Ауыл шаруашылығын уақыт талабына сай өркендету және Қазақстан экономикасының табысты саласына айналдыру мәселесіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өніміне жаһандық сұраныс ұдайы өсіп отырғанын, осы орайда еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ауқымды жаңғырту қажеттігі атап көрсетіліп, агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңызды бағыты айқындалған болатын.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Петропавл қаласында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі бойынша өткізген кеңесте де аграрлық сектор Қазақстан экономикасының негізгі буыны екенін атап көрсетіп, еңбек өнімділігін арттыру міндетін алға қойды.
Үкімет қабылдаған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нарықта сұранысқа ие болып отырған, сондай-ақ сапасы жағынан бәсекелестікке қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы орайда мемлекеттің қаржылай қолдауының аясында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген «Агроөнеркәсіп кешенінің субъектісіне инвестиция тарту кезінде жұмсалған шығынның бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасының бар екенін агроөнеркәсіп саласының қызметкерлері мен осы саламен айналысушылар білулері керек. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қажетті капитал сомасын үнемдеу, салынған инвестициялардың ақталуына қол жеткізу, сондай-ақ басым бағыттарда инвестициялық жобаларды іске асыру аясында тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Біз мал шаруашылығы негізгі кәсібі мен күнкөрісіне айналып отырған ауыл адамдары арасында Үкімет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерді кеңінен түсіндіруге, айтуға міндеттіміз. Мал шаруашылығын дамыту мәселесін ойлағанда Қазақстанның әр өңірінің климаттық ерекшеліктері де ескерілуі керек. Малдың қай түрін қай өңірде өсірудің тиімділігі бар? Өйткені Қазақстанның солтүстігі мен шығысында алты ай қыс түсетін болса, бұл өңірлерде мал шаруашылығының қай саласы тиімді? Қысы жылылау, қары аздау орталық және оңтүстік өңірлерде малдың қай түрі пайдалы бола алады? Міне, бұл мәселелер алдағы уақытта тереңірек зерттеуді және мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа технологиялық өндірісін ұйымдастыру үшін аса қажетті жағдай деп білгеніміз абзал.
Қазір әлем бойынша органикалық таза өнімдердің тапшылығы айқын сезіліп отыр. Қазақстанда экологиялық таза мал өнімдерін өндірудің мүмкіндіктері жеткілікті. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндік бар», деп орынды атап көрсетті. Біз мұны аграрлық саланың алдына қойылған міндет деп түсінуге тиіспіз.
Осыған орай жайылым жерлерді тиімді пайдалануды ойластырып, ұйымдастыру қажет. Оны заңды тұрғыдан шешу мақсатында 2016 жылдың 20 ақпанында Парламент «Жайылымдар туралы» заң қабылдаған болатын. Бұл заң арқылы ендігі арада жайылымдарды оңтайлы пайдалану, соның ішінде жайылым алқаптарына деген тұрғындардың сұранысын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға жағдай жасау, жайылым инфрақұрылымы нысандарының жай-күйін жақсарту, жайылымдардың тозуын болдырмауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеп отыруға болады. Тек енді осы заңды пайдалана білу қажет.
Дана бабаларымыз жылдың төрт мезгілінде алдындағы малы үшін көшіп-қона жүріп жайылымды жерлерді өте тиімді пайдалана білген. Тек жайылымда жүрген мал ғана кең далада өзінің организміне қажетті шөптерді таңдап, оттай алады. Адам баласы мен жануарлар әлеміне экологияның әсері халыққа белгілі. Ал жайылымда жүрген мал адам баласы пайдаланатын мал өнімдерінің бірден-бір сүзгіші десек болады. Өйткені организмге зиян экологиялық элементтер мен заттар ең алдымен топыраққа сіңеді, одан мал азығы – шөпке әсерін тигізеді, ал жайылым шөбіндегі зиянды химиялық элементтер мал организмінде сүзіледі де жайылым малынан экологиялық таза өнім алынады.
Қазақстанда экологиялық таза мал өнімін өндіру үшін жайылым жеткілікті. Қазір жан-жануарлар мен өсімдіктердің гендік қорын сақтап қалу жаһандық өзекті мәселеге айналып келеді. Бұл жағдай болашақта адам баласының денсаулығына, тіпті тұтас адамзат тағдырына әсер ететін ғаламдық өзекті мәселеге айналып бара жатқаны жайлы дабыл да қағылуда. Біз де осы қатерге қазірден әзірленіп, жаһандық құбылысқа қарсы тұрарлықтай жағдайда болуға тиіспіз. Бұл үшін Қазақстандағы малдың асыл тұқымдарын сақтау мен қорғау және тұқымын үнемі асылдандырып отыруға мемлекеттік тұрғыдан қарау қажет.
