Ср, 07/15/2020 - 12:08
Жаңалықтар

2020 жылдың 14 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде  КАСКАД – Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ ауылшаруашылығы университеттерінің консорциумы басқарушы комитетінің online отырысы өтті. Оның жұмысына 6 елден 15 ЖОО қатысты: Армения, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан.

Тікелей байланыс арқылы ұйымдастырылған отырыс жұмысын КАСКАД консорциумының төрағасы, ауылшаруашылығы және өмір туралы ғылымдар бойынша университеттер қауымдастықтарының Ғаламдық конфедерациясының атқарушы комитетінің мүшесі, Өзбекстанның жоғары білім жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы, Ташкент ирригация  инженерлері мен ауылшаруашылығын механикаландыру институтының ректоры (ТИИИМСХ), экономика ғылымдарының докторы, профессор Уктам Пардаұлы Өмірзақов ашып, консорциумның алдағы мақсат, міндеттерін атап өтті.

Отырыстың басында қатысушылар коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды...

Оnline отырыс барысында консорциум жұмысының соңғы 10 жылда атқарған жұмысы сараланып, қорытындыланды.

1

Қатысушылар жеке-дара сөз алып, шағын баяндамалар жасап, университеттердің аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі туралы атап өтіп, шетелдік студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын тарту тәжірибесімен бөлісіп, индекстелетін басылымдардағы ғылыми жарияланымдардың санын көбейту, ғалымдардың дәйексөздерінің көп қолданылуы жайында сөз қозғады.

ТМД-ның жетекші аграрлық ЖОО ректорлары кеңесінің төрағасы, ҚазҰАУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есполов Тілектес Исабайұлы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жұмысын онлайн режимінде ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті. Бүгінгі күні бұл жұмыс жүйелі түрде университеттің Ситуациялық орталығында жүзеге асуда: студенттерді қашықтықтан оқыту, халықаралық жазғы мектептерді, конференцияларды, жас ғалымдар форумын, ТМД жетекші аграрлық ЖОО ректорлар кеңесінің отырыстарын, Қазақстанның ауыл кәсіпкерлері үшін онлайн-консалтинг өткізу.

Ректор Тілектес Есполов оқу орнының әлемдік білім беру кеңістігінде танылғандығы және қол жеткізілген нәтижелері туралы баяндап, ҚазҰАУ-дың биыл әлемдегі үздік университеттер рейтингісінде QS 591-ші орын алып, бір жыл ішінде 60 орынға көтерілудегі ұжымның ерен еңбегін ерекше атап өтті.

Тілектес Исабайұлы сондай-ақ,  университеттегі ғылыми-білім беру инфрақұрылымын әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта дамыту мәселелері мен оқу орнында ашылған  «Вагенинген (Нидерланды) – Қазақстан» институты жұмысына тоқталып, серіктес жоғары оқу орындарын бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ҚазҰАУ базасындағы инновациялық орталықтар мен зертханаларды бірлесіп пайдалануға шақырды.

Ректор өз сөзінде ТМД жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесінің қызметі және КАСКАД консорциумы – серіктес елдердің агроөнеркәсіп кешеніне білікті мамандар дайындауды үйлестіруге бағытталғанын атап өтті.

«КАСКАД Консорциумына қатысушы жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингін және ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесі жұмысын дамыту үшін академиялық бедел, дәйексөз индексі, шетелдік студенттер мен шетелдік оқытушылардың үлесі бағыттары бойынша жұмысты күшейту қажет. Ол үшін академиялық ұтқырлықты дамыту; бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, конференциялар ұйымдастыру; қысқы және жазғы мектептер өткізу; жаңа білім мен инновациялық технологиялар трансфертін жүзеге асыру; Экстеншн жүйесін дамыту жаңа бағытта қарқын алуы тиіс.» – деді ректор Т.И.Есполов

Отырыста, білім алушыларды жақындастыруға, олардың ой-өрісі мен тәжірибесін кеңейтуге, консорциумның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты жақсартуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы халықаралық студенттердің санын арттыруға көмектесетін бірлескен оnline оқытуды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Отырыс соңында Консорциум университеттерінің ғалымдары жарияланымдардың санын арттыру үшін 2020 жылдың қазан айында СКОПУС деректер базасында материалдар жариялау мен мерейтойлық оnline ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланды.