Ср, 01/29/2020 - 12:54
Жаңалықтар

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» ұранын ұлттық идеяға айналдыруымыз қажет

 

Төлеутай Рақымбеков – Қарағанды облысының тумасы. Экономика ғылымдарының докторы, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ директоры.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, Жезқазған мемлекеттік университетінің доценті, Ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын реттеу департаментінің директоры, Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, «ҚазАгроИнновация» АҚ президенті, Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы вице-министрі секілді қызметтерді абыроймен атқарған тұлға.

Біз «Құрмет» ордені мен Құрмет грамотасының, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерінің иегерімен ауыл шаруашылығындағы көкейтесті мәселелер мен ішкі істер органдарындағы реформалар тақырыбында сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– Төлеутай Сатайұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ жұмысымен таныстырып өтсеңіз?

– Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді. 2015 жылы тамыз айында Үкіметтің қаулысымен құрылды.

Орталықтың құрамында үш агротехникалық университет бар. Алматы қаласындағы ұлттық аграрлық университет, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфулин атындағы агротехникалық университет және Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетімен тікелей жұмыс жасаймыз. Одан бөлек, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, механикаландыру, экономика, орман шаруашылығы, балық, су шаруашылығы, күріш, мақта шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау институты, топырақтану инс-
титуты секілді 16 институтымыз бар. 18 өндірістік тәжірибе орталығында ауыл шаруашылығы тәжірбиелері жасалуда.

Жалпы, орталықта 10 мыңнан аса адам еңбек етуде. Оның ішінде бес мыңнан астам ғалым түрлі тәжірибелер жасап, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуда. Үш университетімізде 27 мыңнан астам жас білім алуда. Осының баршасын есептегенде, орталықта 40 мыңға жуық адам қызмет атқарады деп айта аламыз.

Басты мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми технологиялық инновациялық дамуына көмектесу, мамандар дайындау. Сондай-ақ, талдау сараптама жасау жұмыстарын жүргізу.

 

– Еңбек жолыңыздың басым бөлігін ауыл шаруашылығына арнапсыз. Жалпы, бүгінгі күнгі еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуына қандай баға бересіз?

– «Ауыл шаруашылығында дағдарыс орын алды», «мемлекет ешқандай көмек жасамай жатыр», «жағдай өте нашар» деген пікірлер айтылып жатады. Әрине, әр адамның өзіндік пікірі бар. Қоғам болған соң, құлдырау да, алға жылжу да болады.

Ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер орын алды. Мен бұл туралы көптеген мақала жаздым. 1992 жылы 1 – қаңтар күні нарықтық экономика принциптері енді де, ауыл шаруашылығы артта қалып қойды. Ал 1995-1999 жылдары жаппай жекешелендіру жұмыстары жүргізілді. Сол жылдары егін көлемі екі есе төмендеп кетті. Қойдың саны үш жарым есеге төмендеді. Ірі қара малдың саны үш есе азайды.

1999 жылдан бастап 2002 жылға дейін тұрақтандыру жылдары болды. Осы аралықта негізгі заңдар қабылданды.

ҚазАгро қаржы ұйымы, Аграрлық несие Корпорациясы, Ауыл шаруа-
шылығын қаржылай қолдау қоры құрылды. Олар 2006 жылдың желтоқсан айында Ұлттық басқару холдингі ҚазАгроға бірікті.

2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығы қарқынды дамыды. Осының арқасында 2010 жылға қарай еліміз өзін өзі ауыл шаруашылық өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге қол жеткізді.

 2011 жылдан бастап салаға күрделі реформа жүргізілуі керек еді. Ауыл шаруашылығының құрылымын өзгертіп, жаңа бағыттарды жүзеге асыру қажет болды.

Мәселен, ауыл шаруашылығында екі-ақ сала бар. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Осы жерден үшінші сала, қызмет көрсету саласын құру қажет. Яғни, инфрақұрылымды реттеуге тиіс едік.

Өндірілген өнімді қайта өңдеу, сақтау, сату, нарыққа жеткізу мәселелеріне назар аудару керек. Қазір ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген тауар өндірушілерге қызмет көрсететін құрылымдар жасақтауымыз қажет. Осы саланы қолға алмай өндіруші мен тұтынушы арасын байланыстыра алмаймыз.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, өндіруші тек тауар өндірумен шұғылданады. Оның сатуға уақыты да жоқ. Ал сатумен, экспорт жасаумен жұмыс жасайтын жаңа құрылым қажет. Бұл мәселені қолға алмай, ауыл шаруашылығын дамыту қиын.