Қазір Қазақстанда қой өсіру мал шаруашылығының негізгі саласы болып отыр. Бұл саланың болашағы зор. Өйткені Иран, тағы басқа Таяу Шығыс елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз нығайған сайын, олардың бізден қой етін сатып алуға деген сұраныстары бар екендіктері байқалып отыр. Ал елімізде қой шаруашылығы мен оның етін өндіруді жаңа сапалық деңгейге көтере алсақ, біздің өнімге баға жетпейтін болады. Қазақстанның кең байтақ жеріндегі шөл мен шөлейтті аймақтары қой шаруашылығын өркендетуге аса тиімді. Әсіресе аз шығын жұмсап, арзан әрі сапалы, шетелдік рыноктағы бағасы жоғары ет өндіруге қол жеткізуге ұмтылғанымыз жөн.
Қой шаруашылығымен дүние жүзінде 150-ден астам мемлекет айналысады. Оларда 570-тен аса қой тұқымы өсірілуде. Статистикалық мәліметтер бойынша қазір Қазақстандағы қой саны 19 миллионға жетіп отыр.
Бізде ежелден еті мол келетін құйрықты қой өсіруге айрықша көңіл бөлінгені анық. Қойдың бұл түрі негізінен жергілікті қой тұқымы саналады. Суыққа да, ыстыққа да, жауын-шашынға да төзімділігімен ерекшеленеді. Былайша айтқанда, Қазақстанның тез өзгеріп тұратын ауа райының кез келген жағдайына және қуаңшылық жылдары жайылымның құнарсыздығына, су мен жем-шөптің тапшылығына, әр жердің түрлі ерекшеліктеріне де тез бейімделеді.
Қазақстанда жергілікті кетпен құйрықты қылшық жүнді қой тұқымының өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары 20-дан аса географиялық түрі болған.
Мал шаруашылығын өркендету кезеңінде аса мән беретін маңызды жағдай – табиғаттың тепе-теңдігін сақтау. Кеңес дәуірінде Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Тіпті орталықтың қаулысы да болды. Сол қаулыны орындау мақсатында республика бойынша орасан зор күш, қаржы жұмсалды. Орта мектепті бітіретін жастарға әуелі қой шаруашылығына бару міндеттелді. Осылайша бар күшті жұмылдырғанның өзінде қой саны 36 миллионнан аспады. Бірақ кейін сол қойдың өзін сақтап қала алмадық. Бұған сол кездегі экономикалық ахуал да кері әсерін тигізді. Екінші бір ескеретін жағдай қой саны көбейген сайын жайылым құнарсызданып кетті. Ата-бабаларымыз «қойдың өзі емес, тұяғы оттайды» дегенді бекер айтпаған. Өйткені қой тұяғы тиген кез келген жер, кез келген жайылым тез тақырланып қалады.
Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін сөз еткен жағдайда қаракөл қой өсіру ісін қайта қолға алып, жандандыру қажет деп білеміз. Қаракөл қойының елтірісіне сұраныс әлемдік рынокта өсе түскенін байқауға болады. Қаракөл қойының елтірісі ғана емес, еті мен жүні, сүті де табыс көзі бола алады. Кезінде қаракөл қой шаруашылығы республикамыздың негізінен шөлді және шөлейтті аймақтарында жақсы дамыған болатын. Осыны ескере отырып, шөлді және шөлейтті жерлерімізді тиімді пайдаланып, бұл аймақтардағы халықты жұмыспен қамту мақсатында қаракөл елтірісін өндіруді қайта жандандырғанымыз абзал. Қаракөл елтірісін өндірушілермен өзіміздің Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері келісімшарт жасасып, екіжақты бірлескен кәсіпорындар аша отырып, әскери және ішкі істер қызметкерлеріне көгілдір елтіріден тігілген қажетті әскери киімдер шығару жағын ойластырған да жөн болар еді.
