Сс, 01/28/2020 - 23:48
Жаңалықтар

Бүгін «ҰАҒБО» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков Қазақстандағы АДБ тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капанеллимен кездесті.
Т. Рақымбеков ҰАҒБО қызметінің ғылыми-практикалық нәтижелері және ғалымдардың перспективалық жобалары туралы хабардар етті. Джованни Капанелли өз кезегінде ҚР аграрлық секторында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, Қазақстанның АӨК-інде түбегейлі реформалар жүргізу қажет деп санайтынын тілге тиек етті. Атап айтқанда, қазіргі уақытта АДБ Қазақстан Үкіметімен елдің АӨК реформаларын жүргізу үшін ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты, көп жылдық ғылыми тәжірибе мен АӨК саласындағы құнды практикалық білімді ескере отырып, АДБ ҰАҒБО Басқарма Төрағасына Қазақстанның АӨК реформалау жөніндегі АДБ жұмыс тобының құрамында болуды ұсынды.
Т. Рақымбеков АДБ-ның ҚР аграрлық секторында неғұрлым кең стратегия құру, сондай-ақ салада терең реформалар жүргізу қажеттілігі туралы идеясын қолдады. Осыған байланысты Басқарма төрағасы ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруда жетекші күштің иесі - ғалымдар екенін атап өтті.
«Мен ауылды дамыту қажеттілігі туралы әрдайым айтып келемін, себебі бұл елдегі ауыл шаруашылығын жақсартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығымен айналысу тиімсіз және мүмкін еместігі туралы қате пікірді қолдамаймын, біздің халықтың идеологиясын өзгерту қажет деп санаймын», - деді Басқарма төрағасы.
Кездесу барысында Т. Рақымбеков еліміздің аграрлық секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар мен пайым-бағдар берді. АДБ өкілдері Басқарма төрағасының идеяларын қолдап, ҰАҒБО-мен өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

--