 

– Сонда ауыл шаруашылығы үшін экспорттың ауылы алыс дейсіз бе?

– Егер біз ішкі нарықта өндірілген өнімді дұрыс сата алмай отырсақ, экспорт туралы қалай айтамыз? Түсінікті тілмен айта кетейін, мәселен, біз даладағы шалшық судан шелекпен су тасимыз. Ал дамыған елдерде халық үйдегі краннан су алады. Енді сол үйдегі краннан су алуға үйреніп қалған елге, біз өзіміздің әдіспен, яғни шелекпен су жеткізіп бере алмаймыз гой.

Сондықтан бұл жерде бірізділік керек. Жүйені дұрыстап, жаңа бағытты қолға алуымыз қажет.

 

– «Шаруаның еңбегін делдал иеленіп кетіп жатыр» деген сөз бар. Шынында да күзгі қара суыққа тоңып, жаздың аптап ыстығына күйіп жүрген шаруаларға қарағанда, ортадағы алыпсатарлар ауқымды пайда тауып жатқан сыңайлы ма?

–Делдалдар оңтүстікте қызанақтың, қиярдың бағасын егістік алқабынан елу теңгеден сатып алады да, Нұр-Сұлтанда бес жүз теңгеден сатады. Арасындағы 450 теңге шаруаға бұйырмайды. Ол делдалдың ақшасы.

Қазір экспортты қорғаушылар шекараны жапқаннан кейін «фермерлер ақшасыз қалды» деп айқайлап жүр. Ал шетелге кеткен малдың ақшасы көбінесе ортадағы делдалдың қалтасында қалады. Оны фермер ойлап жүрген де жоқ. Проблема етіп, шу көтеріп жүргендер сол фермердің маңайындағы делдалдар.

Ал біз шаруаның өнімін қайта өңдеу, сату мәселелерін жүйелейтін болсақ, ортадағы алып-сатарлардан арылар едік. Ол шаруаға да, мемлекетке де үлкен пайда алып келетіні анық.

 

– Қазір шетелдің сүтті сиырын алып келіп, өсіру сәнге айналып барады. Маман ретінде айтыңызшы, қазақы мүйізді ірі қара мол сүт бере алмай ма?

– Егер аграрлық ғылым, білім беру салалары қоян-қолтық жұмыс істейтін болса, біз қазіргі жағдайдың өзінде өнімді екі-үш есе арттыра аламыз. Оны ғалымдарымыз дәлелдеп те отыр. Ол үшін дұрыс тұқымды пайдалану керек, дұрыс технологияны қолданысқа енгізіп, тыңайтқыштарды күшейтуіміз қажет.

Біздің елімізде ғалымдармен бірігіп жұмыс істеп отырған шаруалар бар. Сиырына құнарлы азық-түлік беріп, дұрыс ветеринарлық жағдай жасауының арқасында мол сүт алып отыр. Сиырлары шетелдік емес, кәдуілгі қазақы мүйізді ірі қаралар.

Көпшілігіміз шетелдік сарапшылардың сөзімен жүреміз. Осыны қою керек. Қайта отандық ғалымдармен жұмыс істеп, пікірлерін тыңдасақ, толайым табыстарға ие болуға мүмкіндігіміз мол.

 

– Шетелдің малынан бөлек, егіншілікке арналған тұқымдарын да алып келушілер көбейіп келеді. Бұл заңды ма?

– Олар ғылыми тәжірибеден өтіп, арнайы көрсеткішке ие болғандықтан тасымалдануда. Ал заңсыз келсе, дұрыс емес. Кез келген тұқымды пайдалану үшін біздің заң бойынша тұқымның авторынан лицензиялық рұқсатын алу керек. Сосын ол Қазақстанда тізімге еніп, тіркеледі. Оған авторлар ақша төлейді. Бірақ, бұл іске бас ауыртып жатқан ешкім жоқ.

Фермерлер дәл сол тұқымды Омбыдан барып, әлдеқайда арзан бағада сатып ала алады. Ал ғалымға бәрібір. Бұл заң бұзушылық.

 Негізі, өзімізде де жақсы тұқымдар бар. Олар табиғи, еліміздің климаттық жағдайына сәйкес келеді.

