Wed, 09/09/2020 - 19:28
Новости

Соңғы жылдары Қызылорда жерінде күріштің Сыр Сұлуы, АйКерім сорттары шығарылып, өндіріске ендірілуде. Биыл Сыр сұлуы 875 га жерге орналастырылған болса, келесі жылы бұл өнімнен 17-18 мың га алқапты қамти алатындай тұқым қоры бар. Яғни, облыста күріштің егілетін алқаптарын біртіндеп қысқартып және оларды 70-75 мың гектар деңгейінде тұрақтандырған жағдайда, отандық Сыр Сұлуы сортының аумағы 60% құрайтын болады.

Облыста көкөніс-бақша, картоп дақылдарының маңызы ерекше. Осы бағытта қауынның Сырдария, Дәмелі, Ната, Балшекер, Ливера сорттары шығарылып, аудандастырылды. Бұл сорттар дәмділігімен, жоғары қанттылығымен (14-15%), сақталғыштығымен ерекшеленеді. Картоптың жергілікті Бірлік сорты әр гектардан 20-22 тоннаға дейін өнім беріп, ұзақ сақталғыштығымен сипатталады. Сондай-ақ картоп, асқабақ, қияр, қызанақ дақылдарының агроэкологиялық сортсынақтары жүргізіліп өндірушілерге өнімді және тиімді сорттары ұсынылуда.

Аймақтың жер, су ресурстарын тиімді пайдаланып АӨК саласының өнімділігі 3-4 есе көтеру өте күрделі мәселе және жасыл экономика концепциясына сай институт ғалымдары су және ресурс үнемдегіш технологияларды зерттеп ұсынымдар дайындауда.

Биыл Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен 5 жоба жүзеге асырылуда. Инновациялық әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып бір жылда екі өнім алу, отандық картоп сорттарын өндіріске енгізу, топырақты терең өңдеу технологиясын қолдану жобалары жүргізілуде. Сонымен қатар, институт ғалымдарының жетекшілігімен биылғы жылы SMEC (ПУИД-2) және FAO жобалары іске асырылуда.