Сс, 01/12/2021 - 15:05
Жаңалықтар

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің салалары 2020 жылы оң даму қарқынын көрсетті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі мәселелер қаралды. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында агроөнеркәсіп кешені саласы қалай дамығаны туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтып берді. Сонымен, министрдің айтуынша, аталған кезеңде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға ұлғайып, 6,3 трлн теңгені құрады.

«Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,8%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді», — деп нақтылады ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы.

Облыстар бөлінісінде 5 облыста: Қостанай – 120,8%, Ақмола – 112,7% Павлодар – 107,5%, Ақтөбе – 106,7% және Қарағанды облысында – 105,7% республикалық деңгейден жоғары қарқын байқалды. Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 3%-ға ұлғайып, 2,6 трлн теңгені құрады.

Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 4,1%-ға, сүт 3,2%-ға ұлғайды.  Көрсетілген мерзімде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 4%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда, сары майды өндіру көлемінің 26,5%-ға, өңделген күріштің 20,1%-ға, шұжық өнімдерінің 8,2%-ға, макаронның 6,3%-ға, өнделген сүттің 4,9%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 4,8%-ға, ірімшік және сүзбенің 4,5%-ға, ұнның 1,6%-ға артқаны байқалды. 2020 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 15%-ға ұлғайып, 573,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,5%-ға артып, 104 млрд теңгені құрады. 

«Саланың бұл өсімі негізінен фермерлердің үйлесімді жұмысының және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кедергісіз қозғалуын, ЖЖМ, қосалқы бөлшектерді, тұқымдарды, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуді қамтамасыз етуден тұратын COVID-19 пандемиясы жағдайында егіс жұмыстарын жүргізуге арналған Үкіметтің дер кезінде қабылдаған жұмыс алгоритмінің арқасында қамтамасыз етілді. Нәтижесінде егіс жұмыстары сапалы және ауыл шаруашылығына оңтайлы мерзімдерде жүргізілді», — деді С. Омаров. 


Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/kazakstannyn-agroonerkasip-kesheninin-salalary-2020-zhyly-on-damu-karkynyn-korsetti-1203040