Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған ауылшаруашылық мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының өкілдері Қарауылтөбе а/о Қызылорда қаласы ауыл шаруашылығы бөлімі мен Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырған Дала күні семинар кеңесіне ат басын тіреді.
Бұл егістікке орақ салар алдындағы жасалып жүрген жылдағы үрдіс. Ерекшелігі - биыл жергілікті институт ғалымдары шығарған жаңа күріш сорты Сыр сұлуына алғашқы орақ түсуі.
Қонақтар қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларымен танысты, оның ішінде «Агромашхолдинг» АҚ институтқа сынақтан өткізуге ұсынған тікелей оруға бағытталған су жаңа LOVOL комбайндары бар.
Күріш институтының басқарма төрағасы Бахытжан Дүйсембеков қала әкіміне институт ғалымдарының жетістіктерімен таныстырып, аймақты әртараптандыру бағытында дәстүрлі және су үнемдегіш тәсілмен өсіруге болатын дақылдарды көрсете келе олардың экономикалық тиімділігін алға тартты.
Диқаншының еңбегін екі есе қайыратын ел естімеген дақылдар да баршылық. Мәселен қант құмайы, май бұршақ, сүрлем жүгері мен түйе жоңышқа сияқты дақылдар күріштік берген егіннен пайдасы кем түспейтіні дәлелденіп отыр. Бұл ретте шаһар басшысы осы ақпаратты елді мекендердегі диқаншыларға кеңінен таратып, егжей-тегжейлі түсіндіру керектігін айтты.