 

– Ауыл шаруашылығы саласында өнімдердің экспортын арттырып, мол пайдаға кенелу үшін не істеу қажет? Қандай ұсыныстар айтасыз?

– Бірінші, өнімділікті көтеруіміз керек. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған бірнеше мемлекетті зерттеп көрдім. Мысалы, Қытайдың өзі ең бірінші төрт саланы қолға алып отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы да бар. Олар өз халқын тамақпен қамтамасыз ету үшін үлкен жоспар жасауда. Аргентина, Бразилия, Израильде инновациялық жобаларды енгізе бастады. Соның арқасында экспортты арттыруда. Бұлайша жұмыс істеу біздің де қолымыздан
келеді.

Бір жарым миллиард халқы бар Қытаймен көршіміз. 150 миллион халқы бар Ресей қасымызда. Тіпті ар жағында бір миллиард халқы бар Үндістан, мына жақта Оңтүстік-Шығыс Азия елдері орналасқан. Бәрін есептесек, дүние жүзіндегі 3-4 миллиардқа жуық халықты ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұтынушы етуге мүмкіншілігіміз бар.

 

– Сізді көпшілік сайлауда ел Пре-
зиденттігіне кандидат болып тіркелген кезіңізден жақсы таниды. Алдағы уақытта да сайлауға түсесіз бе?

– «Ауыл» партиясының мүшелері, партиялас әріптестерім үлкен сенім артқандықтан, сайлауға түстім. Мен ол кісілерге әлі күнге дейін алғысымды айтамын. Сондай-ақ, мен үшін дауыс берген сайлаушыларыма ризашылығымды білдіремін.

Егер тағы да ұсыныс болып жатса, мен бас тартпаймын. «Мен істемесем, оны кім істейді?» деген ұстанымым бар. Ауылдағы негізгі мәселелерді білемін. Оны шешуге алдағы уақытта да барымды саламын.

Менің ойымша, ең бірінші мәселе – ауылда. Әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шешімі де ауылда. Мысалы, қазір елді алаңдатып отыр-
ған көп балалы аналардың жанайқайын алайық. Олардың 90 пайызы ауылда тұрады. Үй алу кезегі, балабақшаның кезегі, жұмыссыздық – бәрі-бәрінің түп тамыры ауылда жатыр.

Неге дейсіздер ғой? Қарағанды облысы әкімнің орынбасары қызметін атқарған кезімде кішкентай ғана кентте 24 пәтерлі бос үйді қайтадан жөндеуден өткізетін болдық. Біткен соң, ауылдағы халыққа пайдалануға береміз деп шештік. 10 жыл бойы ауылда тұрғын үй кезегіне ешкім тұрмаған екен. Үйдің құрылысы басталған сәтте 64 адамның кезегі пайда болды.

Қазір де дәл сол жағдай. Біз 10 мың пәтер берсек, 20 мың адам кезекке тұрады. Жиырма мың пәтер берсек, елу мың адам келіп тіркеледі. Ал ауылда салынып жатқан үйлер некен-саяқ.

Ауылдағы халыққа жұмыс тауып бермесек, қалада да жұмыс орны ашылмайды. Себебі, қалада жүргендердің көпшілігі ауылдың адамдары.

Сондықтан, ең біріншіден, ауылды, ауыл шаруашылығын көтеруіміз керек. Дәуірі жеткенде мұнай да, мыс та, темір де түгесіледі. Ал ауыл шаруашылығының ғұмыры ұзақ.

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстан гүлденуі» деген девизді алып, ұлттық идеяға айналдыруымыз қажет. Көлік пен компьютер жасаудан Германия мен Америкаға, Жапонияға қуып жету – бізге мақсат болмауы керек. Мақсат – ауыл шаруашылығының көтеріп, азық-түлікті өңдеу болуы тиіс.

 

– Қазақ ауылдарының болашақ кейпін қалай көресіз?

– Ауылды дамытамыз десек, алдымен ауыл шаруашылығын қолға алуымыз қажет. Жастар неге ауылға бармайды? Мұның үш себебі бар.

Біріншіден, оқуға түсер кезде ветеринар мамандығына заңгер мен экономист оқуына түсе алмағандар барады.

Екінші себебі, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген адамдардың жалақысы өте төмен. Ресми статистикалық көрсеткіштен байқағанымыз, мұғалім мен дәрігердің жалақысынан да аз екен.

