Tue, 04/07/2020 - 11:28
Новости

Құрметті достар, әріптестер!

2020 жылдың 30 наурызында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков тікелей эфирде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін онлайн кеңес өткізіп, еншілес ұйымдардағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы әңгімелеп берген болатын.

Енді орталық ғалымдары апта сайын тікелей эфирге шығып, онлайн режимінде фермерлерге кеңес беруді бастап кетті.

Кеше, 2020 жылдың 6 сәуірінде  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәжірибелі мамандары, білікті ұстаз-ғалымдары тауар өндірушілер үшін онлайн кеңес өткізді.

Бүгінге дейін онлайн-кеңес эфирлеріне 2000-нан астам адам қатыстқанын ерекше атап өткім келеді. Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, ауыл фермерлері.

Бүгінгі күні университет көктемгі егіс жұмыстарын оқу-тәжірибе шаруашылығында бастады. Қазіргі уақытта барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Тұқым, жанар-жағар май материалдары, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер және тағы басқа қажетті материалдар мен құралдар сатып алынды.

Описание: https://www.kaznau.kz/img_archive/1847029803_2004.jpeg

Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығын құру аясында 75 бірлік Беларус ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, оның ішінде егіс алқаптарында 17 бірлік техника жұмыс атқаруда.

Университетте Агротехнологиялық хаб жұмыс істейді ,оның құрамына 6 инновациялық орталық және 31 зерттеу зертханасы кіреді. Барлық зертханалар мен орталықтар біздің тауар өндірушілер үшін ашық.

Экстеншн бағдарламалары республиканың 9 облысында және 88 ауданында іске асырылуда.

Университетте Ситуациялық орталық жұмыс істейді, оқу орны сайтында «АгроДаму» беті бар, онда фермерлер өздерін қызықтыратын тақырыптарға өз сұрақтарын жібере алады. Біз оларға міндетті түрде жауап береміз.

Онлайн-кеңесте барлық бағыттар бойынша: өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, механикаландыру және электрлендіру, су, орман, жер ресурстары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, АӨК экономикасы мен цифрландыру бойынша 34 сарапшы тікелей эфирге Алматы қаласы мен Алматы облысының әр түкпірінен қосылып, тауар өндірушілердің сұрақтарына жауап берді.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Жеміс-көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі Т.Е.Айтбаев көкөніс дақылдарын отырғызу технологиясы бойынша, Қазақстанда қандай сорттар аудандастырылған, олардың тұқымдарын қайда сатып алуға болады, сондай-ақ арамшөптермен қалай күресуге болатыны туралы сұрақтарға жауап берді.

Агротехнологиялық хабтың директоры, профессор А.П.Курдеко малдың асыл тұқымдық сапасын ерте сатыда анықтауға және тұқым қуалайтын ауруларды анықтаудың әдістеріне қатысты саулдарға тұшымды жауап берді.

Акушерия, хирургия және жануарларды өсіру биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Е.С.Үсенбеков етті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің көпшілігін толғандыратын жасанды ұрықтандыру технологиясы елімізде қалай енгізілуде деген сұраққа жауап берді.

Әсіресе, техник-ұрықтандырушыларды дайындау қалай жүргізіледі, олар қажетті құрал-жабдықтармен қалай қамтамасыз етіледі, осы мәселеге қатысты қай жерден, қандай кеңес алуға болатыны жайында кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар бронхопневмония және т. б. сияқты жануарлар төлдерінде жиі кездесетін ауруларды қалай емдеу керектігі жөнінде кеңес берді.

ҚР ҰҒА академигі, а-ш.ғ.д., профессор, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі Ә.М.Омбаев мал шаруашылығын асылдандыруды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Университеттің Бас ғалым хатшысы, профессор У.К. Керимова «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуде делдалдардың санын қысқарту бойынша мемлекеттік органдар тарапынан қандай шаралар қолданылуда?» деген сұраққа жан-жақты жауап берді. Білікті маман, сондай-ақ алдағы жылдың өніміне негізделген форвард келісім-шарттарды жасау мәселелері турасында кеңінен айтып өтті.

Ғылым департаментінің директоры, профессор Г.Н.Каирова зиянкестер мен аурулардан қорғауға қатысты сұрақтар бойынша бақшаларда жүргізілетін көктемгі-дала жұмыстарының тиімділігі туралы айтты.

Тамақ өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі кафедрасының профессоры Ә.Д. Серікбаева ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда сүт өндірісін қалай үнемді әрі тиімді ұйымдастыруға болатыны туралы ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Орман ресурстары және аңшылықтану  кафедрасының профессоры Е.Ж. Кентбаев ағаш питомнигі үшін тұқымдарды қай мезгілде және қалай дайындауға болатынын айтты.

Профессор, Ара, құс және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Ш.А.Альпеисов үй жанындағы немесе фермерлік шаруашылықтарда құстардың қандай түрлерін өсіру тиімді болатынына тоқталды.

Агротехнологиялық хаб директорының орынбасары С.К.Жантасов жылыжай шаруашылығының дамуы туралы айтып берді: жылыжайда қандай дақылдарды өсіру тиімді, жылыжайдағы зиянкестермен қалай күресу керектігі жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.

«Агроинновация және экология» ҒЗИ директоры, профессор С.Қ.Қалдыбаев топырақ сапасын анықтау бойынша сұрақтарға жауап берді.

Жалпы, онлайн-кеңес агроөнеркәсіптік кешенінде қордаланған бірқатар  өзекті мәселелерді қозғады.

Біз онлайн-кеңестерге қызығушылық танытып, белсенді қатысқандары үшін ауыл кәсіпкерлеріне алғыс айтамыз.

Университет ғалымдары алдағы уақытта да жүйелі түрде тікелей эфирге шығып, онлайн режимінде фермерлерге кеңес беретін болады.

Әр дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ауыл кәсіпкерлері тікелей эфирде өз сұрақтарына жауап ала алады.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының бастамасымен ұйымдастырылған сарапшылардың онлайн-кеңестері Орталықтың Instagram және Facebook парақшаларында:

https://www.facebook.com/nasec.kz

https://www.instagram.com/naseckz/

әр дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 19: 00-де өтеді.

Онлайн-кеңесімізге қосылып, өздеріңізді толғандырып жүрген сұрақтарға қатысты пайдалы ақпараттар мен нақты жауап алыңыздар!

 
ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА
Вице-президенті 
Т. И. Есполов

Ақпарат көзі: https://www.kaznau.kz/page/news/?link=kazuau_galymdary_auyl_kasipkerlerine_onlain_kenes_otkizdi_2004&lang=kz