Mon, 05/23/2022 - 09:54
Новости

2022 жылғы 21 мамырда Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Хатшысы Ақылбек Күрішбаев оқытушылар құрамы мен студенттермен кездеу өткізді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Балпанов және конституциялық реформалар жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ҚазҰАЗУ басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы бастамасы «Жаңа Қазақстанды» құруға арнайы бағытталғанын атап өтті. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, саяси ахуалға жаңа серпін беретін конституциялық референдум алғаш рет республикалық деңгейде өткізілмек.

«Бұл, ең алдымен, бұрынғы саяси жүйені өзгерту. Мұндай түбегейлі реформаларды жүзеге асыру үшін тек жоғарыдан өзгеріп қана қоймай, суперпрезиденттіктен бас тартып, Парламентті нығайту, билікті демократияландыру қажет. Ең бастысы, Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтық қоғамды дамыту, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу белсенділігін ынталандыруымыз қажет. Өйткені, жалпы халықтың саналы қолдауынсыз қоғамымызда демократиялық қайта құрулар мүмкін емес. «Жаңа Қазақстан» құру мәселесін жай сөзбен жеңіл айта салуға болмайды. Бұл ұғымның негізгі философиясын еліміздің әрбір азаматы терең түсініп, сезіне білуі керек. Ол үшін тек билік қана емес, қоғам өкілдері, азаматтық қоғам институттары да жаңғырып, нақты қадамдар жасауы керек», - деді сенатор А.Күрішбаев.

Сондай-ақ ол тыңдармандардың назарын Конституцияға енгізілетін өзгерістер аясындағы ең маңызды мәселенің бірі жер тағдырын шешудегі түбегейлі өзгерістерге аударды. Жер референдум арқылы бүкіл халықтың меншігіне өтетіні, және қалай жүзеге асырылатынын жан-жақты түсіндірді.

«Бұл өзгерістер Жаңа Қазақстанды құрудың негізі болады. Бұл құқықтық, саяси теңдік, тіпті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да дұрыс және әділ шешім деп есептеймін. Сондықтан жұртшылықтың, оның ішінде жастардың референдум науқанына түсіністікпен атсалысуы өте маңызды. Мен өзім де профессрмын, университетте дәріс оқимын, сіздердің араларыңызда ақылды, талантты студенттер көп екенін жақсы білемін, өздеріңізбен бірге еліміздің болашағына толық сенімдімін», - деді сенатор.

Кездесуде ҚазҰАЗУ университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері өз пікірлерімен бөлісіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи әрі маңызды оқиға болып табылатын Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасына қатысты республикалық референдумды қолдау туралы бастамасын ортаға салды.

Жиынға қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ ғылым мен білімді дамыту, жерді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және т.б. мәселелер туралы өз ойларын ортаға салып, қызу пікірталасқа қатысты.

Сөзін қорытындылай келе, сенатор Ақылбек Күрішбаев жиналғандарды референдумға белсенді қатысуға шақырып, Конституцияның ерекшеліктерін түсіндіру бойынша студенттер арасында еріктілер қозғалысын құруды ұсынды.

Жиынға қатысушылар жалпыхалықтық референдум өткізуді қолдап, дауыс беру күні жоғары белсенділік көрсететініне сенім білдірді.