Үшіншіден, ауылда өмір сүру деңгейі нашар. Қалада төрт жыл оқып, жылы суға үйреніп, кинотеатр мен клубқа барып жүрген бала ауылға бара ма?

Сондықтан ауылға барып қызмет етемін деген жастарға жағдай жасауымыз қажет.

 

– Сіздің бір мамандығыңыз заңгер екен. Осыған байланысты, ішкі істер саласына қатысты да бірнеше сұрақ қойсам. Бұл салада өткен жылы біршама реформа жүзеге асты. Көңіліңіз тола ма?

– Иә, заңгер мамандығын оқуға өмірдің өзі мәжбүрледі. Аспирантураны бітірген соң, 1992 жылы Мәскеуден Жезқазғанға келдім. Кәсіпкерлікпен айналыстым. Көптеген заңсыздықтарға кезіктім. Содан заңгер мамандығын меңгеруді жөн деп санадым.

Азаматтық кодекс, салық кодексі, конституция және басқа заңдардың барлығымен өмірде таныстым.

Сұрағыңызға келер болсам, әрине, қоғамдық тәртіп керек және оны қалыптастыратын бірінші кезекте – полиция қызметкерлері. Сондай-ақ, қоғамға қазір мәдени ілгерлеу қажет деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерде көп адамдар полиция туралы әртүрлі пікірлер жазып жатады. Ал басына іс түссе, бірінші сол полицияға жүгінеді. Қазақ полициясы – қазақтың қорғаны. Оларды қолдау керек.

Ал реформа жағына келер болсам, маман даярлауға көп көңіл бөлу керек секілді.

 

– Қоғам белсендісі ретінде айтыңызшы, ішкі істер саласында жүзеге асып жатқан реформалар саланы жетілдіру жолында тиімділігін көрсетіп келе ме?

– Реформаны көп насихаттау керек. Халыққа түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізген жөн. Реформа тек форма ауыстыру емес, ол – жүйені түбейгейлі өзгерту.

 

– Елдегі заң бұзушылықтар қай салада көп орын алып жатыр деп ойлайсыз?

– Қоғамда заң бұзушылық өте көп. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтермей, бұл проблема шешілмейді. Біз қандай болса да заң бұзушылықтарды нақты дәлелмен көрсетіп, олармен күресе білуіміз қажет.

 

– Оның алдын алу үшін нақты не істеу керек?

– Тәрбие. Ең бірінші, тәрбиеге көп көңіл бөлуіміз қажет. Екіншіден, тәртіпсіздікке кез болғанда бірден ескертіп, тоқтатып отыру керек. Өркениетті елдерде заң, тәртіп бұзушыларға үлкен көлемде айыппұлдар салынады. Бұл туралы арнайы заңдары да бар.

 

– Сондай заңдарды біздің Қазақстанға орнату керек пе?

– Міндетті түрде керек. Бірақ, алдын ала насихаттап, халықты құлақтандыруымыз керек. Әр адам өзінің пәтерін, үйінің кіреберісін (подъезін), ауласын, жолын таза ұстауы тиіс.

 

– Қандай жүргізушісіз? Жол ережесін көп бұзасыз ба?

– Мен өзім көлік айдамаймын. Бірақ, шопырыма «Жол ережесін бұзба» деп жиі ескертіп отырамын. «Заң саған ұнамауы мүмкін, бірақ сақтауға міндеттісің» деген сөз бар. Талап қойылды ма, оны ұстану керек.

 

– «Сергек» камерасына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Сіздің көзқарасыңызды білсек?

– Бақылаудың болғаны дұрыс деп есептеймін. «Сергек» орнатылғалы көлік жүргізушілері арасында заң бұзушылықтар азайып, тәртіп орнай бастады. Сондықтан оның бізге пайдасы болмаса, зияны жоқ.

 

– Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз...

– Жұбайым Салтанат Темірқұлқызымен ауыл шаруашылығы институтында бірге оқығанбыз. Ол да қызыл дипломға бітірген. Бір-екі жыл жұмыс істеп, Мәскеудің аспирантурасына бірге түстік.

 Әлия, Айбота есімді екі қызым бар. Қазір Әлихан, Тимур есімді екі
жиен-немереміз көз қуанышымыз болып отыр.

 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Индира АХМЕТОВА,

суретті түсірген

Медет Әшірбеков