ҚР Үкіметінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров АӨК және жер қатынастарын цифрландыру бойынша ҚР АШМ-ның атқарған жұмысы туралы баяндады
Министр соңғы жылдары АШМ мемлекеттік қызметтер мен салалық бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін хабарлады. Аталмыш ведомствода автоматтандыру деңгейі 94%-ға жетті. 2020 жылы АШМ-нің электрондық форматта көрсеткен қызметтерінің үлесі 34%-ға өсті.
Бизнес-процестердің басым бөлігі «E-Agriculture» бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі есебінен цифрландырылды. Бүгінде осының арқасында фермерлер мен сауда ұйымдарының өкілдері интернет арқылы қажетті құжаттарды алуда.
Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында барлық 11 рұқсат беру құжаттары цифрландырылған. Мал шаруашылығы саласында 12 рұқсат беру құжатының 10-ы электрондық форматқа ауыстырылды.
Субсидиялаудың барлық бағыттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процестері және микронесиелерге кепілдік беру жөніндегі комиссияның жұмысы 100%-ға автоматтандырылды.
Сондай-ақ ҚР АШМ Plem.kz ақпараттық талдау жүйесі арқылы мал шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың есебін цифрландырды. Енді 35 мың қолданушы электронды форматта жануарлардың шығу тегін растай алады және зоотехникалық оқиғаларды реттей алады.
Сапархан Омаров Қазақстан ЕАЭО мемлекеттері арасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесі енгізілген алғашқы ел екенін атап өтті. Бүгінде онда 35 млн-нан астам мал тіркелген. Жүйені дамыту аясында жақын арада электрондық ветеринариялық паспорттарды беру қызметі енгізілетін болады.
Сонымен қатар, министр АӨК цифрландыру мәселесі толық шешілді деп айту әлі ерте екенін атап өтті. Министрлік жаңа міндеттер жиынтығымен жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта аграрлық саланы цифрландыру деңгейі анықталды және «нақты ауыл шаруашылығы» жүйесін енгізу бойынша жұмыс қолға алынған. Смарт-жүйелерді пилоттық режимде енгізу оң әсерін көрсетті.
Мәселен, нақты егіншілікте жаңа технологияларды қолдана отырып, агрономияда 20%-ға дейін көбірек өнім ала алды, бұл ретте фермердің шығындары 15%-ға дейін қысқарды. Мал шаруашылығында заманауи жабдықтарды қолдану арқылы сүт көлемі 20%-ға, төлдейтін бұзаулардың саны 25%-ға өсті.
С. Омаровтың айтуынша, АӨК процестерін 5 жыл ішінде толық цифрландыру келесі қосымша нәтижелерді береді:
– 20%-ға жалпы алымды ұлғайтуға;
– еңбек өнімділігін 50%-ға арттыруға.
ҚР АШМ АӨК цифрландыру – тәуекелдер мен өндірістік шығындарды азайтуға, ауа райының өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының және жануарлардың өнімділігін арттыруға, агротехнологияларды уақытылы жоспарлауға мүмкіндік береді дейді. Сайып келгенде, жаңа технологияларды енгізу отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі жер қатынастарын цифрландыру жұмыстарына да тоқталып өтті. Министр жер қатынастарын басқарудың базалық құралы жер учаскелері бойынша, оның ішінде топырақ, геоботаникалық және ауыл шаруашылығы карталары бойынша 6,5 млн мәліметті сақтайтын мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болып табылатынын еске салды. Осы жүйе арқылы қазақстандықтарға жер қатынастары саласындағы электрондық мемлекеттік қызметтердің 15 түрінің 12-сі көрсетіледі.
2021-2022 жылдары топырақ және геоботаникалық карталар бойынша қамту 40 млн гектарға дейін және ауыл шаруашылығы карталары бойынша 33,2 млн гектарға дейін ұлғайтылатын болады. ҚР АӨК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығын көлемді цифрлық ауыл шаруашылығы карталарымен қамту жоспарлануда.
Қазір министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәртібін ретке келтіру бойынша жұмыс атқаруда. 2021 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін ведомство кезекке қою процесін автоматтандыруды аяқтауды жоспарлап отыр.
Президенттің жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында космомониторинг арқылы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында пайдаланылмайтын 8,3 млн га жайылымдық жер анықталды. 2,6 млн га жайылым ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылды, 5,7 млн га жердің иелеріне хабарлама жіберілді.
Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасына орай ҚР АШМ жер қатынастары саласында цифрландыру және дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш заң нормалары жер берудің қазіргі тәртібіне тұжырымдамалық негізде өзгерістер енгізуді көздейді.
Ақпарат көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/130156?lang=kk