Mon, 01/20/2020 - 17:37
Новости

 «ҰАҒБО» КеАҚ кооперация, органикалық ауыл шаруашылығы және ғылым мен бизнестің өзара қарым-қатынас жасау құралдарын енгізу саласында Қазақстан-Герман АСД-мен ынтымақтастықты жалғастырады

2020 жылдың 20 қаңтарында Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков бастаған «ҰАҒБО» КеАҚ басшылығының Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогының өкілдері Александр Барневитц (АСД жобасының жетекшісі), Александр Лысенков (АСД ұзақмерзімді сарапшысы) және Лунара Умралинова (АСД ұзақмерзімді сарапшысы) өкілдерімен кездесуі өтті.

Александр Барневитц қаңтар айында «АФК» жаңартылған консалтингтік компаниясының басшылығымен Қазақстан-Герман  аграрлық-саяси диалогының жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеп, оның мүшелері Александр Лысенков пен Лунара Умралинованы таныстырды.

Т. Рақымбеков сарапшыларды ҰАҒБО қызметімен таныстырып, Қазақстанның аграрлық саласындағы ағымдағы жағдай туралы хабардар етіп, ауыл шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етудегі аграрлық ғылымның рөлін атап өтті.

 «Біз Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогы командасының жаңа құрамымен  терең ынтымақтастық пен тығыз қатынастың орнығуына үміттіміз. Біз Германияда аграрлық ғылымның қалай қаланғанын білеміз және неміс әріптестеріміздің тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеуге ниеттіміз. Атап айтқанда, бізге Германияның кооперация саласындағы тәжірибесі, сондай-ақ АӨК қаржыландырудың тиімді тетіктерін және ғылым мен бизнестің өзара байланысын жасау құралдарын енгізу өте қызықты», - деді Төлеутай Рақымбеков.

Өз кезегінде АСД сарапшылары Қазақстанның бидайдың ірі экспорттаушысы ретіндегі маңызды рөлін атады. Бұл тұрғыда Германия Қазақстанмен органикалық ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастыққа мүдделі.

Кездесу барысында 2020 жылға арналған ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды және өткен кезеңдегі қызметінің жемісті нәтижесі атап өтілді.  

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға және АӨК саласындағы өзара серіктестікті тереңдетуге келісті.

Айта кететін жайт, Қазақстан-Герман диалогы аясындағы ынтымақтастық кезеңінде (2008 жылдан бастап) ҚР АӨК дамуына оң әсер еткен көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды.

 «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ — бұл Қазақстанның аграрлық саласының ғылыми-білім беру мекемелерінің мемлекет және бизнеспен тұрақты өзара әрекеттесуінің бірыңғай операторы, ғылыми-білім беру орталығы.

«ҰАҒБО» КеАҚ аграрлық ғылымның практикалық тиімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына жан-жақты жәрдемдесуді қамтамасыз етеді. Олардың қатарында: сұрыптардың өнімділігін арттыру үшін егін шаруашылығында инновациялық тәсілдерді енгізу, жаңа технологияларды апробациялау және енгізу үшін тәжірибе шаруашылықтарының негізінде демонстрациялық алаңдарды құру, Қазақстан Республикасының АӨК дамыту үшін отандық және шетелдік ғылыми зерттеу әзірлемелерін жасау, аграрлық саладағы ғылыми ортаны нығайту және одан әрі дамыту.