Сс, 11/26/2019 - 18:01
Жаңалықтар

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «ҚазАгро» Ұлттық холдингі және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Маңызды құжатқа ұйым басшылары Ербол Қарашүкеев пен Төлеутай Рахымбеков қол қойды.

Меморандумның мақсаты - республиканың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін ортақ тәжірибе мен мүмкіндіктерді біріктіру.

«ҚазАгро» Ұлттық холдингі және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ  бірігіп жаңа технологияларды зерттеу, анықтау және сараптау, шетелдік технологиялар трансферті, сынақтан өткізілген технологиялар мен жеткізушілердің тізбесін жасау, қазақстандық аграрлық ғылыми өнімді әлемдік және өңірлік нарыққа шығару, біліктілікті арттыру бойынша оқыту семинарларын өткізу саласында жұмыстар жүргізетін болады. 

Сондай-ақ, қос тарап технологиялық міндеттерді қалыптастыру, технологиялық трендтерді анықтау және агробизнестің тиімділігін арттыруға ықпал ететін ұсыныстарды әзірлеу бағытында ынтымақтастықпен іс-шараларды өткізуге келісті.

Меморандумға сәйкес тараптар қаржыландыру мақсатында АӨК үшін инновациялық технологиялар тізбесін бірлесіп анықтау, бекіту, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жаңашыл жобаларын ғылыми сүйемелдеу, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталықтарында оқудан өткен фермерлерді қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру, «ҰҒАБО» КеАҚ  талдау порталы қажет мәліметтер мен ақпарат алмасу сияқты басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Сонымен қатар, қос ұйым алдағы уақытта «Шаруаларға қамқорлық орталығы» бірлескен жобасын құру мүмкіндігін қарастырды.

Атап айтсақ, бұл меморандум ұзақ мерзімге жасалды, ал онда көрсетілген іс-шаралар ресми құжатқа қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.