Мал шаруашылығының ендігі бір дамып отырған саласы – ірі қара мал шаруашылығы. Бұл сала республикамызда тың және тыңайған жерлерді игеруден соң және ірі қалалардың пайда болуы мен ондағы халық санының жедел өсуіне байланысты жетекші салаға айналды. Дүние жүзінде қазір бір мыңнан астам сиыр тұқымы болса, жалпы ірі қара саны 1,2 миллиард басты құрайды. Ірі қара малдың етті және сүтті жаңа тұқымдарын шығарудан әлемнің селекционер ғалымдары бәсекеге түскен бе деп те қаласыз. Ең жоғары өнімді сүтті және етті ірі қара тұқымдары негізінен Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде шоғырланған. Бұл елдердің ғалымдары дүние жүзіндегі малдың гендік ресурстарын сұрыптап, асыл тұқымдар шығаруда алға кетті.
Республиканың табиғаты мен климаттық және экологиялық ерекшеліктеріне сай шаруашылықтардың сұраныстарына байланысты отандық селекционер ғалымдар да ірі қара малдың 10 жаңа тұқымын шығарған еді. Алайда, республикамыздағы ірі қара тұқымын селекциялық жолмен асылдандыру жұмыстары жүргізіліп отырғанымен, өнімділігі бүгінгі сұранысты, талапты толық қанағаттандырмайды. Тіпті ірі тауарлы сүт өндіру фермаларында әр сиырдан сауылатын сүт орта есеппен алғанда жылына 4-5 мың литрден аспай отыр. Ал жергілікті жерлердегі, яғни ауылдағы халықтың қолындағы ірі қара тұқымын мүлдем жаңартып, асылдандыру қажет. Өйткені не сүт, не ет беріп жарытпай отырған, саны бар да, сапасы жоқ мал ұстау жеке шаруаға да, ірі шаруашылықтарға да тиімсіз және өнімі бәсекелестікке төтеп бере алмайды.
Соңғы жылдары жергілікті мал тұқымын асылдандыру бағытында республика бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізу қолға алына бастады. Бұл орайда мал тұқымын асылдандыру, мал ұрығын дайындау, дистрибьютерлік орталықтар ашу, асыл тұқымды малға мемлекет тарапынан көмек көрсету сияқты аса маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине бұл жақсы бастама.
Қазіргі таңда республика аудандары мен елді мекендерінде қолдан ұрықтандыру пункттері ашылуда. Енді осы жұмыстар әр елді мекенде ұйымдастырылып, тек қана жоғары өнімді асыл тұқымды бұқа ұрығы пайдаланылуы қажет.
Ауылды жерлерде тіршілік етіп жатқан халықтың алаңсыз мал өсірулеріне жағдай жасаудың бір амалы – олардың өз жеке шаруашылықтарында өндірген ет-сүт өнімдерін мемлекет тарапынан сатып алуды ұйымдастыруына тығыз байланысты. Қазіргі жағдайда ауыл адамдары өздері өндірген малдарының өнімдерін өткізе алмай қиналады. Бұл делдалдарға ғана тиімді болып отыр. Делдалдар дегеніңіз ауылдарды аралай жүріп, малды арзан бағамен сатып алады да, қымбатқа өткізеді. Бұл белгілі жағдай.
Тағы бір жай, малды ветеринарлық емдеу мен түрлі індеттердің алдын алу жұмыстары уақтылы жүргізілмейді. Бұған білікті мал мамандарының жетіспеушілігі де кері әсерін тигізіп отыр. Республикамызда түрлі мал ауруларына қарсы алдын ала егілетін вакцина, дәрі-дәрмек, сырға өндіретін кәсіпорындардың жоқтығы және уақтылы шет мемлекеттерден сатып алуына жағдай жасалмауы да орын алып келеді. Мал өнімдерінен алынған шикі заттарды, ет пен тері, жүнді заман талабына сай өңдейтін инновациялық кәсіпорындардың жоқтығы да мал шаруашылығын өркендетуге тұсау болып тұрған жайдың бірі деп қараған абзал.
Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша, алдағы үш жылда тағы да 90 миллиард теңге бөлу жайы айтылды. Ауыл қаржы тапшылығын көріп келді десек, енді осы бөлінетін қыруар қаржыны ауылды өркендетуге және ауыл шаруасын бүгінгі заман талабына сай ұйымдастыруға барынша адал ниетпен жұмсағанымыз абзал. Өйткені ауылдың мал-жанын бірге өсіріп, бірге өркендетудің кезеңі келді. Мұны әрқайсысымыз болашақ ұрпақ алдындағы парыз екенін ұғына білейік.
Аңсар МҰСАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
Ақпарат көзі: Егемен Қазақстан