Шаруалардың кооперативтерге бірігіп жұмыс істеуінің тиімділігі турасында мамандар жиі мәселе көтеріп жүр. Ұжымдасып еңбек етуге күмәнмен қарап жүргендерге қарағанда, білек сыбана іске кірісіп кеткен ұжымдар қомақты табыс таба бастады. Соңғы жылдарда жұмыс тәжірибесі жайын шаруалармен бөлісіп жүрген Алматы облысы Шелек ауданының фермерлері оңтүстік астанаға ат басын тіреп, көкөніс өсіру мен баптаудағы жетістіктерімен бөлісті.
Еңбекшіқазақ ауданы Жергілікті қауымдастықтар қорының директоры Б.Елшібаева фермерлер жеткен табыс ұжымдық жұмыстың нәтижесі деп атап өтті. Ашық топырақта көкөніс дақылдарын өңдеуге арналған аумақ бүгінде екі жарым есеге артқан. Осыдан төрт жыл бұрын егістік көлемі 17 гектар болса, бүгінде көкөністер 42 гектарда өсіріледі. Фермерлер жылыжайда көкөніс өсірудің тиімділігіне де көз жеткізді. Заманауи мүмкіндіктер өнімдерді жылдың барлық мезгілінде қолжетімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Биылғы жылы фермерлер өнім түрлерін көбейтіп, көкөністерді қабылдау және сұрыптау тіректерінің жұмысын жүйеледі. «Шелек фермерлері» Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы М.Мансұровтың айтуынша, өсірілген және салқындатылған өнімдер арнайы көліктермен «Арзан» және «МЕТРО Кэш энд Керри» супермаркеттеріне жеткізіліп тұрады. Бұл қала тұрғындарын табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, фермерлер кірісін орташа есеппен 30 пайызға арттырып отыр. Кооператив мүшелері 2015 жылы 89 тонна өнім өндірсе, биылғы жылы 32 млн теңгеге 227 тонна көкөніс өткізген. Қазіргі кезде шаруашылық өнімдері көрші елдерге де экспортқа шығарыла бастады. Ал осы осы бес жыл ішінде 4 365 ауыл тұрғыны Агробизнес орталығында білімін жетілдіруге мүмкіндік алса, 120-дан астам отбасы мүшелері көкөністен пайда тауып отыр. Науқан кезінде көкөніс алқаптарында 150-ге жуық адам жұмыс істейді.
Шелек фермерлерінің бас агрономы П.Кавунов атап өткеніндей, көкөніс сапасы мен өнімділігін арттыруға байланысты жиырмадан астам жобалар мен жаңа технологиялар енгізілген. Агробизнес орталығындағы жер телімдерінде биогаз қондырғысы, күн панельдері, таспалы жылыжайлар, тамшылатып суғару, күнмен суды қыздыруға арналған сплит-жүйе сияқты бес биотенхологиялық жүйе бар. Нәтижесінде өнімділік жекелеген жағдайларда 20-дан жүз пайызға жеткен. П.Капунов сонымен бірге аймақта көкөністің барлық түрлерін өндіруге жағдай бар екендігін жеткізді. Дегенмен фермерлердің нақты бір бағытта жұмыс істеуі тиімді. Бүгінде қызанақ, баялды, бұрыш, кәді сияқты көкөністерге маманданған Шелек фермерлері алдағы уақытта да тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл жобаның жүзеге асып, жақсы нәтиже беруіне «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы қолдау көрсетіп отыр. Компанияның Сыртқы байланыстар бойынша жетекшісі Р.Заитов бағдарлама жоспарлау, дәнді себуден бастап, фермердің кіріс алғанға дейінгі шаруашылығына кәсіби бағдар беріп отырады. Ал елімізде томат, салат өнімдерімен белгілі «Цин-Каз» ЖШС бөлім басшысы М.Ерлан Шелек өңірінде өндірілген өнімдердің табиғи таза климатты өңірге тән дәмі, ерекшелігі бар екендігін жеткізді. Компания тарапынан стандартқа сай өнімдерді шығаруға фермерлер үнемі кеңестер алып отырады. Аймақтағы фермерлер жаңа технологиялық мүмкіндіктерді молынан игеретін болса, онда Қазақстанға Голландия, Америка, Қытайдан тасымалданатын өнімдерімен бәсекеге түсе алатын табиғи отандық көкөністер нарығы дамитыны анық.
Ақпарат көзі: egemen.kz