Fri, 01/17/2020 - 10:54
Новости

2020 жылдың 16 қаңтарында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков өз баяндамасында аграрлық саладағы ғылым мен білім беру ахуалы, сондай-ақ жалпы қазақстандық ауыл мен ауыл шаруашылығы жағдайына тоқталып өтті.

 

Басқарма төрағасы Қазақстандағы аграрлық ғылымның өзекті мәселесі білім беру, технологиялар трансферті және коммерцияландыру жүйесінің жоқтығы болып табылатынын атады. Осыған байланысты Т.Рақымбеков өңірлерде аудандық агроколледждер мен кәсіпкерлер палаталары базасында ауылдық ақпараттық-консультациялық пункттер (ААКО) жүйесін қалпына келтіруді ұсынды.

 

 «Бүгінде орталығымыз аграрлық ғылымды трансформациялауға кірісіп кетті. Іске асырылып жатқан шаралардың ішінде: институттардың көпшілігін университеттер құрамына беру арқылы қысқарту, үздік жеке агроқұрылымдарды тарту есебінен тәжірибелі шаруашылықтардың санын 40-қа дейін арттыру, тәжірибелік жұмыстарға жұмсалған шығындардың үлесін 40%-ға дейін арттыру, ҒЗИ-ден гөрі ғалымдарды қаржыландыруға көшу, технологияларды трансферттеу мен коммерцияландыруға бюджет қаражатын бөлу, ұжымдық пайдалану зертханаларын құру, ғылымның тәуелсіз сараптамасын енгізу, тәжірибелік шаруашылықтардың функционалын өзгерту», - деді Т.Рақымбеков.

 

Тәжірибелік шаруашылықтар ғылыми тақырыптарды, магистранттар мен докторанттардың зерттеулерін, студенттердің өндірістік тәжірибелерін және экстеншн шеңберінде сабақтарды өткізудің негізгі базасы болмақ.

Басқарма төрағасы өз сөзінде: «Біз ҒЗИ мен ЖОО-ның ғылыми-білім беру саласына енгізуге қажетті негізгі өзгерістерді ұсындық. Олар аграрлық жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялауды, ҒЗИ ғалымдарының оқытушылық қызметке уақыт үлесін 20%-ға дейін, ал жоғары оқу орындарының оқытушыларын ғылыми қызметке 30%-ға дейін арттыруды қамтиды».

«Біз ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру жұмыстарын бастадық. Ғылым Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығына өз нәтижелерін береді. Мекеме фермерлермен лицензиялық шарттар жасасады және олардан зияткерлік меншікті пайдаланғаны үшін роялти алады. Ғалымдарға роялти сомасының 30%-ы төленеді, ҒЗИ-ға 30%-ы аударылады, жаңа зерттеулер қорына 40%-ы аударылады», - деді Т. Рақымбеков.

 

Қазан айының соңында аграрлық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойылды. Атап айтқанда, ол ғылыми зерттеулерге фермерлердің шығындарын субсидиялауды қарастырады. Ол аграршылар мен ғалымдардың қызығушылығын арттырды.

«Біздің орталық зерттеу жұмыстарына фермерлермен келісімшарт жасап, ғалымдар мен ҒЗИ-дан тапсырыс орналастырып, ғылыми жұмысқа ақы төлейтін болады. Фермерлер шығындарының 80%-ына дейін субсидияланады. Зияткерлік меншік құқығы Орталыққа және ғалымға тиесілі болады және одан әрі нарықта басқа тапсырыс берушілер арасында сатылатын болады. Бұл ғылымға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді», - деді Т. Рақымбеков.

 

 «Өткен жылы Елбасы ауыл тұрғындарын шаруашылық жүргізу дағдыларына оқыту жүйесін құруды тапсырды. Біз үш деңгейлі жүйе құрудамыз: республикалық деңгейде – бұл біздің үш университет, оқу-әдістемелік орталықтар, облыстық деңгейде – ҒЗИ және тәжірибелік шаруашылықтар, аудандық деңгейде – агроколледждер, бұрынғы ауылдық ТҚУ базасы. Бұл үлкен бюджет қаражатын қажет етпейді. Барлығы 200-ден астам білім тарату орталығын құруды жоспарлап отырмыз», - деді Т. Рақымбеков.

ҰАҒБО Басқарма төрағасы аграрлық ғылымдағы кадрлар тапшылығы мәселесіне жеке тоқталып, бейінді жоғары оқу орындарының түлектері мамандық бойынша жұмыс істемейді деп ерекше атап өтті.