Ср, 01/20/2021 - 12:34
Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Асқар Мамин және Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Қызылжар Сүт» ЖШС-нің жаңа цифрлық тауарлы-сүт фермасында болды, деп хабарлайды primeminister.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Солтүстік Қазақстан өңіріне сапары аясында А.Мамин инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексерді. Атап айтқанда, Қызылжар ауданының Чапаев ауылында Үкімет басшысы қуаттылығы жылына 3,6 мың тонна сүт өндіретін «Қызылжар Сүт» ЖШС-нің жаңа цифрлық тауарлы-сүт фермасына барды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалар мәселелері бойынша кеңес өткізді. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров және басқа да министрліктердің басшылары баяндама жасады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша СҚО ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгені (2019 жылға қарағанда 27%-ға жоғары), ал өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі - 306 млрд теңгені (+4,8%-ды) құраған.

«Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешенде, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың жоғары өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамптамасыз етуге елеулі серпін беру қажет», - деді А.Мамин.

 

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/kr-premer-ministri-a-mamin-zhumys-saparymen-soltustik-kazakstan-oblysyna-bardy-2002114