде ол 887 млрд теңгеге жетті, ал қарыз алушылар саны 77 мыңнан асты. 

Бұл ретте Холдингтің негізгі басымдықтары ауылды жерлерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және несие беру арқылы ШОБ-ты қолдау болып қала бермек. Мәселен, соңғы 3 жылда Холдинг 38 539 жаңа жұмыс орнын құруға жәрдем көрсетті.

2019 жыл шағын және орта бизнес үшін ерекше жыл болды, себебі ШОБ-ты дамытуға баса көңіл бөлінді. ШОБ несиелендіру көлемі 232 млрд теңгеден 437 млрд теңгеге дейін 2 есеге жуық артты, осылайша барлық несие қаражаттарының шамамен 98%-ы бизнестің осы сегментіне бағытталды. 

Соның нәтижесінде 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнестің қаржыландырылған кәсіпкерлерінің саны 21%-ға немесе 5277 жобаға артты. 

Оған қоса ұзақмерзімді займдар үлесі 86%-ды құрады, ал 1 қарыз алушыға несиенің орташа мөлшері — 18 млн тг.

Ірі бизнесті қаржыландыру үлесі тек 2%-ды құрады, сонымен қатар ірі жобалардың саны 2018 жылғы 102 жобадан 2019 жылы 32 жобаға дейін қысқартылды. 

Холдингтің 2016-2020 жылдарға арналған бекітілген даму жоспарына сәйкес, биыл жалпы сомасы шамамен 391 млрд теңгеге АӨК қаржыландыру көзделген. 

Оның ішінде етті мал шаруашылығына – 38,3 млрд теңге, сүт фермаларына – 14,7 млрд теңге, құс шаруашылығына – 10 млрд теңге, бағбаншылыққа – 5,7 млрд теңге, жылыжайларға – 44,2 млрд теңге, қайта өңдеуге – 6,2 млрд теңге, көктемгі егіс жұмыстарына – 70 млрд теңге, несиелік серіктестікті және микроқаржы ұйымдарын қорландыруға – 28,6 млрд теңге, ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне – 82 млрд тг, айналым қаражаттарына – 25 млрд теңге және шағын несиелендіруге – 66,3 млрд теңге.

Мал шаруашылығын дамытуды қаржыландыру бойынша аталған жоспарларды жүзеге асыру 156 мың ІҚМ басын, 160 мың ІҚМ басын сатып алуға, 46 мың тонна сүт шығаруға 9 сүтті-тауарлы фермаларды құруға және 30 мың тонна құс етін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. 

Өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 400 га бақ, 1500 га суармалы жер, 40 га жылыжай құрып, 120 мың тонна өнімді қайта өңдеуді ұйымдастырып, 3 млн га жерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізіп, 4,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қажет.

Ақпарат көзі: https://primeminister.kz/kz/news/reviews/2019-zhyly-k-azak-stannyn-auyl-sharuashylyg-yn-damytuda-k-anday-na-tizhelerge-k-ol-zhetkizildi