Биылғы жылы Қызылорда облысында ФАО-ның қолдауы арқылы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары топырақты терең қопсыту арқылы тұзданумен күресу әдісін жасады. Тәжірибе облыстағы күріш өсіретін шаруашылықтардың бірінің базасында жүргізілді.
Шаруашылықтың күріш алқаптарының бір бөлігінде топырақ терең қопсытылды, ал екінші бөлігіндегі жер аударылиаған күйінде қалды. Тәжірибенің нәтижесі бойынша аталған технология топырақтың құнарлылығын сақтау үшін де, өнімділікті арттыру үшін де тиімділігін көрсетті.
- Қызылорда облысында күріш көптеген жылдан бері өсіріліп келеді және топырақты терең қопсыту ешқашан жүргізілмеген, - деді Бақытжан Дүйсембеков, ҚазҰҒЗИ бас директоры. - Осыған байланысты 35 сантиметр тереңдікте қатқан қабат пайда болған. Бұл күзде күріш өсірушілерге кедергі келтіреді. Осы кезде су күрішті алқаптардан ағып, топырақ құрғап, егін жинау басталуы керек. Алайда, су ағып кетпейді, себебі жердің астындағы қатқан топырақтың үстінде тұрып қалады. Егістіктің беті құрғақ болып көрінгенмен, сәл тереңірек батпақ болады. Нәтижесінде, комбайндар бұл алқапқа кіре алмайды, бұл егін жинаудың басталуын кешіктіріп, өнімнің ысырап болуына әкеліп соқтырады.
Сонымен қатар, тұрып қалған су топырақта тұзды жинайды. Бұл фактор дақылдардың өнімділігінің төмендеуіне де әкеледі.
Жасалған тәжірибелердің бірінде ҚарҒЗИ мамандары топырақтың тұзын өлшеді. Терең қопсыту жүргізілген жерлерде өңделмеген алқаптармен салыстырғанда тұздылықтың үш есе азаюы байқалды.
«Өсімдіктердің өсуіндегі айырмашылық өте айқын көрінеді», - деп ойын айтты Бақытжан Дүйсембеков. – Топырағы қопсытылған алқапта өнім жақсы шықты, өсімдік ұзарып, биомассасы жақсы болып, өңделмеген учаскелердегімен салыстырғанда екі есе ауыр жеміс берді.
Тәжірибе жүргізілген шаруашылықтың егіс алқабында ФАО-ның қолдауымен барлық күріш өсірушілерге арналған семинар ұйымдастырылды. Мамандар бұдан кейін аталған технологияларды енгізу қажеттілігін барлық фермерлер жақсы түсінді деп үміттенеді.
Ақпарат көзі: https://eldala.kz/kz/novosti/selhoztekhnika/3008-kazniir-i-fao-pokazali-fermeram-preimushchestva-ryhleniya-pochvy