Ғалымдар егін егу кезінде фермерлерге әлеуметтік желілер мен жедел хабарламалар арқылы кеңес береді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ғалымдары Facebook, Instagram, Telegram және басқа интернет-ресурстар арқылы фермерлерге қашықтықтан консультациялар ұйымдастыруда. 30 наурыздан бастап «ҰАҒБО» КеАҚ-ның, ҚазҰАУ және ауыл шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы, мақта шаруашылығы, жеміс-жидек, күріш, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп 55 мың фермерге көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша 7 онлайн-кеңес өткізді.
Интернет арқылы консультациялар сұрақ-жауап түрінде жүргізілді. Фермерлерді элиталық тұқымдармен қамтамасыз ету, тыңайтқыштарды дұрыс қолдану, паразиттер мен ауруларға қарсы агрохимиялық шаралар жүргізу, ұрықтандырудың жасанды технологияларын енгізу, жердің құнарлығын жақсарту және басқа да мәселелер қызықтырды.
Шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын кеңес барысында қойып, ғалымдардан тұщымды жауап алды. Онлайн кездесуден кейін ғалымдар жеке ұсыныстары мен тұжырымдамаларын фермерлердің электронды поштасына жолдады.
«Қазір егіс кезінде фермерлерге қолдау көрсету өте маңызды. Бүгінгі қиын жағдайда заманауи технологиялардың көмегімен Қазақстанның фермерлеріне кеңестер беріп, көмектесуді жалғастырамыз. ҰАҒБО-ның барлық филиалдары, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе стансалары, фермерлерге әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өз ұсыныстарын береді», - деді ҰАҒБО-ның басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков.
Оның айтуынша, егіс маусымына дейін ҰАҒБО-ның ғалымдары қазақстандық фермерлер үшін 230 онлайн-кеңес өткізуді жоспарлап отыр.
Өткен жылы ҰАҒБО 610 консультация ұйымдастырса, ал орталықтың еншілес компаниялары мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын, оның ішінде 742 ауылшаруашылық өндіріс орталықтары үшін 160-тан астам кеңес өткізген болатын.