Sat, 07/21/2018 - 09:51
Новости

Жиынды ашқан ҚР Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының президенті Қалиев Ғани Әлімұлы қонақтарды қарсы ала отырып, Қазақстанның ЕЭО жағдайындағы агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін талқылап, ЕЭО елдерінің аграрлық саласындағы ортақ принциптерді сараптау, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту туралы сөз сөйледі.

Кезекті сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университеттің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов Исабайұлы Қазақстандағы аграрлық білім мен ғылымды дамытудың инновациялық тәсілдері, ауылшаруашылық ғылымы мен өндірісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Беларусь ҰҒА экономика институтының директоры Валерии Бельский агроөнеркәсіптік саясат жөнінде баяндама жасады. «Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясын құру кезінде келісілген бірыңғай агроөнеркәсіптік саясаттың бағытын анықтау мәселесі көтерілген болатын. Мұнда Қазақстанның рөлін ерекше атап өту қажет. Қазақстан агроөнеркәсіптік саясат тұжырымдамасын дайындауды ұсынды. Бұл тұжырымдама бізге агроөнеркәсіп саласындағы бағытымызды анықтауға мүмкіндік берген жоғары дейңгейдегі ең алғашқы құжат болып табылады. Құжатта әріптестіктің сегіз негізгі бағыты айқындалған.

Біз осы жағдайда бірыңғай агроөнеркәсіптік саясат бағыттарын жетілдіру ұсыныстары бойынша алға ұмтылуымыз керек», – деді доцент Валерии Бельский. Украина «Аграрлық экономика институты» Ұлттық ғылыми орталығының кеңесшісі Петр Саблук Украинадағы аграрлық сала қалыптасуының өркениетті идеясы туралы баяндады: «Біз аграрлық кешенді дамыту бойынша ұсыныстар жасадық. Осы ұсыныстардың бірнеше нұсқасын сіздерге әкеліп отырмын. Аталған әдістемелерде кіріс мөлшері көрсеткіштерін ескеру және аудандардағы көрсеткіштер сәйкестігін тексеру ұсынылған. Сондай-ақ, ұсыныстар агроөнеркәсіп кешеннің дамуына едәуір септігін тигізеді. Осы ұсыныстар арқылы адамдар қандай жетістіктерге жетті және әлі қандай жұмыстар атқару керектігін біле алады». «Бір стратегтің айтуынша, «Егер сіз мұнай бағасын басқарсаңыз, сіз мемлекетті басқарасыз. Ал егер сіз тағам бағасын басқарсаңыз, сіз халықтың мінез-құлқын басқарасыз»», – деп баяндамасын бастаған А.А.Никонов атындағы Бүкілресейлік аграрлық проблемалар және информатика институтының директоры Александр Петриков Ресей аграрлық саясатының басымдықтары және ауыл шаруашылығының даму бағыттарына тоқталып өтті.

Университет ғалымдары өз білімдерімен, жинақтаған тәжірибелерімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өндіріске енгізілгеннен кейінгі нәтижелерімен бөлісті. Жиында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция нәтижелері бойынша тараптардың бірлесіп жүзеге асыратын нақты іс-шаралары белгіленіп, резолюция қабылданды.

«ҰАҒБО» КеАҚ баспасөз қызметі
тел. 8(7172)-72-86-73
E-mail: 133@nanoc.kz