Жм, 09/20/2019 - 17:03
Жаңалықтар

Комитет отырысына Ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, ұлттық экономика министрліктерінің, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми  ұйымдарының басшылары, аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ауыл шаруашылық өнім өндірушілері және бұқаралық ақпараттар құралдар өкілдері қатысты. Іс-шара барысында аграрлық ғылымның жағдайы, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау және осы саладағы басқа да мәселелер талқыланды.

1

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану  және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев қатысушыларды Елбасы және Мемлекет Басшысы Жолдауларындағы ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша қойылып отырған міндеттемелер, оларды заңнамалық іске асыру мәселелерін көтерді.

Мамандардың пікірінше, дамыған мемлекеттерде ЖІӨ өсімінің 50-ден 90% - ға дейінгі пайызы технологиялық прогреспен және инновациялармен қамтамасыз етіледі. Олар өнеркәсіптің барлық секторлары мен қызмет көрсету саласын дамытудың міндетті шарты және негізгі «жүрегі» болып табылады.

Бұл ретте, АӨК жаңғыртудың негізгі факторлары: технологиялық деңгей, басқару жүйесі, кадрлық әлеует болып табылатыны анық. Сондықтан ауыл шаруашылығын кадрлық қамтамасыз ету бүгінде мемлекеттік ауқымдағы стратегиялық міндет болып табылатынын және аталған мәселелерді шешу үшін бірқатар ұйымдастыру шараларын қабылдау және оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар, осы саладағы мамандарды даярлау мен ғылыми әзірлемелер, ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің қажеттілігімен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуі, жинақталған халықаралық және отандық тәжірибе, инновациялар мен технологиялар трансфертін кеңінен пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін анықтап отыр.

2

Комитет мүшесі Әбдәлі Нұралиев өз сөзінде осы саладағы қордаланған мәселелерді атап өтті. Мәселен, ауылшаруашылық тауар-өндеушілері еттің – 33%-ын, сүттің 31%-ын пайызын ғана өңдейді. Бұл – еліміздің өңдеу кәсіпорындарының 60 пайыздық деңгей қуатын ғана пайдаланады деген сөз. Ал 2018 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге бағытталған ғылыми ізденістерге бар-жоғы 271 млн.тенге белгіленіп, ол аграрлық ғылымға жұмсалған жалпы соманың 3,6% -ын ғана құраған. Соңғы 10 жылда ғылыми кадрлардың саны 8% -ға қысқарды, қартаю процесі жалғасуда: яғни ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы                57 жас, аға ғылыми қызметкерлер - 65 жаста, жетекші және аға ғылыми қызметкерлер - 54 жаста.

Ауыл шаруашылығы мамандығына гранттардың едәуір саны бөлінетіндігіне қарамастан, сала жоғары білімі бар кадрларға деген айтарлықтай тапшылықты сезініп отыр. 2015 – 2017 жылдары АӨК үшін мамандарға және ғылыми кадрларға деген жалпы қажеттілік 6922 адамды, оның ішінде 2015 жылы 2240 адамды, 2016 жылы 2345, 2017 жылы 2337 адамды құрады. Кадрлар тапшылығы негізінен агроном ғалымдар, ветеринар дәрігерлер, зооинженерлер, ауыл шаруашылығы өндірісінің инженер-механиктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші инженер-технологтар, экономистер, бухгалтерлер және т.с.с. мамандықтар бойынша сезілуде. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша АӨК субъектілерінің шамамен 80 %-ы мамандарға деген қажеттілікті бастан кешіп отыр. Түлектер ауылда жұмыс істеуге құлықсыз. Жыл сайын мемлекеттік грантты бітіргендердің жалпы санының тек 50% -ы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Көптеген жұмыспен қамтылған мамандар ресми түрде ауылдық жерлерде жұмыс істейді, бірақ іс жүзінде қалаларда тұрады. 

3

Қазақстан АӨК-сінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік шығыстарды төмендету, дақылдардың түсімділігі мен жануарлардың өнімділігін ұлғайту үшін өндірістің, білім мен ғылымның тығыз интеграциясы, отандық ғылыми зерттеулерді әзірлеу және енгізу, тиімді шетелдік технологиялар трансферті, елдің аграрлық нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау мен қайта даярлау, шетелдік мамандар мен ғалымдарды тарту негізінде АӨК-нің жеделдетіп инновациялық дамуын қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ың ғылым және білім бойынша басқарма директоры Есенбай Исламов өз баяндамаларында сала бойынша ғылымды дамыту және инновацияларды енгізу бойынша қазіргі жағдайларды баяндады.

4

ҚазҰАУ ректоры Тлектес Есполов универститет қабырғасында мамандарды даярлау және де ауыл шаруашылық ғылымын дамыту мәселелеріне тоқталды.

Жарыссөздерге қазақстандық және әлемнің жетекші аграрлық университеттерінің ректорлары, ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Комитет төрағасы Әли Бектаев қорытынды сөзінде отырыс барысындағы ұсыныстар жинақталып, Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетіні туралы хабардар етті.  

Комитет мүшелері сапар барысында Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты, түйе етін өңдеу ЖШС «Күн Нұры», Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Үш қоңыр» білімді тарату орталығы, «Оңтүстік» агропарк, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының және «Алматы-Еділбай» шаруа қожалығы жұмыстарымен танысты.